Қоғам мүддесін ойлап, ел алдындағы сенімді қалыптастыратын әр жұмыстың өзіне тән мақсат-міндеттері бар. Оның ішінде адалдық қағидатына негізделген мемлекеттік қызметтің алар орны айрықша. Ал бұл бағытта екінің бірі еңбек ете бермейді. Себебі мемлекетшіл болу, ұлттық мүддеге мән беру, халық пен билік арасында байланысты нығайта білу білім мен біліктілікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшілерге артылар жүктің де жеңіл болмайтынын түсінуге болады.
Аталған қағидаттарды берік ұстанып, мемлекеттік саясатты жүйелі жүргізуге атсасылып жүрген біздің ауданымызда мұндай азаматтардың қатары аз емес. Олардың арасында ағалық ақылымен жастарға жол көрсетіп жүрген Мәлік Сальменовті сөз етуге болады. 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күнін ескере отырып, Мәлік аға жөнінде қалам ұшындағы ойды қағаз бетіне түсіруді жөн көрдік.
«Ер – туған жеріне» демекші, Мәлік Турканұлы бүгінде өзі туып-өскен Елтай ауылдық округіндегі әкімдікте бас маман болып қызмет атқаруда.
Ол 1970 жылы аталған округке қарасты Көкөзек ауылында дүниеге келген. Әкесі Туркан Тоқмышұлы еңбек жолында үнемі көлік тізгіндеп, жүргізуші болған. «Комсомол» совхозында талай жыл жұмыс істеп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал анасы Қайыпжамал Сәрсебекқызы сауда-саттықпен айналысқан. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп, қызын қияға, ұлын ұяға қондырған. Мәлік Сальменов – әпкесі Лазизадан кейін үйдің екіншісі. Өзінен кейін Ғазиз және Әйгерім атты іні-қарындасы бар.
Мәлік Турканұлы туған жеріндегі сегізжылдық мектепте, ал 9-10 сыныпты іргелас жатқан Іле ауданына қарасты Бурундай (қазіргі Боралдай) ауылында оқыды. Бұл мектеп жай орта білім беретін мекеме болғанымен, мұндағы физика-математика пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер өте білікті болған. Арада 40 жылдай уақыт өтсе де Мәлік ағамыз ұлағатты ұстаздарының берген білімін де, тәлім-тәрбиесін де ұмытпаған. Әсіресе, сынып жетекшісі Татьяна Степанованың еңбегін ерекше бағалайтынын жеткізді.
Мықты мұғалімдердің білім нәрімен сусындаған Мәлік Сальменов 1987 жылы мектепті аяқтап, тарихшы болуды армандағанымен, әкенің ақылымен сол жылы Алматы қаласындағы архитектура-құрылыс инстиутына (қазіргі ҚазБСҚА) оқуға тапсырды. Ол кезде магистратура оқытпағандықтан, студенттердің бәрі бес жыл оқыған. Сөйтіп, Мәлік ағамыз аталған оқу ордасын 1992 жылы бітіріп, «инженер-құрылысшы» мамандығын игерді.
Мықты маман иесі атанғанымен, бірден жұмысқа орналасқан жоқ. Алдымен отбасылық кәсіптің дөңгелеуіне қолғабыс етті. Өйткені 1991 жылы анасы Қайыпжамал Сальменова мемлекеттен шаруашылық бағытына арналған жерді жалға алып, осында көкөністің түр-түрін өсірген. Бұл шаруа қожалықтың жұмысын жүргізу Мәлік Турканұлының да жауапты міндеті болды. Егістік алқапта қант қызылшасы, қызанақ, қияр, одан кейінгі жылдары жүгері, жоңышқа сияқты астық тұқымдары да өсірілген. Ал осындай шаруа қожалыққа бас-көз болып, өнімдерін сауда-саттыққа айналдырудың басы-қасында Мәлік ағамыз жүріп, одан кейін шаруашылықтық жұмысын әскерден енді келген інісі – Ғазизге тапсырды. Өзі сауданың басқа түрімен айналысып, одан кейін дипломы бойынша құрылыста еңбек етті.
