Қарасай жерінде елді мекенді көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында игі жұмыстар жалғасын табуда. Өткен аптада Елтай ауылдық округінде орналасқан «KT&G Kazakhstan» компаниясының ұйымдастыруымен және Қарасай ауданы әкімдігінің қолдауымен ауқымды шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдақматов, KT&G Kazakhstan зауытының директоры Юн Дебин және кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Аталған экошараның бағыты өндіріс орнының аумағын көгалдандыру мен абаттандыруға баса назар аудару болды. Оның аясында шырша, қарағай, емен, жөке және шетен ағаштарының көшеттері жалпы 153 бұта отырғызылды.
«KT&G Kazakhstan» компаниясы Көкөзек ауылының маңында және БАКАД секілді қарбалас жолдарға жақын орналасқанын ескерсек, бұл экошарының маңыздылығы жоғары. Өйткені оның барысында отырғызылған ағаштар өскен сайын жақсы сүзгі ретінде жұмыс істейді, яғни айналадағы лас көмірқышқыл газын сіңіріп, өмірлік маңызды оттегін бөлетін болады. Оған қоса аталған бастама әлеуметтік маңызды экологиялық мәселелерді шешуде үкімет пен бизнес арасындағы табысты серіктестіктің жақсы үлгісін көрсетті.
«Алдымен Қарасай ауданы әкімдігі атынан KT&G Kazakhstan басшылығы мен қызметкерлері «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бастамасына белсенді қатысқандары үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Әрине, бұл шара ең алдымен қоршаған ортаны қорғауға және ірі өнеркәсіптік кешен аумағын көгалдандыруға бағытталған. Сонымен қатар мұндай бастамалар азаматтар арасында экологиялық сауаттылықты арттыруға және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуге көмектеседі.
Біз басқа кәсіпкерлердің KT&G Kazakhstan үлгісіне еліктеуін қалаймыз. Себебі тек бірлесе отырып қана біз аудандағы, жалпы аймақтағы және елдегі экологиялық жағдайды айтарлықтай жақсарта аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Адис Жаратбекұлы.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

