Спортпен шұғылдану адамның дене күші мен денсаулығын нығайтып қана қоймай, сонымен бірге жоғары адамгершілік және рухани қасиеттерді қалыптастыра отырып, ерік-жігерге, табандылыққа, табысқа ұмтылуға тәрбиелейді. Мұндай мықты адамдар өмірдің барлық саласында кез келген тапсырманы жеңе алады. Бұл ретте соңғы жылдары Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер арасында спортты насихаттау, оларды жүйелі түрде дене шынықтыру мен спортқа тарту, саламатты өмір сүру салтын ұстануына ерекше көңіл бөлуге назар аударылып келеді.
Мәселен, осы бағытта өткен аптаның бейсенбісі күні Шамалған ауылдық округінде орналқан «Ushqonyr» балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері және құқық қорғау органдары арасындағы XVII спартакиадасы өткізілді.
Алдымен аталған кешенде ауқымды спорттық шараның ашылу салтанаты өтіп, қатысушы командалар өздерін таныстырды. Спортшылар алаң төрінде сап түзегеннен кейін сахнаға ҚР мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев шығып, қолға алынған спартакиаданың көздеген мақсаты мемлекеттік қызметшілер арасында саламатты өмір салтын және мемлекеттік қызмет имиджін қалыптастыру екенін ерекше атап өтті.
– Мұндай спорттық іс-шараларға қатысу табандылықты және жеңіске деген жігерді дамытуға көмектеседі. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жету үшін өте қажет қасиеттер. Сонымен қатар, осындай шара облыстың әр аумағында еңбек етіп жүрген қызметшілердің басын біріктіреді. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада күш пен төзімділіктің көрінісі ғана емес, сондай-ақ әрбір қатысушының денсаулығы үшін жауапкершілігінің көрсеткіші.
Жақсы нәтижеге қол жеткізіп, жеңімпаз атанғандар маусым айының 10-18 аралығында Өскемен қаласында өтетін жарысқа қатысатын болады. Сондықтан бүгін жиналғандардан салмақты бәсеке, спорттық ынта мен жарқын жеңістер күтеміз, – деді Нұрсұлтан Ақылбекұлы.
Ал Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек болса мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту екенін айтып, мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиада осы міндетті жүзеге асыруға нақты үлес болып табылатындығына тоқталды. Арнайы келген қонақтармен қатар спортшыларды Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Ержас Тоқтасынов пен аталған спорт кешеннің басшысы Даурен Төлеген де құттықтап, сәттілік тіледі.
Жеңіс тілектері мен мемлекеттік Гимн шырқалып болғаннан кейін командалар бөлініп, жарыс өтетін блоктарға қарай бет алды.
Айта кетейік, мұндай спартакиада дәстүрге айналған. Жылда тек қатысушылар саны өсіп келеді. Биылғы жылы спорттық жарысқа Алматы облысы, Қонаев қаласы, 9 аудан әкімдіктерінен және де жергілікті атқарушы органдар жалпы алғанда, барлығы 16 команда, 700-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Облыстық спартакиадағы командалар екі топқа бөлініп жарысты. Яғни мемлекеттік қызметшілер өзара, құқық қорғау саланың мамандары өзара бақ сынасты.
Жалпы бұл жолғы ауқымды шара «Ushqonyr» балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде және «Нұр-Аман» спорт кешенінде өткізілді. Бір күн бойы жалғасқан спартакиадада волейболдан, баскетболдан, шағын футболдан, жүзуден, үстел теннисінен, қазақ күресінен (5 салмақ дәрежесі – 74 келіден +110 келіге дейін), тоғызқұмалақ пен шахматтан қызу бәсеке өтті.
Ойын барысында қатысушылар бар күш-жігерлерін салып, жеңісті қолдан бермей, соңына дейін күресуге тырысып, тартысты ойын өрнегін көрсете білді. Нәтижесінде Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында жалпы командалық есепте барлық кездесулерде қарсыластарына дес бермей, мықты ойын көрсеткен Кеген ауданы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, Райымбек ауданы әкімдігі қызметкерлерінен құралған команда II, Алматы облысының әкімдігі командасы III орынды еншіледі.
Құқық қорғау органдары қызметшілері арасында жалпы командалық есепте Алматы және Жетісу облыстарыы бойынша МКҚБ жеңімпаз атанса, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ІІ орынды иеленді.
Ашылу салтанатынан кейін бірден басталған волейбол жарысында мемлекеттік қызметшілері арасында тағы да кегендіктер қарсыласқа шақ келтірмей, жүлделі I орынды қанжығасына байлады, II орынға Райымбек, III орынға Алматы облысы әкімдігінің командасы жайғасты. Құқық қорғау органдары арасында да нәтиже өзгермеген.
