Балалардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу және жас ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыру – Қарасай ауданындағы мемлекеттік органдар жұмысының басты басымдықтарының бірі. Бұл бағытта аудан әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жыл басынан бері жоспарға байланысты тиісті жұмыстар атқарып келеді.
Мәселен, 2026 жылдың басынан бері бүгінгі күнге дейін комиссияның 16 жоспарлы және жоспардан тыс, сондай-ақ үш көшпелі отырыстары ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде өзекті мәселелер талқыланып, нақтырақ айтқанда, аудандық полиция басқармасынан түскен 21 материал, аурухананың үш кейсі және білім бөлімінің екі ісі егжей-тегжейлі қаралды. Бұған қоса отбасылық жағдайына байланысты балаларын кешкі мектепке ауыстыру туралы ата-аналардан түскен 7 өтініш қанағаттандырылып, қарастырылған барлық мәселе бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Комиссия хатшысы Әсел Несіпбаеваның мәліметінше, биыл қаралымға түскен мәселелердің басым бөлігі ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамауына, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде немесе қоғамдық орындарда жүруіне, сондай-ақ сабақты себепсіз босатуына қатысты болған. Сонымен қатар отырыстарда тыныштығы бұзылған қиын жағдайдағы отбасылардағы балалардың жай-күйі мен олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Маманның сөзіне сүйенсек, бүгінде ауданда жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстары оң нәтижесін бере бастады. Яғни, профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер саны өткен жылғы 53-тен биыл 46-ға дейін азайған. Іс-шаралар барысында анықталған 1212 әкімшілік құқық бұзушылықтың ішінде жекелеген баптар бойынша өсім байқалғанымен, жалпы алғанда көптеген көрсеткіштер бойынша төмендеу үрдісі сақталып отыр. Қазіргі уақытта аудандағы жағдай тұрақты бақылауда.
Ауданда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, суицидтік және девианттық мінез-құлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, нашақорлық пен алкоголизмнің, сондай-ақ басқа да жағымсыз құбылыстардың алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Әсіресе, жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының алдын алу мәселесі басты назарда. Осы мақсатта аудандық білім беру мекемелерінде «Барлық балалар бақытты болу үшін туады», «Мен өмірді таңдаймын» және өзге де тақырыптарда 95 сынып сағаты мен психологиялық тренингтер ұйымдастырылды. Психологтар мен педагогтар өмірлік қиын жағдайға тап болған және қолдауға мұқтаж балаларды ерте анықтау үшін үнемі жұмыс істеуде.
Қарасайлық кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп 337-ден астам дәріс пен алдын алу әңгімелері жүргізілді. Сондай-ақ осы жылдың қаңтарынан сәуіріне дейін аудан мектептерінде онлайн алаяқтық, дропшиппинг, қорқыту, бопсалау және жол қауіпсіздігі тақырыптары бойынша 150 білім беру іс-шарасы өткізілді.
Бүгінгі таңда цифрлық қауіпсіздік – алдын алу жұмыстарының ажырамас бөлігі. Қазіргі уақытта аудан мектептерінде интернет қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғау және кибербуллингтің алдын алу бойынша арнайы сабақтар мен кездесулер тұрақты түрде қолға алынған. Оқушылар мен ата-аналарға арналған онлайн алаяқтыққа қарсы күрес және әлеуметтік желілердегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары да өз жалғасын табуда.
Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігі үшін ең алдымен ата-аналар жауапты. Жыл басынан бері бұл міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша 514 әкімшілік материал рәсімделді. Бұл көрсеткіш ата-ана жауапкершілігін арттыру мәселесінің қаншалықты өзекті екенін айғақтайды. Осы мақсатта мектептерде ата-аналар жиналыстары, құқықтық түсіндіру кездесулері, дәрістер мен семинарлар тұрақты өткізіліп тұрады. Онда балалардың интернеттегі қауіпсіздігі, буллингтің алдын алу, зиянды әдеттерден қорғау және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мәселелері кеңінен сөз болады.
Сонымен қатар қиын отбасылармен жеке профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда олар әлеуметтік қызметтер мен құқық қорғау органдарының ерекше бақылауына алынады. Қазіргі таңда аудан бойынша осындай 27 отбасы профилактикалық есепте тұр.
Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету – мемлекеттің, отбасының және жалпы қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан Қарасай ауданының Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және әрбір баланың толыққанды дамуына жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

