Тарихтың өзегі – деректер. Шынайы тарихты жазу үшін соларды зерттеуден бастау керек. Ал осындай деректердің бірін мерзімді басылымдар құрайды. Себебі қоғамда болып жатқан оқиғаларды дер кезінде көпшілікке жеткізу қызметін атқаратын газет-журналдар уақыт өте келе өз заманынан құнды мағлұматтар беретін дереккөзіне айналады. Қоғамдағы ақпарат құралдарының түрлері дамып, күннен-күнге олардың рөлі артып келеді. Дегенмен мерзімді басылымдар маңызы әрі рөлі әрқашан жоғары. «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі…», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мерзімді басылымдар, оның ішінде жергілікті басылымдар – белгілі бір өңірдің шынайы бейнесі, маңызды ақпарат көзі. Солардың бірі болып табылатын «Naqty» газеті Қарасай ауданының тарихы үшін құнды дереккөз болып табылады.

«Naqty» аудандық газетінің тарихы 1933 жылғы қыркүйек айынан басталды. Деректерге сүйенсек, алғашқыда «В бой за социализм» деген атаумен шыққан. Одан кейін газет атауы бірнеше рет өзгерген. Атап айтсақ, «Социалды майдан», «Социалистік майдан, «Социалистік еңбек», «Коммунизм үшін», «Ленин туы» деген атаумен оқырмандарға жол тартты. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылғы қаңтардан бастап 2021 жылдың соңына дейін «Заман жаршысы» деген атаумен тарихын қалыптастырды. Ал 2022 жылдың алғашқы айынан бастап, күні бүгінге дейін «Naqty» деген атаумен жұмысын жаңаша бағытта жалғастырып келеді. Бұл басылымның алғашқы редакторы 1933 жылдан бастап Исыксон есімді адам болған. Бірақ аудандық газеттің атаулары сияқты оның редакторлары да жиі ауысып тұрған. Ж.Сасықбаев, С.Ашықұлы, Мағзұм Әбдірахманов, Молдабек Саламатов, Әбдібек Әлиев, Көптілеу Ержанов, Үсенбай Тастанбеков, Әукен Жайлаубеков, И. М. Тарнов, В. И. Данилюк, Д. А. Зенков, С. Т. Волков, Ш. Садықанұлы, Ө. Құбиев газетті басқару ісінде білікті басшылығын көрсете білген. 2014 жылдан бері газетті Атлана Исаева басқарып келеді.
Мерзімді басылымдардың қызметі күнделікті болып жатқан оқиғаларды халыққа дереу жеткізу, талқыға салу болып табылады. Ал газет беттеріндегі хабарлама, мақалалар уақыт өте дерекке айналады. Сондықтан 90 жылдық тарихы бар ауданымыздың газетінің беттерінен бүгінгі Қарасай ауданындағы және аудан маңындағы ауылдар туралы тың деректер алуға болады.
Аудандық «Naqty» газетінің мазмұнына деректанулық талдау жасай отырып, оның жарыққа шыққан уақытына, яғни хронологиясына қарай, екі кезеңге бөліп қарастыруға болады: 1)Кеңестік Қазақстан; 2)Тәуелсіз Қазақстан.
1958 жылғы «Коммунизм үшін» деген атаумен жарық көрген газет беттерінде жарияланған ақпараттар бойынша «Тың игеру» жылдары Қаскелең ауданы қызылша, жүгері, картоп егумен айналысқандығы туралы мәлімет алуға болады. Мәселен, сол кезеңде Қаскелең ауданында күз мезгілінде егіндіктен бір айда екі рет өнім алғандығы туралы мәліметтер жарияланған. Статистикалық мәліметтерге қарасақ, қант қызылшасын өндіру шаруашылығы бойынша алдыңғы орында КИЗ (қазіргі Алмалыбақ ауылы) 1-орыннан түспеген, ал соңғы қатардан «Қаскелең қой» совхозы жиі көрінеді.