Одан бөлек, спартакиаданың жоспарына сай, мемлекеттік қызметшілерден құралған команда кіші аяқ доптан кездесу өткізді. Жарыс қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілері арасында Алматы облысының әкімдігі жеңімпаз атанып, Қарасай ауданы командасы екінші, Балқаш ауданы командасы үшінші орынды қанағат тұтты. Бұл жолы да құқық қорғау қызметкерлері арасындағы доданың нәтижесінде өзгеріс болмады.
Қара күшке бейімі арқан тартысы ойыны бойынша мемлекеттік қызметшілері арасында жалпытоптық есепте І орынды Райымбек ауданы алса, ІІ орынды Балқаш ауданы иеленді, ал Кеген ауданы қола жүлдені қанжығасына байлады. Құқық қорғау органдары арасында осы жолы жеңімпаз болып Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің командасы атанды. Алматы және Жетісу облыстары бойынша МКҚБ командасы ІІ жүлделі орынды иеленіп қайтты.
Сондай-ақ үстел теннисінен мемлекеттік қызметшілер арасында қарсыласқа дес бермеген Ұйғыр ауданынан келген Данияр Инкулаев мен Фарида Мейрмам жеңімпаз атанса, Алматы облысының соты командасынан Қасым Джанабаев және Анара Жетписбаева екінші, Алматы облысының әкімдігі командасының ойыншылары Мадияр Тастанбеков пен Гульнара Темирбаева үшінші орынға жайғасты.
Ал құқық қорғау органдары арасында бағы мен бабы келіскен төтенше жағдайлар депортаментінің қызметкерлері Қуаныш Карабаев пен Ақмарал Баяхметова жеңімпаз ретінде танылса, Алмаз Кузембаев пен Динара Мамырова екінші орынды еншіледі.
3×3 баскетбол ойны бойынша мемлекеттік қызметшілер арасынан бірінші топта І жүлделі орынға Кеген ауданының командасы ие болды. ІІ жүлдені Жамбыл ауданы қанжығасына байласа, ал Іле ауданының әкімдігі ІІІ жүлделі орынды місе тұтты. Екінші топ бойынша І орынды Алматы облысының соты, ІІ орынды Жамбыл ауданы, ІІІ орынды Алматы облысы әкімдігі иеленді. Құқық қорғау органдары арасындағы ойынға келетін болсақ, бұл жолы жеңімпаз ретінде Төтенше жағдайлар департаменті атанды. Ал Алматы және Жетісу облыстарының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ІІ орынға жайғасты.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойыны тоғызқұмалақтан мемлекеттік қызметшілері арасында Айсара Ерланқызы, ұйғырлық Ратмир Гайтов пен Еділ Ұлдақанның асығы алшысынан түсті. Жамбылдық Айдана Адылхан, Райымбек спортшысы Жеңіс Қозыбақов, кегендік Мұратбек Қасқырбаев ІІ орынды иеленсе, ілелік Ақжарқын Өмірзақова, қарасайлық Жалғас Шалитай және Райымбек ауданы командасының мүшесі Ескелді Иембергенов ІІІ орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ құқық қорғау органдары арасында төтенше жағдайлар департаменті командасының мүшелері Жасулан Нусипов, Айнұр Кумырбекова мен Абзал Сақанов жеңімпаз атанса, Алматы облысы және Жетісу облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы командасының мүшелері Бақытжан Тұрысбеков, Мадина Турдабекова мен Алибек Қасымжан ІІ орынды еншіледі.
Жүзуден жалпы есепте І орынды Кеген ауданынан келген Әсем Алмағанбет пен Алматы облысының әкімдігінің мүшесі Жасұлан Қалиақпаров жеңіп алса, ІІ орынды Балқаш ауданының спортшысы Жанар Тұрсынбаева мен ілелік Жандос Исаев иеленді, ал ІІІ орын қарасайлық Айгүл Суанбекова мен Ерлан Сұлтанов өзара бөлісті.
Жоғарыда аталған спорт ойындарынан бөлек қазақ күресі, шахмат ойындары бойынша да жекелей жеңімпаздар анықталды.
Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаз атанған командалар мен ойыншылар облыстан арнайы дипломы және кубоктарымен марапатталды.
Айта кетейік, жеңімпаз командалар республикалық іріктеуде бақ сынайтын болады. Аталған ел біріншілігі маусым айының 10-18 аралағында Өскемен қаласында өтеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.