…Марқұм Әбен аға Өмірәлиевтің есімі ауданымызға ғана емес, одан тысқары жерлерге де кеңінен мәлім. Көптеген үлкен қызметтерді атқарған ол кісі біздің ауданда да абыройлы жұмыс істеп, бірнеше жыл аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болды.
Ал, Әбеннің әкесі Мұқаш Өмірәлиев саяси қуғын- сүргінге ұшырап, кеңес өкіметінің кәріне іліккендердің бірі. 1937 жылы Еңбекшіқазақ ауданында тұратын ол кісіні ешбір негізсіз «халық жауы» деп ұстап әкеткен. Сонда өзі 27 жаста, ал, кішкентай Әбен екі жаста ғана екен…
Алдымен Мұқаш атамызды қазақ жеріндегі «Карлагқа» апарыпты. Сол жерде бірқатар азапты күндерді басынан өткергеннен кейін, басқа жаққа әкеткен, яғни, Мәскеу түбіндегі Дмитриевка елді мекенінде атылған. Осылайша халқымыздың тағы бір арыстай азаматы ешбір жазықсыз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған.
Кейіннен, әрине, ақталды ғой. Сонда Әбен аға ардақты әкесінің аруағына арнап ас берген. Өкініштісі, бірде-бір суреті сақталмаған.
Әбекең Мұқаш атамыздың жалғыз баласы екен. Ол жас кезінен үздік оқып, талабы таудай болыпты, адал жүріп, әділдігімен көрініпті, қызметінде қай істі де кемеліне келтіріп, кеңінен шешіпті. Елге жақсы қарап, халыққа қатты жағыпты. Мұның бәрі оны басшылық қызметтің сан сатысына көтерген!
Сонау бір ауыр күндерде қазақ жерін шарпыған репрессияның отына күйген Мұқаш атаның ұрпақтары бүгінде өркен жайып, өсіп-өніп отыр. Өмірдің өзгермес өз заңымен Әбен аға қайтыс болған. Алайда, ұлағатты ұстаз, аудандық «Әжелер алқасының» төрайымы Ақылия Бекбайқызындай асыл аналарын ортасына алып, орнықты отбасының өрісті өнегесін, үлкен де берекелі әулеттің үлгісін көрсетіп жүрген балалары Болатты, Талғатты және қыздары Гүлмираны ел біледі. Бөкең іскер, ілкімді, газ саласын дамытуға көп үлесін қосып жүрсе, бір-екі ауданды басқарған Такең қазір облыс әкімінің кеңесшісі. Ал, Гүлмира жолдасы екеуі қазақ дипломатиясына еңбегін сіңіріп келеді екен. Әбекеңнің балаларының өзі немере сүйіп отыр.
Жазықсыз жазаланып, алыста атылған Мұқаш атамыздың өмірі қазір осылай жалғасуда!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.[:]