Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылында орналасқан А.Макаренко атындағы орта мектебінде оқушыларды тек білім ғана емес, сондай-ақ спорт, шығармашылық жағынанда дамыту бағытында түрлі бастамалар жүзеге асуда. Соның бірі ретінде «Ата-аналар мектебі» жобасын айтуға болады. Оның негізгі мақсаты – мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттыру және бала тәрбиесінде ортақ бағытты ұстану.
Өткен аптаның жұмасы күні аталған бағдарлама мен «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында білім ошағының ұйымдастыруымен «Алаштың Ақтоғайынан келген жыр» атты тағылымы мол шығармашылық кездесу кеші өтті. Мерейлік Мәдениет үйінің ғимаратында болған шараның құрметті қонағы ретінде қазақ әлеміне аты таныс, белгілі ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бағдат Мүбәрак шақырылды.
Кеш жайлы жазбас бұрын оған шақырылған қонақ жайлы біраз мәлімет беріп өткеніміз жөн болар. Бағдат Мүбәрак 1978 жылы 17 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының орталығы Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Өнер мен құт қонған мекеннен түлеп ұшқан ол 1998 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің филология факультетін тәмамдап, сөз өнерінің соқпағына түсті.
Ақынның қаламы тек поэзиямен шектелмейді, ол – қазақ журналистикасында өнімді еңбек еткен кәсіби маман. Осы уақытқа дейін қалалық «Балқаш өңірі», облыстық «Орталық Қазақстан» газеттерінде, «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасында және ұлт руханиятының үнжариясы болған «Қазақ радиосында» жауапты қызметтер атқарған. Бұқаралық ақпарат құралдарында жүріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға зор үлес қосты. Бірнеше өлең жинақтары жарық көрген.
Ал шараның өзіне келетін болсақ, орта буын ақындарының ішіндегі ең таланттылары қатарында жүрген Бағдат Мүбәракпен кездесуге өнерсүйер ауыл тұрғындары, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен мектеп оқушылары көптеп жиналды.
Кештің шымылдығы өнерлі оқушылардың орындауындағы күймен ашылды. Мұнан кейін сахна төрінде Бағдат Мүбәрактың қатысуымен шағын сұқбат алаңы құрылды. Оның барысында Арқаның ақиық ақыны өзінің өмір соқпақтары мен өнерде бағындырған белестері туралы сыр шертті. Қазақтың киелі өнері – айтысқа қалай келгені, алғашқы қадамдары мен бүгінде оқырман жүрегінен орын алған туындыларының шығу тарихы жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Бағдат Мүбәрак – облыстық, республикалық жыр мүшәйралардың бірнеше дүркін лауреаты. Оның 2009 жылы жарық көрген «Құсни хат» атты жыр жинағы кезінде әдеби ортада жоғары бағаланып, оқырманның іздеп жүріп оқитын кітабына айналған еді. Ақынның өз аузынан төгілген жалынды жырлары мен парасатты ойлары залда отырған көрерменді бірден баурап алды. Кеш барысында мектеп оқушылары ақынның қаламынан туған отты жырларын ерекше әсермен, мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ өнерге жақын ата-аналар да қосылып, өз арнауларын, өлең жолдарынан үзінділерді жұртқа паш етті.
Бұл кеш жай ғана концерттік бағдарлама емес, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланған ашық диалог алаңына айналды. Жиналған қауым мен кеш қонағы арасында еркін форматта сұқбат өрбіді. Әсіресе, оған келген ата-аналар тарапынан ақынға «қазіргі технология заманында отбасылық жылулықты қалай сақтап қалу керек?», «жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарға сүйенудің маңызы қандай?», «жастардың кітапқа, оның ішінде поэзияға деген құштарлығын оятудың жолдары қандай?» секілді сауалдар қойылды.
Сұрақтарға байыпты әрі терең жауап берген Бағдат Мүбәрак тәрбиенің негізі алдымен отбасында, ата-ананың жеке үлгі-өнегесінде жатқанын, ал жақсы кітап оқу адамның ішкі мәдениетін қалыптастыратынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ата-ана балаға тәрбие беруде мәжбүрлеу емес, қызықтыру әдісін қолдану қажет екенін де сөз етті.
Пікір алмасудан кейін сөз кезегін А.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Гүлбану Бердібекова алып, алыстан ат арытып келген ақынға алтын уақытын бөліп, округ жұртшылығына рухани азық сыйлағаны үшін зор алғысын білдірді. Ұлттық дәстүрге сай ақынның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ шара барысында Ұмтыл ауылдық округінің әкімі Ислам Ибатжанның атынан арнайы Алғыс хат табыс етілді. Бұл марапатты округ басшылығы алыстан келген зиялы қауым өкіліне деген ыстық ықылас пен ризашылықтың белгісі ретінде жолдаған.
Кеш соңында тағы бір қазақтың тамаша ырымы орын алды. Нақты айтқанда, кім баланың тұсауын кессе, бүлдіршіннің жолы дәл сол кісідей болады деп ырымдаған ауыл тұрғыны шағын тұсаукесер рәсімін өткізіп, Бағдат Мүбәракқа енді тәй-тәй басқан кішкентай ұлының тұсауын кестірді.
Жақсы ойлар мен қызықты сәттерге толы болған шара осылай аяғына жетті.
Рухани сусындап қайтқан көрермендер бұл кештің отбасылық тәрбие мен мектеп өміріне берер тағылымы мол болғанын айтып, тарқасты.
– «Оқуға құштар мектеп» жобасы біздің мектепте бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Оның аясында осы уақытқа дейін оқушыларымыз елімізге белгілі көптеген ақын, жазушылармен танысты. Бұл жоба әлі де ары қарай жалғасын табады. Өйткені ол арқылы шақырылатын қонақтармен кездесу барысында оқушылар көптеген өлеңдер жаттайды, оның тарихын зерттейді және көпшіліктің алдына шығып, сөйлеуді үйрену арқылы өзіне деген сенімділігін арттырады. Сондай-ақ әр танымал қонақтың шығармашылығын зерттей келе өзіміздің бай, көне тарихымыз туралы көптеген жаңа мағлұмат алуда. Ақын-жазушылардың туған жерлері арқылы Қазақстанның өзге аймақтарымен жақынырақ танысуда. Бір сөзбен айтқанда, аталған жобаның біздің жастарға әкелер пайдасы зор, – деді А.Макаренко атындағы орта мектептің директоры Гүлбану Бейсембайқызы.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

