Қарасай ауданының мақтанышы әрі беделді білім ошақтарының бірі болып табылатын Қаскелең қаласында орналасқан Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі «100 үздік олимпиадалық мектеп» тізіміне еніп, ауданның абыройын асқақтатты. Бұған қоса білім ордасы осы жетістік арқасында Алматы облысы бойынша ағымдағы жылдың ең үздік бес мектебінің қатарынан көрінді. Бұл жетістік – оқушылардың теңдессіз табандылығы, ұстаздардың жоғары кәсіби шеберлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын еліміздегі жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінен кейін «100 үздік олимпиадалық мектептің» рейтингін жариялайды. Ол мектеп түлектердің медальдары, оқушылардың белсенділігі мен арнайы формула бойынша есептеледі. Жиналған ұпай санына қарай ең үздік олимпиадалық мектептер анықталады. Аудандағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша осы беделді тізімге енді.
Ал бұл жетістікке себепкер болған 2015 жылы мектеп табалдырығын аттап, бүгінде аталған білім ошағының үздік түлегі саналатын Анастасия Кунгурованың білім жарысында оза шапқаны. Ол мектептің тәжірибелі ұстазы Алмагүл Сейлханованың жетекшілігімен таяуда республикалық олимпиадада «орыс мектептеріне арналған қазақ тілі пәні» бойынша бақ сынап, бас жүлдені алып, алтын медальді иеленді. Дарынды қыздың бұл жеңісі жалпы рейтинг ұпайларын санау кезінде сүбелі үлесін қосып, білім ордасына үлкен мәртебе әкелді.
– Біздің Анастасия – алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын қайсар қыз. Ол бұл жеңісіне бірнеше жыл бойы дайындалды. Нақты айтқанда, Анастасия қазақ тілінен пәндік олимпиадаларға 4-сыныптан бастап қатысты. Алғашқы жылдары аудандық кезеңдерден өтіп, облыста 2-орындарды иеленіп жүрді. Бірақ мойымай, «үздік атануым керек» деген мақсатына берік болды. Көпжылдық еңбектің арқасында мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық додада топ жарды. Ең қуаныштысы, оның жеке жеңісі мектебімізге үлкен абырой әкелді, – деді жетекшісі Алмагүл Сейлханова.
Сәтбаев мектебінің «100 үздік олимпиадалық мектеп» рейтингіне енуі тағы бір жағымды жаңалық әкелді. Яғни осы жылы мектеп білімгерлерінің жетістіктері арқасында аталған білім ұясы Алматы облысы бойынша ағымдағы жылдың ең үздік бес мектебінің қатарынан да көрінді. Бұл осы білім ордасына биылғы оқу жылын тамаша нәтижемен тәмамдауға мүмкіндік берді.
– Республикалық олимпиадада бірінші орын алу – менің көптен бергі арманым еді. Ақыры дегеніме жеттім. Бұл жеңістің мектебіме пайдасы тигені үшін өте бақыттымын. Осы жолда маған қолдау көрсеткен мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаеваға, жетекшім Алмагүл Сейлхановаға және барлық ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін, – деді Анастасия.

Айта кетейік, 1985 жылы іргетасы қаланған Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп бүгінде аудандағы іргелі білім ошақтарының бірі болып табылады. Білікті басшы Рысбүбі Дүйсебаева жетекшілік ететін бұл қара шаңырақта мыңдаған оқушы білім алып, көптеген білікті ұстаз қызмет етеді. Білім ошағы тек бұл емес, өзге де аудандық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге ие болып келеді. Мысалы, «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасында 3-сынып оқушысы Ақтөре Құрманғазы облыстық кезеңде ІІІ орын алса, «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде 10-сынып оқушысы Айсұлу Абдухалим де ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар «Жылдың үздік оқушысы» республикалық байқауында мектептің төрт оқушысы І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Өнер мен кәсіптік бағдар бағытында да шәкірттердің жетістігі толастаған емес. «Мамандықтар әлемін ашамыз» облыстық форумында Әсия Мейрамбай мен Рамазан Дүйсен І орынды, ал Рианна Боранбаева ІІ орынды қанжығасына байлады. Халықаралық өнер сайыстарында да Сәтбаев мектебінің аты асқақ естілуде. 8-сынып оқушысы Айару Жұмаділ «Самға Самұрық» байқауының, 5-сынып оқушысы Жасмин Үрстем «Бойтұмар» өнер байқауының Бас жүлдегерлері, 1-сынып оқушысы Милана Мельник халықаралық хореографиялық байқауда І орын иегері атанды.
Мектеп мақтаныштары спорт майданында да ел намысын абыроймен қорғап жүр. Жапонияда өткен халықаралық киокушинкай каратэ чемпионатында 10-сынып оқушысы Нұрдәулет Жұмарқанұлы ІІІ орынға тұрақтаса, Юсуф Гагалдиев Қырғызстанда өткен халықаралық еркін күрес турнирінде І орынды жеңіп алды. Спорттық додаларда 7-сынып оқушылары Демид Прасолов еркін күрес пен Адина Жоламанова дзюдодан республикалық турнирлердің жеңімпазы атанса, Ләззат Бисенбай Ташкентте өткен таеквондо жарысында ІІ орынды иеленді.
Бұл айтылғандар мектепте тәрбиеленіп жатқан жүздеген дарынды балалардың қол жеткізген табыстарының бір бөлігі ғана. Осындай жан-жақты жетістіктерінің арқасында Сәтбаев мектебі биылғы оқу жылын тамаша нәтижемен тәмамдап, білім мен өнердің, спорттың нағыз ұясы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