Бірақ басқа мақалалармен танысу барысында «Қаскелең қой» совхозы дегеніміз бүгінгі күнгі Қаскелең қаласы емес екендігі туралы тың деректі анықтадық. «Қаскелең қой» совхозы 1954 жылы Қазан революциясының 41-жылдық мерейтойының құрметіне тың игеру мақсатында құрылған. Бұл –бүгінгі күнгі Алматы облысы, Іле ауданына қарасты «Междуреченск» совхозы. Ал ол 2024 жылдан бастап Ақсай ауылдық округі деп аталады. Ауыл Қаскелең өзенінің бойында орналасқандықтан «Қаскелең» совхозы аталған.
Газеттің 1958 жылғы 12 желтоқсанындағы санынан Қарасай ауданындағы қазіргі Тұрар ауылының Әбіжан Байсалбаев атындағы орта мектептің тарихы туралы дерек таптым. Мақала мектептің ашылғанына 40 жыл толу мерейтойына байланысты жарияланған. Мақаланың авторы – осы мектептің мұғалімі Бедел Тұрсынбаев. Автор мақаланы осы мектептің негізін қалаған бас ұстаз Әбіжан Байсалбаевпен сұхбаттаса отырып жазған. 1918 жылы «бірінші басқыш түрік мектебі» деп аталған бастауыш мектеп, кейін өзгеріп 1935 жылға дейін 9 жылдық, содан 1958 жылға дейін жеті жылдық болған. 1938 жылдан бері С.М.Киров есімімен аталған. 1918 жылы мектеп алғашқыда Верный (Алматы) уезінің Жайылмыс болысында мешіттің ғимаратында ашылған. Бірақ көшпелі ауылдар арасында ашылған бұл мектеп талай қиыншылықтарды кездестірген. Соның бірі – қазақ ауылдарының маусымдық көшуі. Бұл мәселені шешу үшін мұғалімдердің тапқырлығымен 20 шақты киіз үйден көшпелі мектеп ашқан. Аталған білім ошағының іргесінде республикамызға еңбегі сіңген Р.Байжарасов, Н.Бердықұлов, Б.Қосуынов және ауданымыздың қоғам қайраткерлері – М.Саламатов, Қ.Ұябаев, С.Сарғасқаев, Б.Жүсіпов, Қ.Рақымов, А.Айнабеков, М.Досжанов, І.Күртібаев, Б.Жолдыбаева сынды тұлғалар білім алған. 1992 жылы мектептің тарихи әділдігі қалпына келтіріліп, оған негізін қалаушы Әбіжан Байсалбаевтың есімі ресми түрде берілді.
«Оқырман хаты» немесе кейде «Редакцияға хат» деп аталатын айдардан аудан тұрғындарының арман-тілегін де білуге болады. Соның бірі – «Чего не хватает каскеленцам?» деген атаумен жарық көрген Қаскелең тұрғыны Л.Бэрдің мақаласы. Материал 1982 жылы сәуірде жарияланған. Онда автор қаланың көркейіп келе жатқандығын сипаттай келе, «Қаскелеңнің «Алматы қаласының серігі» (спутник Алма-Ата) деген атауына лайық болса екен» деп сұрайды. Ол үшін Қаскелеңге тұрғындар демалатын қалалық саябақтың жоқ екенін, оның қашан болатынын халық депутаттары қалалық кеңесінің өкілдері мен аудандық комсомолдар ұйымы өкілдерінен сұрап жазған.
1958 жылғы газеттің 16 наурыздағы санынан еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1958 жылы Қытайдың Сычуан провинциясының Цзыгун қаласының мұғалімі Чжоу Бай Сяомен жазысқан хаты жарияланған. Ол уақытта Н.Назарбаев – 17 жастағы Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінің 10 сынып оқушысы. Мектеп ортасында олар социалистік блоктың әртүрлі елдерінің арасында хат алмасуды жүзеге асырды. Хаттың мазмұны Қытай мен КСРО елдері арасындағы достық қарым-қатынас туралы.
