1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алған болатын. Бұл — келтірген залалы мен салдары жөнінен ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат. Күші жағынан 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбаларынан 500 есе артық экологиялық зиян әкелген аталмыш алапат апатты залалсыздандыруға 800 мың адам, соның ішінде 32 мың қазақстандық қатысқан. Бүгінде Қарасай ауданында Чернобыль апатының зардабын тартқан 43 азамат тұрып жатыр. Осы аптаның сәрсенбі күні аудандық кітапханада сол апатты жарылысқа қатысқан ардагерлер жиын өткізді.
Күн тізбегіндегі бірінші мәселе қоғамның аудандағы бірлестігін құру, екіншісі төрағасын сайлау болды. Басқосуға Чернобыль ардагерлер және мүгедектер қоғамының республикалық төрағасы Хұсайын Мұстафа, облыстық төрағасы Нұрхайын Мұхиддинов және аталған ұйымның Іле, Жамбыл, Қарасай, Райымбек аудандарындағы өкілдері арнайы келіп қатысты.
Алқалы жиында көтерілетін мәселе, айтылатын ұсыныс, жеткізуге тиісті талап-тілектер сараланды. Ал, аудандық филиалдың төрағасы ретінде бірлестіктің жұмысын ширатып, ардагерлердің мұң-мұқтажын жоғарыға жеткізіп, әлеуметтік мәселелерін шешіп, түрлі шараны жоғары деңгейде ұйымдастыра алатынына сеніммен Шамалған ауылының тұрғыны Ислам Дүйсенов сайланды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.