Қарасай ауданында әр жылдың соңында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын түбегейлі жақсартуға, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және инженерлік-инфрақұрылымын заман талабына сай дамытуға бағытталған кешенді даму жоспары түзіліп, келер жылдың басты бағдары айқындалады. Әлбетте, бұл жоспар құрғақ сандар мен ресми есептерден емес, ең алдымен жергілікті тұрғындардың күнделікті өмірінде кездесетін нақты қажеттіліктерінен, түйткілді мәселелері мен ашық айтылған ұсыныс-тілектерінен құралады.
Бұл бағытта жыл бойы аудан әкімі Жасұлан Естенов бекітілген арнайы кестеге сәйкес Қаскелең қаласы мен барлық ауылдық округтерді аралап, тұрғындармен тұрақты түрде ашық диалог форматында кездесулер өткізіп келеді. Мұндай жиындарда бір жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарға есеп беріліп қана қоймай, жергілікті жұртшылықты толғандырған ең өткір, кезек күттірмейтін түйткілді мәселелер ашық талқыланады. Әрбір тұрғынның арыз-шағымы, тілегі мен ұсынысы хаттамаға енгізіліп, жеке зерделенеді.
Жиын барысында көтерілген мәселелер күрделілігіне, маңыздылығына және орындалу мерзіміне қарай жүйелі түрде шешімін табады. Яғни, ағымдағы жылы өз шешімін табуға толық мүмкіндігі бар шаруалар бойынша округ әкімдері мен тиісті дербес бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тікелей бақылауға алынады. Ал қаржы көлемі қомақты немесе шешілуі кешенді жобалау-жоспарлау жұмыстарын талап ететін күрделі мәселелер келер жылғы ауданды дамытудың басым бағыттарына енгізіледі.
Нәтижесінде, бүгінгі таңда аудандағы барлық округте түрлі деңгейдегі ауқымды жұмыстар қарқынды жүргізіліп, тұрғындар көтерген әлеуметтік, инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер кезең-кезеңімен оң шешімін табуда. Халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асатын билік пен белсенді жұртшылықтың өзара үйлесімді іс-қимылы мен серіктестігі өңірдің өсіп-өркендеуіне, тұрақты дамуына кең жол ашуда.
Газетіміздің осы нөмірінде біз аудан әкімінің берген тапсырмалары мен жүктемелері әрбір ауылдық округ пен елді мекендерде іс жүзінде қалай орындалып жатқанына кеңінен тоқталып, нақты мысалдар мен атқарылған жұмыстардың аралық қорытындыларына жан-жақты шолу жасауды ұйғардық.
Жібек жолы ауылдық округі
Қарасай ауданындағы халық тығыз орналасқан ірі округтердің бірі – Жібек жолы ауылдық округінде жылдар бойы кордаланып, шешімін күткен түйткілдер аз емес еді. Десе де жүйелі де белсенді жұмыстың арқасында ағымдағы жылы халық көтерген сауалдардың біразы оң шешімін тауып келеді.
Мәселен, аудан әкімі Жасұлан Естеновтің Жібек жолы ауылдық округі тұрғындарымен өткізген есептік кездесуінде Көлащы ауылының жұртшылығы Жанқожа батыр мен С. Аронұлы көшелерін жөндеу мәселесін көтерген болатын. Аталған өтініш тез арада назарға алынып, толықтай орындалды және сапалы жол инфрақұрылымы қайта ретке келтірілді. Бұл жергілікті халықтың жүріп-тұруын жеңілдетіп қана қоймай, орталық көшелердегі көлік кептелісін сейілтуге зор ықпал етті. Сондай-ақ Жібек жолы ауылының кіреберісіндегі облыстық маңызы бар жол бойында орналасқан жаңа құрылыс аумағына заманауи түнгі жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Жарықтандырудың іске қосылуы кешкі және түнгі уақытта жол белгілері мен жаяу жүргіншілердің анық көрінуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың, соның ішінде оқушылардың мектепке барып-қайту қауіпсіздігін айтарлықтай арттырды.
Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай жергілікті халық майдангерлердің өнегелі есімін ұлықтау, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жөнінде салауатты ұсыныс білдірген еді. Бұл бастама аясында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, ономастикалық комиссияның шешімімен төрт көшеге ардагерлердің есімі берілді. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылындағы көшеге – Бексұлтан Жабаевтың, Көлащы ауылындағы көшеге – Нұрлан Сүлейменовтің, ал Тұрар ауылындағы екі көшеге Сейсен Тұяқбаев пен Елубай Қозыбақовтың есімдері берілді. Жаңа атаулар жазылған арнайы аншлагтар орнатылып, ардагерлердің ұрпақтары мен ауыл ақсақалдарының қатысуымен салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Тұрғындар тарапынан ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеу көрмей, жарамсыз күйге түскен Ә. Молдағұлова мен Әйтеке би көшелерінің жағдайына қатысты да орынды шағымдар түскен болатын. Ағымдағы жылы бұл мәселе де оң шешімін тауып, қос көшеге толықтай сапалы асфальт жабындысы төселіп, жөндеу жұмыстары аяқталды.
