Қарасай жерінде биылғы Тәуелсіздік күнін атап өту жақсы жаңалықпен басталды. Аудан жастарына арналған қызмет көрсету орталығы ашылып, көптен бері күткен назардағы нысан пайдалануға берілді. Аудандық Мәдениет үйі мен Қаскелеңдегі Өнер мектебінің маңында орналасқан ғимаратта жастардың дамуына тиісті жағдайдың барлығы қарастырылған.
Сәулеті жарасқан орталықтың ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Отбасы істері және жастар комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, облыстық, аудандық мекемелердің өкілдері және ауданның құрметті азаматтары, белсенді жастары қатысты.
Салтанатты шара әуезді әуенмен басталып, «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері үш тілде ән шырқады. Одан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев сөз сөйлеп, нысанның бой көтеруіне атсалысқан құрылысшыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ Ғани Айдарұлы өз сөзінде мұндай орталықтардың бірқатары Кеген, Балқаш, Райымбек сияқты аудандарда бой көтергенін, ал Қонаев қаласы мен Іле ауданында жастарға арналып коворкингтер ашылғанын айтты. Енді, міне, заманауи ғимараттардың тағы бірі Қарасай ауданында пайдалануға беріліп отыр. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев осындай нысандардың ашылуына өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің тікелей тапсырмасы себепкер болғанын жеткізіп, жастар қауымына сәтілік тіледі.
Дәл осындай ізгі тілектің ізін суытпай жалғағандардың бірі – елордадан арнайы келген Біржан Нұржанұлы. Ол да орталықтың ашылуымен құттықтап, Қарасай жастарының арасында әр салада жетістікке жетіп жүрген азаматтардың есімдерін айрықша атап өтті. Солардың ішінде Кения елінде жастар арасында таэквондодан өткен әлем чемпионатында І орын иеленген Бейбарыс Қабыланды да айтуға болады. Ғимараттың ашылуында ол да қадірлі қонақтардың қатарынан табылып, жаттықтырушысы Серік Садықов екеуі құрметке бөленді. Оларға белгілі кәсіпкер Жандулла Әбдімұратов ағалық лебізін білдіріп, елдің атын асқақтатып жүргендері үшін екеуіне қаржылай сый-сияпатын табыс етті.
Құрметті меймандар ғимараттың қызыл лентасын қиғаннан кейін орталықтың ішіне саяхат жасады. Оның үлкен залында қонақтарға аудан жастары түрлі саладағы жетістіктер мен жобаларды таныстырды. Мәселен, Мәдина мен Ғалымжан жасанды интеллекттің мүмкіндіктері туралы айтса, Гаухар мен Ислам робототехникаға тоқталды. Ал М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің жас мұғалімдері поэзиялық алаң туралы айтса, оның шығармашылықты дамытуға ықпал етіп отырғанын жеткізді. Одан бөлек бұл залда химия пәнінен қызықты тәжрибелер көрсетіліп, сурет салудан шеберлік сағаттар өтті.
Ғимараттың келесі бөлмесінде Шамалған ауылындағы кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжінің түрлі құрал-жабдығы қойылып, олардың Жұмысшы мамандық иелерін даярлау кезінде қолданылатыны түсіндірілді.
Орталықтың бірінші қабатында, сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары отыратын және «Аяжан Қарасай» медициналық колледжінің медициналық, психологиялық кабинеттері таныстырылды.
Жастар үшін маңызды әрі қызықты бөлмелердің көбі ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Бұл жердегі үлкен залда коворкинг-орталығы жұмыс істегендіктен, аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері буккроссинг аясында жастардың дамуына пайдалы болатын құнды кітаптарын сыйға тартты.
Коворкинг-орталығының қасында антикафе де қарастырылған. Мұнда жастар бос уақыттарын тиімді өткізіп, бір дастархан басында бас қосып, әңгіме-дүкен құруға мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар екінші қабатта тігіншілік өнерге тегін үйрететін арнайы студия жұмыс істейді. Бұл бастама жастарды өзін-өзі жұмыспен қамтуына, қосымша табыс табуына жол сілтеп, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың бейімделуіне көмектеседі. Бұл кабинетке аудандық Мәдениет үйіне қарасты «Саңыраулар» қоғамдық клубының өкілі Гаухар Көкебаева жетекшілік етеді.
Орталықтағы жастарға қызмет көрсетудің тағы бір маңызды тұсы – «бір терезе» қағидаты бойынша аудандық мансап пен жастар орталықтарының, «Отбасы банктің» қызмет көрсетуі. Аталған мекеменің мамандарынан жұмысқа орналасу, мемлекеттік бағдарламалар, психологиялық және заңгерлік көмек бойынша кеңес алуға болады.
Жалпы айтқанда, заманауи орталықта жастардың рухани дамуына, білім көкжиегін кеңейтуге, бос уақытын өткізуге, пайдалы ақпарат алуына барынша жағдай жасалған.
Айта кетейік, 1000 шаршы метрді қамтитын ғимараттың салынуына «Азамат құрылыс» ЖШС жауапты болды. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталған. Алайда 2024 жылдың сәуірінде бірқатар себептермен, оның ішінде қаржыландыру мәселелеріне байланысты, жұмыстар уақытша тоқтатылған. Тек биылғы көктемде қайта жанданды. Нәтижесінде Тәуелсіздік күні қарсаңында жастар орталығы өз есігін айқара ашты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
