1986 жылы қазақ жастары бұрынғы Кеңестік социалистік республикалар одағында, тіпті, одан да тыс жерлерде бірінші болып әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы бас көтеріп, Алаңға шықты. Бұл сол кездегі кейін жер-жерде орын алған демократиялық дүмпудің алғашқысы еді. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарамастан, қазақтың өрімдей жас жігіттері мен қыздары биліктің бұра тартқанына шыдамай көтеріліс жасап, әр ұлттың өз таңдауы болуы керектігін айқайлап тұрып анық айтты. Алматының қақ жүрегінде – орталық Л.Брежнев атындағы алаңда қазақ жастары жиналып, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің жөн-жосықсыз шешіміне қарсы наразылық білдірді. Сөйтіп, көптен бері сыздап тұрған бітеу жараның аузы ашылып жарылып кетті!..
Сол күндерде Алаңда болғандардың қатарында ауданымыздағы Райымбек округіндегі Бұлақты ауылының тұрғыны – Салмахан Насыров та бар болатын.
Қазіргі кезде желтоқсаншы ардагер атанған Салмахан Арзымбетұлы 1964 жылдың жиырма алтыншы сәуірінде дүниеге келген. Бүгінде «Қайсар жүрек» қоғамдық ұйымының облыстық филиалының басшысы, жеке кәсіпкер. Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңында бұл кісімен сұхбаттасып, сол бір қиын шақтың естеліктерімен бөлісуін өтінген едік.
– Бұл кезде мен Қазақ ауыл шаруашылығы институтының студенті едім, – деп бастады сөзін ол. – Қанды желтоқсанның суық ызғарын қалай ұмытамыз? Наразылықтың басты себебіне Мәскеудегі орталықтың, республика халқының пікірімен санаспастан, пленумда Дінмұхамед Қонаевты орнынан алып, Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбинді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлауы түрткі болды. Қазірде көпшілігі көтеріліс 16-сы күні басталған деп жүр. Дегенмен, қаладағы Л.Брежнев атындағы орталық Алаңға әділеттілікті талап ету керек деген сыбыстар сол күні кешке жақын студенттер арасында желдей есіп жүрді. Оны біз де естідік. Сол кезде басымызды қосқан тобымыздың старостасы Талғат Тұрсынбаев еді. Келесі күні, яғни, 17-сі таңертең бір мақсатта ел мүдделерін қорғаймыз деген жастар алаңда біртіндеп жинала бастады. Кейіннен, олардың саны 20 мыңға жетіп, өз талаптарының орындалуын сұрады. Бірақ, көтерілген жастарды күшпен басу мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. Мен де біраз курстастарыммен сол жерде болдым.
Желтоқсаншының айтуынша, қатарларында қыз ретінде биязылықтарынан елінің жай-күйі артық болған арулар көп болған. Әңгіме барысында нәзік жандардың сол кездегі белсенділіктерін Салмахан ағамыз таң қалыспен еске алды. Жаңағы жастарға қарсы арнайы жасақ топтары құрылып, олар қолдарына түскендерді ұрып-соғып, ішкі істер бөлімдеріне жауапқа тарту мақсатында алып кетіп отырған. Содан екі-үш қыз құстай ұшып, сыртқа атыла шықты да әлгілердің қызметтік көліктерін қолға түскен нәрселермен ұрып-соққан…
– Әлі есімде, – деді тағы Салмахан аға, – сонда бір мосқалдау қазақ офицері: «Қойыңдар, айналайындар, босқа құрып кетесіңдер, сен мына қыздарды тез алып кет, әзір әлсізбіз, ештеңе істей алмаймыз, алайда, біздің де күніміз туады әлі!» деп әрең тоқтатты. Солардың арасындағы кейбір ішкі істер қызметкерлерінің жастары біздің жаққа өтіп кетіп жатты. Олар қатарға қосылып, тіпті, күшейгендіктен, Кеңес өкіметі алаңдағылардың қарышты қарқынын тежеуге қауқары жетпей қалды…
…18 желтоқсанның таңы… Кешегі жиналған жұрт тарқамапты, көбеймесе. Барлығы қосылып «Менің Қазақстаным», «Елім-ай» әндерін қосыла айтып, ұрандатып жатты. Оларға басу айтпақ болып, билік атынан радио хабарлаушыдан сөйлеп жатқандардың сөзін естіртпес үшін жастар, тіпті, желідегі тоқтарды да үзіп тастады. Түстен кейін қаптаған әскерлер келіп, қыз-ұлына қарамастан бәрін басып әкетіп жатты. Адамға лық толған көшелер біртіндеп босай бастады.
– Кейінірек біліп жатырмыз ғой, олар Мәскеуден арнайы мемлекет қауіпсіздігін қорғау комитетінен келген қызметкерлер екен. Біз, қасымдағы курстасым Сәкен екеуміз, олардың қолына түспей басқа көшеге түсіп кеттік. Әлі есімде Ленин (қазіргі Достық) көшесінің бойымен жүретін 29 автобусқа отырып, екі аялдама жүргеннен соң бізді полицейлер тоқтатып алып кетті. Ұрып-соғып қинады, көп дүниені мойынымызға іліп жібергісі келді. Ол жерден әзер дегенде босап шықтық. Оқып жатқан институтыма келіп, бірден академиялық демалыс алып, ауылыма тартып отырдым, – дейді кейіпкеріміз.
Одан кейін бәрімізге белгілі болғандай Желтоқсан оқиғасына Кеңестер Одағы коммунистік партиясы Орталық комитетінің қаулысымен «Бұл қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға берілген. Көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. Бәлкім, сол кезде Салмахан аға полиция ғимартында қалғанда бүгінгі күні басқаша болар ма еді?
Ол ауылда жатып, дүмпу басылған соң оқуын қайта барып жалғастырып, білікті маман атанады. Туған жерінен қайта оралып, ауылшаруашылық саласына да үлесін қосып, Салтанат Ырысбаева есімді айдай аруды қолына қондырады. Қазір ардақты азамат аяулы жеңгемізбен Алмасхан, Абылайхан, Жалғасхан атты үш ұлды тәрбиелеп отыр. Өткен күндерге ойша көз жүгірте отырып, Салмахан Арзымбетұлы сол бір ызғарлы қыстағы күші мен тілегін біріктірген қатарластарының әрекеті қандай маңызды болғандығын терең түсінеді. Сол Алаңдағы оқиғаның нәтижесі – бүгінгі оның ұрпағының жүзіндегі бақыт шуағы!
Бұрым ОРЫНБАСАР.