Ауылдың мәдени-әлеуметтік тынысын арттыруда да айтарлықтай ілгерілеу бар. Биыл Жібек жолы ауылында 200 орындық жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Заманауи архитектуралық үлгіде салынған нысанда көрермендер залы, дыбыстық техникамен жабдықталған сахна және өнерлі жастар мен балаларға арналған түрлі шығармашылық үйірме бөлмелері қарастырылған. Енді мұнда әртүрлі концерттер, театрландырылған қойылымдар, рухани кештер мен мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға қызмет етуде.
Әйтей ауылдық округі
Әйтей ауылдық округінде де соңғы уақытта тұрғындардың сұранысы мен талабына сәйкес біршама оң өзгерістер орын алды. Өткен аудан әкімінің кездесулерінде жиі көтерілген денсаулық сақтау және медициналық мекеме тапшылығы мәселесі өз шешімін тапты. Үштерек ауылында бұрынғы тозығы жеткен фельдшерлік-акушерлік пункттің орнына ауысымына 50 келушіні толық қабылдай алатын заманауи бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ашылды. Жаңа нысан соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен және қашықтан цифрлық медициналық қызмет көрсету мүмкіндігімен қамтамасыз етілген.
Орталықтың басты ерекшелігі – кіреберіс фойеде жасанды интеллект жүйесімен жұмыс істейтін арнайы интерактивті мониторлар орнатылған. Келушілер тиісті ЖСН енгізу арқылы электронды кезектен өтіп, қажетті дәрігердің кабинетіне автоматты түрде бағытталады.
Кең әрі жарық ғимаратта заманауи тіркеу үстелі, стерилизация бөлмесі, физиотерапия, зертханалық тексеру, ерлер мен әйелдерге арналған жеке тексеру бөлмелері, сондай-ақ жалпы тәжірибелік және бейінді мамандардың кабинеттері орналасқан. Акушер-гинеколог кабинетінің жанында балалардың физиологиялық дамуы мен ерте араласу орталығы арнайы қарастырылған.
Мұнымен қоса, жоспарлы вакцинация, тіс дәрігері (стоматология), балалық шақ ауруларын кешенді басқару, саламатты өмір салтын қалыптастыру және созылмалы ауруларды басқару бағдарламаларына арналған арнайы жабдықталған бөлмелер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде.
Округте медициналық саланы жақсартудан бөлек, аудан әкімінің берген тапсырмасымен ауыл шаруашылығы жануарларының саулығын бақылау мақсатында жаңа модульдік-ветеринариялық пункт салынып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ округте тұрғындар мен жастардың мәдени-рухани демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 орындық жаңа Мәдениет үйінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Әйтейге қарасты Сауыншы ауылын табиғи газбен толық қамтамасыз ету жұмыстары да соңғы мәресіне жетіп қалды. Бұл елді мекен аудандағы газдандырылмаған соңғы ауылдардың бірі болғандықтан, тиісті сала мамандарының тұрақты бақылауында тұр. Бүгінде негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, жалпы ұзындығы 15 шақырым 600 метр болатын газ құбыры жүргізілді. Қазіргі уақытта оны ресми түрде пайдалануға қабылдау және сынақтан өткізу рәсімдері жүзеге асырылуда.
Ауыл ішіндегі жол-көлік инфрақұрылымы мен түнгі жарықтандыру жүйесі де кезең-кезеңімен жаңартылуда. Атап айтқанда, Аңырақай мен Жұмбақ көшелеріне жалпы ауданы 1000 шаршы метр сапалы асфальт жабындысы төселді. Осындай ауқымды жұмыс Құмаралдағы Кеңдала көшесінде жүргізіліп, қосымша түнгі жарық шамдары орнатылды. Энергияны үнемдейтін заманауи жарық диодты шамдар Қосынов пен Ақмешіт көшелерінің бойына да қойылды. Үштерек ауылындағы Үшбұлақ көшесі толық асфальтталып, Желдісай көшесінің 350 шаршы метріне асфальт төселіп, жаңбыр мен қар суын ағызатын арық жүйесі қайта жүргізілді. Ал Сауыншы ауылындағы Гүлдала көшесіне тегістеу жұмыстары жасалып, шағыл тас төселді.
