Осы аптаның алғашқы күні Қарасай ауданының аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға қарсы тұруға және қорғаныс қабілетті нығайтуға бағытталған әскери тактикалық арнайы оқу-жаттығу басталды. Бұл шара ҚР Қорғаныс министрлігінің «99220» әскери бөлімімен бірлесіп, Алматы облысы әкімдігі мен аумақтық қорғаныс бригадасының жұмылдыру дайындығы бойынша 18-27 мамыр аралағына жоспарланған.
Аталған әскери жиынның алғашқы топтық басқосуы аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Мұнда Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Әбдіқалықов азаматтарға әскери оқу-жаттығудың негізгі ережелері мен талаптарын түсіндірді. Ерлан Төлеуғалиұлы өз сөзінде тактикалық арнайы оқу-жаттығудың жауапкершілігі жоғары екенін ескертіп, әскердегідей барлығы тәртіпке сай қатаң бақылауда болатынын түсіндірді. Сондай-ақ жаттығу барысында жігіттердің әскери белсенділігі бағаланып, іс-қимылы, шапшаңдығы, назарға алынатынын жеткізді.
Әскери ережелер түсіндірілгеннен кейін ерлеріміз тактикалық жиын өтетін Қаскелеңнің жоғары трассасында орналасқан «Nur-Aman» спорт кешеніне барып, оқу-жаттығудың ресми ашылуына қатысты.
Салтанатты шарада алдымен Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сөз сөйлеп, тактикалық арнайы оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, жігіттердің мұнда әскери тұрғыда шыңдалуы аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті тұрақты етуге едәуір ықпал етеді. Сондықтан оларға артылар сенім мен үміт әрдайым жоғары.
Сонымен қатар құттықтау сөз кезегі полковник мырзаларға да беріліп, Алматы облысы әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Мақсат Тастанов пен Десанттық-шабуылдаушы әскерлері штабының аумақтық қорғаныс бөлім бастығы Зойдбой Шонбов азаматтардың ерік-жігеріне қатысты және әскери жиынның ұйымдастырылуы бекерден-бекер емес екенін атап өтіп, қарасайлық жігіттерге сәттілік тіледі.
Осыдан кейін әскери міндеттілерге Алматы облысының аумақтық қорғаныс бригадасының өкілдері оқу-жаттығудың басты ережелерін және міндеттерін түсіндірді.
Ал қарасайлық ерлердің 10 күн бойы қалай шыңдалатыны жайлы оқу-жаттығуға жауаптылардың бірі, Алматы облысының аумақты қорғаныс бригадасы командирінің орынбасары Берік Елікбаев түсіндірді. Подполковниктің айтуынша, Алматы облыстық қорғаныс бригадасының жұмылдыру дайындығы бойынша облысқа қарасты аудандардың ішінде жыл сайын екеуінде осындай оқу-жаттығу өткізу жоспарланған.
– Бұл әскери тактикалық арнайы оқу-жаттығудың мақсаты – әскери міндетті азаматтарды аудан аумағында ойда-жоқта төтенше жағдай орын алғанда оған қарсы жедел әрекет етуге үйрету. Сондай-ақ маңызды нысандарды қорғауға бағыттау. Одан бөлек қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге қатысты тактикалық амалдарды шыңдау.
Оқу-жаттығу барысында мұндағы азаматтар қару асынып, оны атуға машықтанады, саптық және дене дайындықтарынан өтеді, сонымен қатар аудан аумағындағы белгілі бір нысанды қорғау кезінде тактикалық әрекет етуді үйренеді. Тағы бір айта кетерлігі, әскери міндеттілерді сергіту мақсатында демалыс күндері спорттық шаралар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалар ұсынылады, – деді подполковник Берік Елікбаев.
Әскери жиынның бірінші күнінде ер азаматтар бір қатарда сап түзеп, киім-кешектерін түгендеп, алғашқы жаттығуларын жасады. Ал екінші күні қару-жарақтарды жинаумен және оны қолдану тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ дәл осы күні 16 қарасайлық азамат әскери ант қабылдап, Отан алдындағы жауапкершілік пен адалдыққа серттесті.
Айта кетейік, тактикалық арнайы оқу-жаттығуға Қарасай ауданының аумақтық қорғаныс бригадасының 158 әскери міндеттісі қатысуда. Оның ішінде 16 запастағы офицер, 32 запастағы сержант және 110 запастағы сарбаз бар.
Әскери оқу-жаттығу алдағы 10 күнге жоспарланғандықтан, аудан тұрғындарынан ешқандай үрейге салынбай, алаңдамауларын сұраймыз. Сондай-ақ жалған ақпараттың жетегіне ермей, тек уәкілетті құзырлы органдар арқылы ресми деректерге сенуге шақырамыз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