Арада біраз уақыт өткен соң Мәлік Сальменов мемлекеттік қызметте бағын сынап, 2004 жылы Елтай ауылдық округіндегі әкімдікке жұмысқа орналасты. Жетекші маман ретінде бір жылдай табандылық танытты. Алайда жергілікті әкімдіктің сол кездегі жалақысы аздық етіп, өз еркімен қызметтен кетуге мәжбүр болған. Өйткені үйдің тіреуіне айналған азамат үшін отбасын асырау, керек-жарақпен қамтамасыз ету бәрінен биік еді. Сондықтан ол қайтадан құрылыс саласына бет бұрып, еліміздің ең ірі қалаларында жұмыс істеді. Атап айтқанда, Алматыдағы мықты мердігер мекеменің құрылысшысы болып, Ақтауда бірнеше нысандарды, Шымкенттің маңайындағы елді мекендердегі кен өндіру орындарын, «Қазатомпром» компаниясының зауытын салуға атсалысып, Алматыдағы бірнеше зәулім ғимараттардың бой көтеруіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерген.
Мәлік Турканұлы осылайша республиканың әр өңірін шарлап жүріп, жеті жылдан кейін өз үйінен ұзамай, туған өлкеде еңбек етуді жөн санады. Мемлекеттік қызметтегі әріптестерінің кеңесімен 2013 жылы қайтадан Елтай ауылдық округіндегі әкімдіктің қызметіне оралды. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін осы мекемеде бас маман лауазымында жұмыс істеуде.
Мемлекеттік қызметші ретінде ол 10 жылдан астам кәсіпкерлік бағытына жетекшілік етті. Елтай ауылдық округінің аумағындағы көптеген шағын, орта және ірі бизнес нысандардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, округ экономикасының дамуына барынша үлес қосты. Ал былтырдан бері мемлекеттік кірістер ісін қолға алды. Салық саясатының оңтайлы жүруіне септігін тигізіп, өзін осы бағытта біліктілігін арттырғысы келген.
Бүгінде Мәлік ағамыз ердің жасын еңсергенімен, тәжірибесі толысқан, жастарға жол нұсқаушы мемлекеттік қызметшілердің бірі болып отыр. Байсалды мінезімен үйлескен жауапкершілікті үнемі жоғары қояды. Ол кісіден «Мемлекеттік қызметші қандай болу керек?» деген сұрақты қойғанымызда, адалдық пен жауапкершілік қасиетін алға тартты.
– Мемлекеттік қызметші, меніңше, бірінші кезекте жұмысына адалдық танытып, уақытына мұқият болуы керек. Жеке өз басыма адамның кешігіп жүргені, жұмысына салғырттық қарағаны ұнамайды. Бұл немқұрайлықты өзім істемеуге тырысамын.
Біз халықпен жиі тілдесіп, олармен үнемі қарым-қатынаста болғандықтан, тұрғындармен тіл табысу, мемлекеттік саясаттың қағидаттарын түсіндіру тым оңай дей алмаймын. Алайда біздің міндетіміз сол болғандықтан, билік пен қарапайым халық арасында түсінікті, қолжетімді байланысты орнатуға тырысамыз.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, ең бастысы, өз ісіңе адалдық танытып, мемлекет үшін адал қызмет атқара білу керек, – деді бас маман Мәлік Сальменов.
Осындай мінезімен ортасына сыйлы болған Мәлік ағамыз өз үйінде отбасының отағасы, алып тірегіне айналған. 1994 жылы некелескен сүйікті жары Жанар Сальменова екеуі атұстар Шыңғыстан тараған ұрпақтың қызығын көруде. Бүгінде үш немереге ардақты ата-әже атанып, шаңырақтың шаттығына кенеліп отыр. Айтпақшы, ұлы Шыңғыс әкесінің бала кезгі арманын орындап, тарихшы атанып, бүгінде Алматыдағы мектептердің бірінде ұстаздық қызмет етуде.
Мәлік Турканұлының алдағы қызметіне тек табыс тілейміз! Мінсіз мемлекеттік қызметшінің сипатын қалыптастырып, адалдық жолындағы жұмысы жемісті болсын!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