Бірінші Май ауылдық округі
Бірінші Май ауылдық округінде де халықтың тұрмыс сапасы мен әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері округтегі жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, электр желілерін модернизациялау және қоғамдық көлік қатынасын тиімді ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, көлік қозғалысын жеңілдету және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі көшеге жалпы ұзындығы 1 километр 870 метр асфальт жабындысы төселді. Оның ішінде Бәрібаев көшесінің 850 метріне және Жаңағасыр көшесінің 1 километр 20 метріне асфальт салынса, Көктөбе көшесінің 1,4 километр бөлігіне шағыл тас төсеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тұрғындардың түнгі уақыттағы қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін Шалқар, Майбұлақ, Абай және Атамекен көшелеріне заманауи сыртқы жарықтандыру жүйелері тартылып, іске қосылды.
Сонымен қатар округ тұрғындарының Алматы қаласының орталығына қатынауын жеңілдету, жол ақысын азайту мақсатында «Қайнар ауылы – Алматы қаласы («Бауыржан Момышұлы» метро бекеті)» бағыты бойынша №244 жаңа қоғамдық автобус маршруты іске қосылды. Бұл шешім халықтың, әсіресе студенттер мен жұмысшылардың қоғамдық көлікке деген қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.
Елді мекендерді тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында да елеулі оң өзгерістер бар. Бекболат ауылының Майбұлақ көшесінде орналасқан жекеменшік электр қосалқы стансасы мен тозығы жеткен желілері мемлекеттік бақылауға алынып, «АЖК» АҚ теңгеріміне берілді. Бұдан бөлек, Жетісу, Шалқар, Достық, Ынтымақ, Алатау, Жайлау және Ақжайық көшелеріндегі электр бағаналары толық жаңартылып, кернеуді тұрақтандыратын алты жаңа подстанция пайдалануға берілді.
Жалпы алғанда, бұл кешенді шаралар ауылдық округтің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын нығайтуға және тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға зор үлес қосуда.
Жандосов ауылдық округі
Негізгі жылдық жоспарда көзделген ағымдағы міндеттерден бөлек, сәуір айында өткен аудан әкімінің есептік кездесуінде де жергілікті тұрғындар тарапынан бірқатар маңызды, әлеуметтік мәселелер көтерілген болатын.
Атап айтқанда, Жандосов ауылының тұрғындары Сүйінбай мен Төле би көшелеріне жарық бағаналарын орнатуды сұраған еді. Осыған орай, аудан басшысының тікелей тапсырмасымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тиісті аумаққа кешенді тексеру жүргізіп, қажетті монтаждау жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде аталған көшелердегі сыртқы жарық жүйесі толықтай іске қосылды.
Сонымен қатар тұрғындар Қарлығаш ықшам ауданындағы орта мектебі мен Қайрат ауылы аралығында қатынайтын № 2а автобус бағытын Жандосов ауылына дейін ұзартуды өтінген болатын. Бұл сұранысты жүзеге асыру үшін жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, қоғамдық көлік бағыты тағы бір елді мекенмен толығып, ішкі аялдамалар саны арта түсті.
Енді автобустар тек Қайрат ауылымен шектелмей, тасжол бойымен Жандосов ауылына дейін қатынайды әрі жергілікті әкімдік пен «Орынбет» мешітінің маңайына тоқтайды. Сонымен бірге бағыттағы автобустар саны 6-дан 8-ге дейін көбейіп, қозғалыс аралығы 30 минуттан 17 минутқа дейін қысқартылды, бұл жолаушылар ағынын реттеуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек қазіргі уақытта Жандосов ауылында тұрғындардың сұранысымен жаңа Мәдениет үйі мен заманауи мектептің, ал Шалқар ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ ішкі көшелерді асфальттау және халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстар да өз жалғасын табуда.
Шамалған ауылдық округі
Шамалған ауылында да тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сұраныстары жан-жақты ескеріліп, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жоспарлы түрде атқарылуда. Атап айтқанда, кезекті есептік жиында тұрғындар округтегі Шалкөде және Бөгенбай батыр көшелеріне жарықтандыру жүргізу жөнінде ұсыныс білдірген еді.
Тұрғындардың бұл өтініші дереу назарға алынып, ағымдағы жылы аталған көшелерге сапалы жарықтандыру жүйелері орнатылды. Атап айтқанда, Шалкөде көшесінде – 590 метр, Бөгенбай батыр көшесінде – 1060 метр қашықтық жарықтандырылды.
Көше жарығының жүргізілуі тұрғындардың қауіпсіздігі мен еркін жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта жаяу жүргіншілер мен автокөліктер үшін қауіпсіздікті арттырып, ауылдың жалпы сәулеттік көркін жақсартуға оң әсерін тигізді.
Жалпы Шамалған ауылдық округінде аудан әкімі өткізетін есептік жиындарда тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тек сөз жүзінде қалмай, кезең-кезеңімен оң шешімін тауып, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.
Шамалған ауылдық округінде алдағы уақытта да халықтың ұсыныстары мен арыз-шағымдарын ескере отырып, елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту, аббаттандыру және халыққа жайлы орта қалыптастыру бағытындағы қарқынды жұмыстар тоқтаусыз жалғасатын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

