Қарашаның қара жаңбыры төпелемей тұрған жаймашуақ күндердің бірі еді. «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін түсіріп жатқан жерді іздеп шығып, бірден таба алмай біраз әурелендік. Мыңбаев ауылының батыс жағында екенін телефондағы картадан көргенімізбен, елді мекеннен ұзағанда байланыс аясы түгесіліп, мүлдем басқа бағытқа ұзап кеткенімізді жолда кездескен малшыдан біліп, кері бұрылдық.
Заманында төселген асфальттан жұрнағы ғана қалған, опырылған ойдымы көп жол әнеу бір қашардан ары өзі де аяқталатын сыңайлы. Кезінде мал қыстауларына баруға салынған мұндай жолдар бүгінде қараусыз қалған. Ал сол кездегі ауыл шаруашылығын жаппай электрлендірген қыстау-қыстаудың арасымен тармақтала шақырымдарға созылып жататын сымды бағандардың бұл күнде ізі де жоқ. Киноны анау дөңнің сол жағындағы сайда түсіріп жатқанын айтты жолай ұшырасқан тағы бір малшы. Өзен жағасындағы алаңқайда көліктері қаңтарылып, шатырлары тігіліп, құрал-жабдықтарын сайлап жатқандарға келіп, жөн сұрассақ, олар басқа бір фильмнің түсіру тобы болып шықты. «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, сонша жерді шарлап жүріп үстінен түскенде ең болмағанда ақпарат ала кетпек болып, басы-қасында жүргендерді сөзге тарттық.
Фильмнің атауы «Жел тоқтаған жер» екен. Оқиғасы – 1930 жылдардағы ашаршылық кез. Басты рөлдегі Жұпар ана екі баласын аман алып қалу үшін қиындықтарды бастан кешеді. Фильм авторлары бір адамның өмірі арқылы бір елдің тағдырын бейнелейді. Бірі алты, бірі төрт жастағы Бошай мен Жоланның көргені – тұтас ұлтымыздың басына түскен зобалаң. Перзенті үшін неге болса да дайын қазақ әйеліне тән қайсарлық, өмір үшін күрес картинаға басты арқау етіледі. Режиссері әрі сценарий авторы Ардақ Әмірқұлов пен атқарушы продюсері Александр Рубановты ол жерден жолықтыра алмағанымызбен, түсірілім тобының Гауһар есімді жетекшісінен осыларды суыртпақтап біліп алдық.
Сол маңда атпен жүрген ауыл жігіттерінің жөн сілтеуімен өзіміз іздеп шыққан фильмнің түсірілім алаңына дұрыс бағытты енді түзедік. Жота-жотамен, сай-саламен ирелеңдеген қара жол он шақты шақырымға созылды. Мотоциклмен мал бағып жүрген қойшыдан сұрастыра, алты қырдың астындағы діттеген орынға артымыздан аспанға қалың шаңды көтере жеткенімізде түс ауып кетті. Сол кезде мұнда «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің «Сұраншы батыр» дастаны туралы бөлігі түсіріліп жатты. Жаугершілік кез кәсіби каскадерлардың қатысуымен бейнеленеді. Фильмнің режиссері – Жандос Құсайынов. Үзіліс уақытына тап келіппіз, киноның басты кейіпкерінен, продюсерінен сұхбат алдық.
Жамбылдың жас кезін сомдайтын Асылбек Әйтіш – Елордадағы Жастар театрының актеры, жасы 24-те:
– Мен ақынның 30-35 жастағы шағын ойнаймын. Бұл рөл – менің алғашқы дебютім. Бұған дейін екінші, үшінші пландардағы рөлдерді бейнелегеніммен, басты кейіпкер ретінде экранға тұңғыш шығуым. Алғашқы басты рөлім жыр дүлдүлі, тарихи тұлға, жүз жасаған Жамбыл бабамыз болғандықтан, өзім үшін ырымдап, жақсылыққа жоримын. Мұны тәжірибеден өтіп, өзімді кәсіби тұрғыда көрсетуіме маған берілген үлкен мүмкіндік деп есептеймін, – деді Асылбек Нұрланұлы.
– Бұл рөлге қалай келдің? – деп сұрадық одан.
– Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын 2020 жылы бітіргенмін. Жамбылдың жас кезіне актер таңдаған кастингтің алғашқы кезеңінде әскерде болғандықтан, оған қатыса алмадым. Отан алдындағы борышымды атқарып келгеннен кейін іріктеуге қатысып, өттім. Жамбыл Жабаевты мектепте оқушы кезімізден білеміз ғой. Өлеңдерін, Құлманбетпен айтысын жаттадым. Өмірін зерделеп, ақын туралы кітаптарды оқып, қандай адам болғанын білдім. Кейіпкерімнің бар болмысын өз бойыма сіңіруге, экранда бейнесін ашып көрсетуге тырысудамын. Әрі бұл аудан ақынның бүкіл ғұмыры өткен киелі жер екен. Ақын ішкен судан ішіп, жұтқан ауасымен тыныстағаным рөлімді ойдағыдай ойнауыма оң әсер етеді деп ойлаймын, – деді актер.
– Далалық жағдайда киноға түскен қандай екен?