1970 жылы 20 тамызда жарияланған газет бетінен бүгінгі Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық округінің қалай құрылғандығы туралы және не себепті мемлекеттік қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың атымен аталатындығы туралы тың дерек жарияланған. Мақала «На родине Ораза» деп аталады. Мақаланың орысша нұсқасы ғана табылды. Онда Ораз Жандосовтың өмірбаяны, әкесі Қиқым туралы жазылған. Мақала, әрине, өз заманына қарай коммунистік-таптық тұрғыдан жазылған: «Малдың барлығы жергілікті байлардың қолында болған, сондықтан қазақ кедей батрақтарына нан табу үшін орыс помещиктеріне жалданып жұмыс істеуден басқа амалы болмаған…… Осындай батрақтардың бірі Қиқымның отбасында 1899 жылы Ораз Жандосов дүниеге келген», – деп жазған автор М.Кикимов. 1921 жылы Түркістан КП ОК мүшесі, облыстық атқару комитетінің ұлттық бөлімінің бастығы О.Жандосов туған ауылындағы барақтарды жинап «Қосшы» артеліне бірігіп, егін шаруашылығымен айналысуға, толық отырықшылыққа көшуге шақырыпты. 1927 жылы О.Жандосовтың қатысуымен сауатсыздықты жою реформасы бойынша бастауыш білім алу ісі жүргізілді. Алғашқыда мектеп болмағандықтан, сабақ жеке үйлерде жүргізілген. Осылайша ауыл тұрғындарының саны ұлғайып, жер шаруашылығы жолға қойылып, 1930 жылы колхоз құрылған. Автордың айтуынша, сол жылдары совхозда 23 түрлі ұлт өмір сүрген. Бүгінде бұл ауылға сол өлкенің тумасы, өзі негізін қалаған Ораз Жандосовтың есімінің берілуі тегін емес екен. Мені өзін «зейнеткер, поселоктың жергілікті тұрғыны «М.Кикимов» деп жазған мақаланың авторы да қызықтырды. Өйткені Ораз Жандосовтың әкесінің аты Қиқым (орысша Киким), ал автордың фамилиясы Кикимов, кездейсоқтық па, әлде туысқандық байланыс бар ма? Қосымша ақпараттар іздену арқылы, бұл кездейсоқтық емес, туысқандық екендігін анықтадым. Қиқымнан 4 бала тарайды: Ораз, Оразтай, Оразәлі, Мүсірәлі. Мақала авторы кенже баласы Мүсірәлі Қиқымов, яғни Ораз Жандосовтың інісі.
Жоғарыда атап өткендей, газетке деректанулық талдауды екі кезеңге бөліп қарауға болады. Осыған дейін «Кеңестік Қазақстандағы» мерзімді басылымға тоқталсақ, енді Тәуелсіздік алғаннан бері шыққан газет беттеріндегі кейбір құнды мақалалардың маңыздылығына тоқталамыз.
Қазіргі уақытта 2016 жылғы басылымнан бастап газеттің сақталуы заманға сай жеңілдетілген, цифрландырылған, «Naqty.kz» интернет желісіне салынған. Соңғы онжылдықтарда жарық көрген «Naqty» газеті беттерінен Қарасай ауданының тарихына байланысты мақалаларды да табуға болады. Осындай материалдар авторының бірі – Үсенбай Тастанбеков. Ол кісінің аты-жөні кеңестік кезеңдегі газеттерде де кездеседі. Бұл кім? Ол жай автор ғана емес, осы газеттің 1957-1962 жылдардағы бас редакторы болып қызмет атқарған. Үсенбай Бақтиярұлы – журналист, тарихшы, аудармашы, ауданымызға еңбегі сіңген қоғам қайреткері. Автор мақаласында Қарасай ауданындағы 37 жер-су атауларының шығу тарихына тоқталған. Бұл өз кезегінде топонимикалық зерттеу жұмысына құнды дерек болып табылады.
