Қай мамандық иесі болсын, өз ісінің хас шеберіне айналып, халықтың ыстық ықыласы мен ақжарма алғысына бөленуі – кез келген жанның бағына бұйыра бермейтін үлкен бақыт, зор мәртебе. Бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз сондай ізгі жанның бірі. Ол – біраз жылдар Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасына қарасты перзентханада бас акушер қызметін абыроймен атқарып, көптің алғысын арқалаған Гүлмира Чакчабаева.
Шарапатты істі жанына серік еткен ақ халатты абзал жан – 36 жыл бойы талмай еңбек етіп, ана мен бала денсаулығын қадағалау, әйел затының саулығын арттыру жолында орасан зор үлес қосып келе жатқан нағыз кәсіби маман.
Гүлмира Жақанқызы әріптестерінің арасында сый-құрметке ие болып жүрген, жауапты жанның бірі. Ол тарихы терең, рухани мұрасы бай, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің алтын бесігі саналатын қасиетті мекен Абай облысында дүниеге келген. 1966 жылы аталған облыстың орталығы – Семей қаласында көп балалы, қарапайым отбасында тәрбиеленген. Оның өскен ортасы өнеге мен еңбекқорлықтың мектебі еді. Әкесі Жақан Жанасылұлы өмір бойы ауыл шаруашылығы саласының маңызды бағыты ветеринарияны таңдап, осы салада ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет еткен, айналасына сыйлы, құрметті азамат болған. Ал анасы Орынтай Күренбайқызы – Семей педагогикалық институтын тәмамдап, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, еңбек жолын ұстаздықпен байланыстырған ардақты ардагер мұғалім. Отбасындағы бес перзенттің тұңғышы болған Гүлмира әпкеміздің медицина саласын таңдауына әкесінің інісінің қызы Шолпан есімді әпкесі тікелей себепкер болған.
– Негізі мен бала күнде мүлдем басқа саланың маманы болуды армандайтынмын. Археолог болып, көне ескерткіштер мен материалдық жәдігерлерді зерттеу, ежелгі адамдардың өмір сүру салты мен өркениет тарихының беймәлім құпияларын ашу мені қатты қызықтыратын. Алайда уақыт өте келе болашақ мамандығыма деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұған ең алдымен медицина саласында, соның ішінде көз дәрігері болып қызмет атқарған Шолпан әпкемнің ықпалы болды. Ол медицина институтында оқып жүрген кезінде, демалыс уақытында біздің үйге келгенде, мен оның іс-әрекетіне, ақ халатына қызыға қарайтынмын. Есейе келе мен де өз болашағымды осы ақ халаттылар әлемімен, адам жанына араша түсетін қасиетті мамандықпен байланыстырғым келді. Мектеп бітірер жылы орыс сыныбында қатар оқитын екі құрбымның медициналық институтқа құжат тапсыруға бара жатқанын көріп, тәуекелге бел буып, мен де оларға қосылдым. Сөйтіп, еліміздегі ең іргелі білім ордаларының бірі – Семей медицина институтына оқуға түсіп кеттім, – деп денсаулық саласына бет бұрған сәтін есіне алды Гүлмира.
Осылайша, 1984 жылы орта мектепті сәтті тәмамдаған кейіпкеріміз Семей медицина институтының студенті атанды. Аталған білім ордасындағы іргелі теориялық оқу мен Семей қалалық ауруханасындағы бір жылдық интернатураны қоса алғанда, ол жеті жыл бойы медицина ғылымының нәрімен сусындады. Нәтижесінде, 1990 жылы қолына дипломын алып, білікті акушер-гинеколог маманы болып шыға келді.
Жас маманның алғашқы еңбек жолы Семей облысына қарасты Таскескен аудандық орталық ауруханасында басталды. Осы емдеу мекемесінде алты жылға жуық табанды қызмет етіп, білімі мен біліктілігін дәлелдеген Гүлмира Жақанқызы қатардағы акушер-гинекологтан перзентхана бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ауданның бас акушер-гинекологы лауазымына дейін көтерілді. Кейінірек отбасылық жағдайына байланысты елдің үлкен мегаполисі Алматы қаласына көшіп келіп, еңбек жолын одан әрі жалғастырды. 2000 жылы осындағы № 17 қалалық емхананың әйелдер консультациясы бөліміне акушер-гинеколог ретінде жұмысқа орналасты. Мұнда да алты жылдай табанды еңбек етіп, тәжірибесін шыңдаған соң, 2006 жылы Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласына қоныс аударды.

