Осыдан 38 жыл бұрын аңығырақ айтқанда, 1986 жылы сәуірдің 26-сында Украинадағы Чернобыль атом электрстансасында алапат апат орын алды. Оның салдарынан Еуропаның 10-нан аса мемлекетінің 145 мың шаршы шақырым жері радиоактивті заттар, соның ішінде уран изотопы, плутоний, иод-131, цезий-134, цезий-137, стронций-90 қоршаған ортаға таралып, миллиондаған адам зардап шекті. Бұл оқиға дүниежүзіндегі атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жарылыстың бірі атанып, тіпті, Хиросима мен Нагасаки қасіретінен де асып түсті. Ядролық оқиғалардың халықаралық межесі бойынша, оған қауіптіліктің ең жоғарғы – жетінші деңгейі берілді. Украина, Ресей, Белорусия елдерінің бірқатар аймақтары радиоактивтік ластануға ұшырап, сан мыңдаған адам қауіпсіз жерлерге көшірілді.
1986-1992 жылдар аралығында жарылыс зардабын жоюға жан-жақтан 800 мыңдай адам жіберілген, оның отыз екі мыңы қазақстандық еді. Соның ішінде біздің ауданымыздан 50-ден астам азамат барып, апат болған аймақты залалсыздандыруға атсалысты. Апатты залалсыздандыру кезінде алған радиация салдары жауынгерлердің өмірі мен денсаулығына әсер етпей қоймайтыны анық. Сондықтан да бүгінде ауданымызда тұрып жатқан ардагерлердің көпшілігі – денсаулықтарынан айырылған бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Жаһанды дүр сілкіндірген жарылыстың болғанына бірталай уақыт өтсе де, бүгінде сол кездері көмекке барған азаматтар әлі күнге дейін жылда бас қосып, сол оқиғаны естеріне алады. Сондай-ақ жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, кез-келген соғыстың, апаттың еш жақсылығы жоқ екенін түсіндіріп, әркезде бейбіт өмірге талпыну керектігін айтып, өздерінің өмір жолдарында жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады.
Айта кетейік, жалпы бүгінде Қарасай ауданында Чернобыль апатының зардабын тартқан 50-ден астам азамат тұрып жатыр. Оның біразы – басқа ауданнан көшіп келгендер. Оларға жылда әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Мәселен биыл бюджеттен 10,5 млн. теңге бөлініп, құжатты толық тіркеген 57 ардагерге 184 600 теңгеден жәрдемақы төленді. Ал осы күнге жетпей, қайтыс болған ардагерлердің ақшасы олардың әйелдеріне, отбасына беріледі. Бұған қоса ауданда мүгедектік куәлігі бар азаматтарды емдеу-сауықтыру орталықтарына тегін жіберу ісі де қарастырылған.
Жалпы айтқанда ауданымызда Чернобыль апатының зардабын шеккендерге заңға сәйкес барынша әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қарасайлық Чернобыль ардагерлеріне 10,5 млн теңге жәрдемақы төленді
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Общество » Қарасайлық Чернобыль ардагерлеріне 10,5 млн теңге жәрдемақы төленді