Өткен аптада Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің жаңартылған құрамының алғашқы отырысы өткізілді. Оны ашқан аудандық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Айнабеков аталған құрылымның ел өміріндегі мән-маңызын атап айта келе, сөзді алдымен Қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі аудандық комиссияның төрағасы Сара Байбосыноваға берді. Ол хабарлама жасап, Қоғамдық кеңестер туралы заң мен ережеге сәйкес құрылған кеңестің жаңартылған құрамымен таныстырды (тізімі кестеде), оған мүшелікке өткендерді құттықтап, істеріне табыс тіледі.
Мұнан кейін бірінші отырыстың күн тәртібі бойынша жұмыстар жалғасты. Алдымен Қоғамдық кеңестің төрағасы туралы мәселе қаралып, бұл орынға Жанат Исағұлов лайықты деп танылды. Кеңес мүшелері бұл үшін бір кісідей толық дауыс берді. Жаңа сайланған төраға өзіне көрсетілген осындай үлкен сенім үшін алғысын айтып, алдағы уақытта бәрін де бірлесіп, сапалы жұмыс атқаруға шақырды.
Жанат Молдағұлұлы – өмірлік және еңбек тәжірибесі өте мол, кезінде аудан әкімінің орынбасары да болған, шаруашылық істерін жетік білетін, агроқұрылымдардың жемісті жетекшісі ретінде танылған, халықпен сөйлесе алатын, салиқалы, салмақты, кең ойлы азамат.
Сондай-ақ отырыста Қоғамдық кеңестің қызмет бағыттары бойынша комитеттер құрылып, кеңес төралқасының құрамы сайланды, Қоғамдық кеңес туралы ереже бекітіліп, 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастыру жайында мүдделі әңгіме болды.
Келесі кезекте кеңес мүшелеріне аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакиров «Қарасай ауданының аумағында жолаушыларды тұрақты әлеуметтік маңызы бар тасымалдауда сараланған тарифтерді белгілеу туралы» аудан әкімдігі қаулысының жобасы жайында нормативтік-құқықтық актінің жобасын, ал аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаев «Қарасай ауданының елді мекендерінің шекараларын (шектерін) өзгерту туралы» бірлескен Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 2017 жылғы 17 тамыздағы №18-5 шешіміне және Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің 2017 жылғы 17 тамыздағы №652 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» нормативтік-құқықтық актінің жобасын ұсынып, олар мақұлданды. Бұл мәселелер жөнінде кеңес төрағасы Жанат Исағұлов, аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов, кеңес мүшелері Бауыржан Айнабеков, Несіпбала Әбділдаева, Ұлтусын Бархинова, Сағат Мәсімақынов, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова, Сағындық Жылқыбаев өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салғанын айтқанымыз жөн.
Сол сияқты отырыста аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Салават Қазиев ұсынған «Қарасай ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау және шығару бойынша халыққа арналған тарифтерді бекіту туралы» аудан әкімдігі қаулысының жобасына арналған нормативтік-құқықтық актінің жобасы да қаралып, бұл жөнінде Бауыржан Айнабеков, Жанат Исағұлов, Ұлтусын Бархинова, Әсел Жылқыбаева, Сағат Мәсімақынов, Несіпбала Әбділдаева, Орынбай Жанәділ, Әмина Абдраманова, Сейтқали Ыбытаев және тағы басқалар алып, пікірлерін білдірді. Нәтижесінде бұл мәселеге таяу арада қайта оралу жөнінде шешім қабылданды.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылады.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.