Қаскелең қаласының жоғарғы трассасында жол-көлік оқиғалары жиі кездесіп, қайғылы оқиғалар орын алатыны жасырын емес. Темір тұлпарды тізгіндеушілер бұл тасжолдың бойында қатты жылдамдықтың кесірінен жол үстінен өткен адамдарды қағып, бұрылыстан шыққан көліктерге де соқтығысып жатады. Мәселен, өткен аптада дәл осы жолдың бойында жас келіншек көлік астында қалып, бақилық болды.
Осындай оқыс оқиғаларға алаңдаған халық әлі күнге дейін осы жерді ретке келтіруін талап етуде. Апаттардың алдын алу үшін бүгінгі таңда күре жолға жауапты «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы тарапынан жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш мекеменің ресми мәліметіне сүйенсек, республикалық маңызы бар «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 81 шақырымды қамтиды. Қазіргі таңда осы учаскенің бойында «зебра» тәріздес 40 жаяу жүргінші жолағы бар. Оның кейбірінде шуылды жолақтар мен жарықшамдар қойылған. Сонымен қатар Алматы облыстық Полиция департаментінің ықпалымен бейнебақылау камералары бар 8 бағана орнатылды.
– «Алматы-Шамалған-Ұзынағаш» тасжолының бойында жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. Көлік жүргізушілер жол жиегін бақылай алатындай оның бойына су өткізбейтін, күн сәулесімен қуат алатын жарық диодты жанып-өшіп тұратын шамдар орнатылады. Олар «көз шағылыстырғыш, жол қозғалыс тіреуіш» тәріздес болады. Бұл құрылғылардың сатып алынуына және іске қосылуына «Казахавтодор» ЖШС жауапты. Аталған компания бұл жұмыстарды бір айдың көлемінде жүзеге асырады, – деп мәлімдеді «QazAvtoJol» ҰК» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.