– Мен үшін түсірілім өте қызықты өтуде. Қиындығы да қатар жүретінін анық сезіндім. Бірде шыжыған күннің астында жүрсек, енді бірде жаңбыр құйып кетеді. Мына жотаның арғы жағында киноға түсеміз, асты осында келіп ішеміз. Түнде Ұзынағашқа барып қонамыз. Екі араның бұралаң-бұдыр жолын өзіңіз көрдіңіз. Бірақ бұл өзіме ұнайды.
Фильмнің продюсері Ерқанат Бекежанға бірер сауал қойдық:
– Киноны түсіру қашан басталып еді?
– Бұл жоба Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына байланысты қолға алынған болатын. Түсіруді өткен жылы аяқтау жоспарланған еді. Алайда тендерге қатысу, ұйымдастырушылық, басқа да дайындық жұмыстары біраз уақыт алды, оның үстіне үлкен жоба болғандықтан екі жылға созылып кетті. Алғашқы кезеңінің өзі өткен жылдың күзінде түсірілді. Соңғы кадрлары осы қырқаларда түсіріліп жатыр.
– Аты аңызға айналған Жамбыл туралы бұған дейін де бірнеше фильм түсірілді. Бұл туынды несімен ерекшеленеді?
– Иә, жыр алыбы жайлы расымен де біраз кино бар. Өткен ғасырдың өзінде бірнеше көркем фильм өмірге келгені белгілі. Жамбылдың орта жастағы кезін кеңестік кезеңде Шәкен Айманов сомдады. Одан бергі уақытта «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Мұхаметжан Тазабеков жастық кезін бейнеледі. Кейінгі фильмде Байғали Есенәлиев ақынның қарттық кезін ойнады. Біздің қолға алған кинокартинада тарихи тұлғаның жас кезі де, қартайған шағы да қамтылады. Сонысымен ерекшеленеді. Жастық кезі туындының аз ғана бөлігі. Киноның негізгі сюжеті ақын өмірінің соңғы тоғыз жылына негізделген. Жамбылдың бұл кезін Досжан Жанботаев ойнайды.
– Өмірінің соңында өкімет салып берген өз үйінде түсірдіңіздер ме?
– Жоқ, Сіз айтып отырған Жамбыл ауылындағы мұражай-үйі сол кезеңді көрсетуге жарамады. Себебі маңында қазір табиғи газдың құбырлары, байланыс сымдары, электр бағандар, айналасында заманауи үйлер бой көтерген. Сексен жылдай бұрын осылардың бірі де болмаған еді ғой. Ол кезде ақын үйінің жанында тек алмабақ қана болған. Сондықтан ұқсас орынды Еңбекшіқазақ ауданынан таптық. Жамбыл сол алмабақ ішіндегі үйінде өмірінің әр белесін есіне алады. Жастық шағын осының алдында ғана Суықтөбе тауының етегінде түсірген едік.
– Жаңа фильмді көрермен қашан көре алады?
– Осы соңғы кезеңінің түсірілімі қазан айында басталып, үш аптаға созылды. Түсірілім аяқталған соң бірден монтаждау кезеңі басталады. «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмін, егер үлгере алсақ, ақынның туған күні қарсаңында экранға шығаруды жоспарлап отырмыз. Жоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда, — деді фильмнің продюсері Ерқанат Бекежан.
Түсірілім алаңында мұздай қаруланған атты сарбаздар олай-бұлай ойқастайды. Бес қаруы сай жауынгерлердің киімдерінен олардың бір жағы қоқандықтар, ал екінші топ қазақ жасақтары екені байқалады. Жамбыл Сұраншы мен Саурық батырларды жырлаған. Жаугершілік заманда елі мен жерін жаудан қорғаған қос батырдың ерлігіне негізделген көріністер кәсіби каскадерлардың қатысуымен таспаға басылуда. Үзіліс кезінде «Kazakh Union» каскадерлар тобының жетекшісі Бауыржан Әбішевті сөзге тарттық.
«Мұнда ақынның батырлық дастанына байланысты көріністерді, яғни атыс-шабысты орындаймыз. Мұны кино тілінде экшн дейді. Бұл фильмге тобымыздан 25 адамдай қатысып жатыр. Мұнда ауқымды соғысты емес, шағын қойылымдарды ғана көрсетеміз. Ерлік жырына байланысты ат құлағында ойнаған жігіттеріміз сайыс қимылдарын жасауда. Басқыншы қоқандықтар мен қазақ жауынгерлерінің қақтығысын қаншалықты нанымды ойнағанын көрермен киноны көргеннен кейін бағалай жатар. Түсіргеннен кейін оны әрлеу, монтаждау жұмыстары бар. Тобымыздың құрылғанына сегіз жылдан асты. Ұсынысқа орай басқа да киноларға атсалысамыз. Бұл – біздің жұмысымыз», – деді белгілі каскадер Бауыржан Әбішев.
Осылайша жыр дүлдүлі туралы тағы бір жаңа кинотуынды – «Жамбыл. Жаңа дәуір» көркем фильмінің Жамбыл ауданында қалай түсірілгеніне куә болған едік.
Суреттерде: Саурық пен Сұраншы батырлар бейнесіндегі Серікқазы Тлепалды мен Еркін Мекебаев; Жамбылдың жас кезін сомдаған Асылбек Әйтіш; фильмнің продюсері Ерқанат Бекежан; қазақ сарбаздары.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Мыңбаев ауылы,
Жамбыл ауданы.