Аудандағы орталық аурухананың әйелдер консультациясы бөліміне акушер-гинеколог болып кіріп, көп ұзамай ауданның бас акушер-гинекологы қызметіне тағайындалды. Тура 15 жыл бойы осы жауапты жерде жұмысын үлкен абыроймен атқара жүріп, тек бір бөлімді ғана емес, тұтас перзентхана мен гинекология бөлімдерін де өз қадағалауында жоғары деңгейде ұстай білді. Өзіне артылған үлкен сенімге селкеу түсірмеу үшін аянбай еңбек еткен дәрігер Гүлмира әр ана мен баланың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмысты шебер ұйымдастыруды өзіне басты мақсат етті.
2020 жылдары өмір ағымымен отбасылық жағдайларға байланысты кейіпкерімізге Жамбыл ауданына қоныс аударуға тура келеді. Екі арадағы қашықтықтың алыстығына байланысты, амалсыз жұмыс орнын да ауыстыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, 2020 жылы ол аталған ауданға қарасты Қарғалы ауылындағы ауруханаға бас акушер-гинеколог болып орналасты. Сол уақыттан бері осындағы ұйымшыл әріптестерімен бірге иық тіресе қызмет етіп, соңынан ерген жас мамандарға үлгі-өнеге көрсетіп, өзінің мол өмірлік әрі кәсіби тәжірибесімен тұрақты түрде бөлісіп келеді.
Алғашқы жұмыс күнінен бастап өмірін ана мен балаға қызмет етуге арнаған дәрігер, терең білімі мен ұдайы ізденісінің арқасында, әрбір жүкті әйелдің жағдайын жүзіне қарап-ақ дәл танитын өте білікті маманға айналды. Диплом алған сәттен бастап тікелей ана мен баланың ортасында жүрген Гүлмира Чакчабаеваны осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, бүге-шігесіне дейін меңгерген хас шебері десек, еш артық айтқандық емес.
36 жыл бойы перзентхана мен аналар денсаулығын сақтау шебінде тапжылмай еңбек еткен, ұқыптылығымен әрі адалдығымен ерекшеленген жоғары санатты дәрігер әріптестері мен емделушілері арасында зор құрмет пен беделге ие. Қай кезде де ізденуден, кәсіби тұрғыда өсуден еш жалықпаған маманын жұмыс барысындағы басты талабы – әрдайым уақытпен бірге алға жылжу, оқу және жаңа білімді игеру. Өзі де кейінгі толқын буынға бұл талапты орындауда шынайы үлгі бола білді. Мәселен, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Гүлмира Чакчабаева қарапайым санаты мен тәжірибесін көтеретін курстармен шектеліп қалмай, Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей Медициналық университетіне оқуға түсіп, оны сәтті аяқтап, медицина ғылымының магистрі ғылыми атағын алып шықты.
Кейіпкеріміздің ана мен балаға қамқорлық жасау жолындағы ізденіске толы қажырлы еңбегі, әрине, елеусіз қалған жоқ. Дәрігердің отандық денсаулық сақтау саласына қосқан қомақты үлесі үшін әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық және жергілікті әкімдіктер тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен жоғары деңгейде марапатталды.
– Маған үлкен жауапкершілік пен сенім артылғаннан кейін мен үшін бөлімде темірдей тәртіп пен мінсіз тазалықтың болуы бірінші кезектегі маңызды дүние еді. Қызметкерлеріме жұмыс барысында қатаң талап қоя отырып, сонымен бірге бар білгенімді, тәжірибемді жанымды салып үйретуден аянбадым. Мен өз мамандығыды шынайы жақсы көремін. Әрбір ана өз баласын қалай жақсы көріп, қалай қорғаштаса, мен де өз жұмыс орным мен маған сеніп келген әрбір жан үшін барымды беруге әрдайым дайынмын, – деді темірдей тәртіп пен адами қасиеттерді үлгі тұтатын кейіпкеріміз.
Мамандығында өзіндік өшпес орнын тапқан абзал жан отбасында да үлгілі ана, аяулы жар. Бүгінде Құдай қосқан қосағы Алмас ағамен бірге үлгілі отбасын құрып, бір бала тәрбиелеп өсіріп, одан тараған екі немересінің қызығы мен қуанышын қызықтап отырған жайы бар.
Отбасының берекесі, шаңырақтың шаттығы болып отырған аяулы ана, білікті дәрігер Гүлмира Чакчабаева дәл бүгін 60 жастың асқарына шығып, мерейлі жасқа толып отыр. Осынау қуанышты күнде Гулмира әпкемізге зор денсаулық, отбасылық амандық пен бақ-береке, еңбегінің жемісін көре беруін тілейміз. Шығар шыңдары әрқашанда биік болғай!
Адал еңбегімен абырой жиған аяулы жанның жүріп өткен мағыналы өмір жолы мен еселі еңбегі кейінгі толқын жастар мен көптеген жандарға шынайы үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

