Өздеріңіз білетіндей, биыл Қарасай ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Аудан жұртшылығы үшін маңызды мереке болып саналатын мерейтойдың құрметіне орай, өңірімізде жыл басынан бастап көптеген жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде көптің көңілін өзіне аудартқан нысандардың бірі – аудандық мәдениет үйінің алды. Мекеме алаңыны күрделі жөндеу, абаттандыру жұмысы сәуір айынан басталған болса, қазіргі уақытта оның құрылысы толық аяқталды. Бұрынғы бейнесінен көрікті көрініске айналған алаң енді аудан орталығы – Қаскелеңдегі «Жастар саябағы» деп аталатын болады.
Жалпы, нысанның жаңартылуына, жаңғыртылуына облыстық бюджеттен 126 млн 350 мың теңге бөлініп, «Механизация Строительство» ЖШС-і тарапынан құрылыс-монтаж істері толығымен жүзеге асты. Нақты айтқанда, алаңның 6000 шаршы метрлі көлеміне лайықты күрделі жұмыс жүргізіліп қана қоймай, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың ұсынысымен саябаққа Қорқыт атаның ескерткіші, махаббат монументі және балаларға арналған ойын алаңдары орнатылды.
Келешекте аудан көлемінде өтетін барлық мерекелік іс-шаралар осы Жастар саябағында өткізілетін болады. Ал, тұрғындар мен аудан қонақтары алаң айналасындағы орындықтарда тынығып, арнайы құрылған сахнада өнерпаздардың өнерін тамашалай алады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.