2019 жылы Қарасай ауданының құрылуына 90-жылдық мерейтойына байланысты, бір жыл бойы газет нөмірлеріне, аудан тарихына байланысты құнды деректер, мақалалар, жергілікті тұрғындардың естеліктері немесе олармен газет тілшілерінің сұхбаттары тұрақты жарияланған. Сондықтан газеттің бір айдары Қарасай өңірінде туып-өскен тұрғындарының естелік хаттарына, сұхбаттарына арналған. Оларда өз кезегінде дереккөз болып табылады. Осындай естеліктердің бірі – «Naqty» газетінің тілшілерінің Қаскелеңнің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Скударновпен сұхбаты. Ол ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қаскелең өңірінің өмірі туралы баяндаған. Естелікте қаланың орналасуы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, сол кездегі қоғамдық ғимараттар мен мекемелер туралы мәліметтер келтіреді.
Осындай естелік хаттардың бірі – Қаскелең тұрғыны Майра Бугембаеваның мақаласы. Автор Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Қаскелең және қаскелеңдіктер» атты мақаласында өзі туып-өскен, балалық шағы өткен Қаскелең қаласының тарихы туралы жазған. Бұл естелік Қарасай ауданының жергілікті тарихын зерттеуде маңызды дереккөз болып табылады. Себебі онда өңірдің атауларының өзгеруі, ауылдың қалыптасуы және тұрғындардың өмірі туралы куәгердің жеке естеліктері сақталған. Мақалада қазіргі «Достық» мейрамханасының бұрын «Достық» кинотеатры болғандығы туралы ақпарат кездестірдік. Бұл ақпараттың шынайылығын Қарасай өлкетану музейінен табылған «Достық» кинотеатрының суреті дәлелдеді.
Қарасай ауданының топонимикалық және әкімшілік басқару жүйесінің құрылу тарихына арналған зерттеу жұмыстарының бірі – М.Бейсебаев атындағы орта мектептің мұғалімі, газеттің тұрақты авторларының бірі, өлкетанушы Орынбасар Жанәділдің мақалалары. Автор «Қарасай ауданындағы жергілікті әкімшілік басқару жүйесінің құрылуы», «Ел басқарған ардақты азаматтар» мақалаларында Қарасай ауданының құрылу тарихы туралы құнды деректер мен архив құжаттарын жариялаған. Өлкетанушы ұстаздың тағы бір мақаласы осы ауданның білім ордаларының бірі Мәсімхан Бейсебаев атындағы мектептің 100 жылдық мерейтойына арналады. Бұл мақаладан мектептің құрылу тарихынан бүгінгі күнге дейінгі тарихынан ақпарат алуға болады.
Осындай тың деректер келтіріліп жазылған ғылыми мақалалардың бірі В.Г.Белинский атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің оқытушысы, өлкетанушы ұстаздардың бірі Валентина Разнованың мақаласы «Страницы история города Каскелена и района» деп аталады. Бұл мақалада автор Қаскелең 1901 жылы 29 тамызда алғаш рет Жетісу казактары орналасқан Любовинск станицасы ретінде құрылып, 1918 жылы Троцкое селосы деп аталған. Ал 1929 жылы Қаскелең селосы деп өзгертіліп, Қаскелең ауданының орталығына айналған. 1963 жылы село аудандық маңызды қалалар қатарына қосылған. Қаскелең ауданы 1998 жылы Қарасай батырдың 400 жылдық мерейтойына байланысты, Қарасай ауданы деп аталған. Сондықтан автордың айтуынша, 2019 жылы Қаскелең қаласына 90 жыл емес, 118 жыл толды деп қорытындылайды.
«Naqty» газеті бұл өлкенің ақпарат көзі болып, ауданның нақты тарихы туралы мәліметтер береді. Тарихи деректерді сақтаушы газет материалдары өткен кезеңдердің айнасы ретінде деректік құндылыққа ие. Қоғамдық пікірдің көрінісі ретінде әлеуметтік және саяси өзгерістерді, халықтың көзқарасын бейнелейді. Ғылыми зерттеулерге негіз бола алатын дереккөзі өлкетанушылар мен тарихшылар үшін маңызды мәліметтер ұсынады.
Жазира ЖОЛДАС,
Қаскелең қаласындағы жайлы мектептің
9 сынып оқушысы.

