Осыдан бір апта бұрын Қарасай ауданының Мәдениет үйінде «Халық заңгері» жалпыреспубликалық құқықтық акциясы өтті. Бұл шара аясында 300-ден астам аудан тұрғыны тегін заң кеңесіне жүгініп, пайдалы ақпарат ала білді.
Акцияның басты мақсаты – қарапайым азаматтарға жедел және сапалы көмек көрсетіп, тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сенімді нығайту. Тұрғындарға өз кеңестерін ұсынушылардың қатарында Қарасай ауданының прокуратурасы, полиция басқармасы, мансап орталығы, халыққа қызмет көрсету және зейнетақы төлеу орталықтары, коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдар, нотариустар мен жеке сот орындаушылары, сондай-ақ әр салаға қатысты әкімдіктің бөлімдері мен кала, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері болды.
Аталған мекемелер акция барысында, еңбек қатынастары, жер мәселелері, тұрғын үй, кәсіпкерлік және өзге де тақырыптар бойынша жеке кеңестерін беріп, заңды шешу жолдарын ұсынды. Көпшіліктің пікірінше, мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып қана қоймай, әлеуметтік мәселелерді ретке келтірудің бірден-бір жолы болып саналады. Шараға арнайы келгендердің арасында құқықтың көмекке жүгініп, мәселесін шешкендер де болды. Солардың бірі – Долан ауылының тұрғыны Әсия Тұрсынқызы. Оның айтуынша, дәл осы «Халық заңгері» акциясы ауылдық жерлерде ұйымдастырылса, көп адамға көмегі тиер еді. Десе де Әсия ханым жер учаскесі бойынша жеке сауалына арнайы мамандардан көмек алып, шаруасы шешілгеніне қуанды. Сол үшін кеңес берген тиісті мекеме өкілдеріне ризашылығын білдірді..
«Халық заңгері» акциясы – қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырудың таптырмас тәсілі. Бұл бастама халық пен заң арасындағы алтын көпір іспетті игі шара деуге болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келешекте бұл жоба жалғасын табады.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.