– Алмасбек Рзабекұлы, алдағы қысқа дайындығымыз қалай?
– Жақсы. Жылдағыдай, биыл да жылыту маусымынан ойдағыдай өтеміз деген сенім бар. Осы жылдың 31 мамырында, ауданның бюджеттік сала және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын 2017-2018 жылдардың жылу беру кезеңіне дайындау міндеттері туралы аудан әкімдігінің № 438 қаулысы қабылданып, іс-шаралар жоспары құрылып, тиісті штаб құрамы бекітілген болатын. Бүгінгі таңда сол бойынша жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Барлық нысандарға жауапты мекемелер жылыту маусымына дайындық төл құжаттарын рәсімдеуде.
– Жалпы, ауданымыздағы бюджеттік мекемелердің жайы қандай?
– Аудан бойынша 106 бюджеттік мекеме бар, оның ішінде 55 нысан – білім, 33 нысан – денсаулық сақтау, 6 нысан – мәдениет салаларына қатысты болса, 1-еуі әлеуметтік және 12-сі әкімшілік нысан болып табылады. Анығын айтқанда, білім саласындағы 45 мектеп, 10 балабақшаның 51 нысаны көгілдір отынмен жылытылады. Ал, Елтай ауылдық округіндегі Б. Тамабаев атындағы орта мектебі сұйық отынмен, Исаев орта мектебі қатты отынмен жылытылады. Сонымен қатар, Мерей ауылындағы орта мектеп және Алтын ауыл шағын ауданындағы балабақша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғанын да айта кеткен жөн. Осы жылыту маусымы барысында аталған Тамабаев мектебіне бекітілген 21 036 литр сұйық отын қорын қамтамасыз етуге, ауданның білім бөлімі мен «КазСтройGroup» ЖШС-і арасында 2 млн. 706 мың 436 теңге қаражатқа келісім-шарт жасалынды. Отынның жеткізілуі ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласы бойынша 7 нысан қатты отынмен жылытылады. Мұндағы отын қажеттілігі 63 тонна және оған тиісті сұраныс берілді.
– Қандайда бір мәселелер бар ма шешімін күтетін?
– Қазір аудан бойынша 8 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде Көлащы ауылындағы жаңадан салынып жатқан мектептің жылыту қазандығы сұйық отынға қарастырылғанын ескере отырып, аудандық білім бөлімі тарапынан облыстық білім басқармасына қажетті сұйық отын лимитін бекітіп беру және сұйық отын қорымен қамтамасыз ету жайлы ұсыныс хат жолданды. Қосымша ТҮ КШ және ТҮИ бөлімі тарапынан «Алматыгазсервисхолдинг» АҚ-на бұл мектеп ғимаратының қазандығын көгілдір отынға қосу мақсатында сметалық есебін әзірлеп беру жайлы ұсыныс жасалды. Яғни, жасалған сметалық есепке сәйкес, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік сұраныс жолданылады.
– Ал, тұрғын үйлер жайында не айтасыз?
– Аудан бойынша 328 көп пәтерлі жеке тұрғын үй бар. Оның 54-і орталықтандырылған қазандықтан, қалған 274-і жеке газ құрылғысымен жылытылады. Мысалға, Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде 21 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу қазандығына қосылған. Аталған кешеннің жылу желісінің ұзындығы 1,5 шақырымды құрайды. Орталық қазандықта қуаттылығы 34,4 Гкал-ға тең төрт пеш орнатылған. Қазандыққа жауапты мекеме «АлатауКомСервис» ЖШС-гі. Жылу беру қызметінің тарифі – 1 Гкалға – 6730,66 теңге. Алтын-Ауылдағы 18 көп қабатты тұрғын үйлердегі жылу желісінің ұзындығы 1,6 шақырым. Орталық қазандықта қуаттылығы 8,28 Гкал-ды құрайтын 6 пеш орнатылған. Қазандыққа жауапты мекеме «ТеплоСнаб-БТ» ЖШС-гі қызметінің тарифі 1 м2-ге 104,07 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ, Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей елді мекеніндегі 16 көп қабатты тұрғын үй, Макаренко орта мектебі және мәдениет үйі ғимараты орталықтандырылған қазандықтан жылытылады. Мұндағы жылу желісінің жалпы ұзындығы 3,37 шақырым. Қуаттылығы 4,5 Гкал-ды құрайтын 3 пеш орнатылған қазандыққа жауапты мекеме «BeyAzh Trans» ЖШС.
– Қандай қиындық, кедергілерді атап өтер едіңіз?
– Әрине, жұмыс барысында кейбір мәселелер туындап жатады. Бірақ, біз оларды шешудің жолдарын жан-жақты қарастырамыз. Мысалы, өткен аптада комиссия мүшелерінің және тәуелсіз сарапшы мекеменің қатысуымен Алтын ауылдағы орталықтандырылған қазандыққа техникалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның барысында аудандық қаржы бөлімі мен «ТеплоСнаб-БТ» ЖШС арасындағы сенімгерлік басқару туралы келісім-шартындағы мердігерге қойылған талаптар толығымен орындалмауына сәйкес, келісім-шарттың талаптары қайта қарастырылуда.
– Ауданымызда халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ететін қанша мекеме бар?
– Бізде табиғи газбен үш мекеме қамтамасыз етеді. Олар: «АлматыГазСервис-Холдинг» ЖШС-гі, «Сигма» ЖШС-гі және «Тәуекел-Н» ЖШС-гі. Бұл мекемелердің газ қызметі үшін тарифі 2015 жылғы маусым айының 26-шы жұлдызында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау бойынша комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің № 04-12-1/1696 бұйрығымен бекітілгенін де айта кеткім келеді. Жалпы, аудан бойынша газ құбырының ұзындығы 843,4 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда көгілдір отын Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттерінен тасымалданады. Былтырғы жылыту маусымы барысында жеке секторлар мен мекемелерге бір тәулікте берілетін табиғи газдың көлемі шамамен 3 млн. текше метрді құраған болатын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Клара КӨПБАЕВА.[:]