Кез келген мемлекет үшін ең маңыздысы – халқының тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Сондықтан ел ішінде осы бағытта көптеген бағдарлама жүзеге асырылып, әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде. Оның ішінде, әрине, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмыспен қамту бағытына ерекше назар аударылуда. Соның арқасында еліміз бойынша 2025 жылдың III тоқсанында жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан үлкен жастағы халық санына шаққанда 64,8 пайыз, жұмыс күшінің санына шаққанда 95,4 пайызды құрады. Жұмыссыздық деңгейі (Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша) 4,6%-ды құрады. Халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеу деректері бойынша Қазақстан экономикасының түрлі саласында 9,3 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 7,2 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,7%) жалдамалы, 2,2 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,3%) өзін-өзі жұмыспен қамтып, еңбек етуде. Бұл 2024 жылғы III тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 96,3 мың адамға, жалдамалы қызметкерлердің есебінен 135,3 мың адамға өсті дегенді білдіреді. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,1%), өнеркәсіп (12,3%) және ауыл шаруашылығы (10,8%) салаларында байқалды.
Осы көрсеткіштерге қарап Қарасай ауданындағы жұмыссыздықтың ахуалы қалай екенін білгіміз келді. Бұл ретте Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығының филиалы Қарасай ауданы бойынша мансап орталығына жүгініп, оның басшысы Дулат Сансызбаевтан біраз ақпарат алдық.
Дулат Мұратұлының берген мәліметіне сүйенсек, Қарасай ауданы бойынша 2025 жылы 9457 азаматты, оның ішінде 7032 тұрақты және 2425 уақытша жұмыспен қамту жоспарланған. Алайда белсенді жұмыстар жүргізу арқылы жыл басынан ауданда 14 367 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 12 295-і, тұрақты, 2072-сі уақытша жұмысқа жіберілген. Яғни жоспар о бастағы мақсатқа қарағанда 151,9 пайызға орындалды. Бұл – жақсы нәтиже.
Жұмыспен қамтылғандар жайлы ашып айтатын болсақ, оның 3256-сы бос жұмыс орындарына тұрақты жұмысқа, 1257-сі қоғамдық жұмыс орындарына, 94-і жастар тәжірибесіне, 65-і алғашқы жұмыс орнына, 48-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Сондай-ақ 162-сі «Күміс жас» жобасы арқылы, бесеуі «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы, 568-і ұлттық жоба және 8912-сі жеке бастамалар шеңберінде жұмысқа орналасқан.
Мұнан бөлек қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 111 жұмыссыз азаматты кәсіби оқыту, қайта даярлау курстарына жіберу жоспарланған еді. Нәтижесінде 112 азамат жіберіліп, жоспардың орындалуы 100,9 пайызды құрады.
Қарасай ауданы бүгінде өндіріс пен кәсіпорындары дамыған өңірлердің бірі болып табылады. Осыған байланысты ауданда бизнеспен айналысатын немесе енді айналысқысы келетіндерге қолдау көрсетуге де назар аударылған. Бұл ретте өткен жылы аудан бойынша аталған саланы меңгеруге көмектесетін «Бастау Бизнес» курсына 275 азаматты жіберу жоспарланған еді. Алайда қалаушылардың саны көп болғандықтан, арнайы курсқа 492 адам қатысты. Нәтижесінде жоспардың орындалуы 178,9 пайызды құрады.
Одан бөлек мансап орталығының жоспары бойынша 2025 жылы мүгедектігі бар 17 азаматты квота арқылы жұмысқа орналастыру жоспарланды. Десе де өткен жылы орталыққа 193 мүгедектігі бар азамат жүгінген. Оның ішінде, «Бизнес Бастау» курсы бойынша оқуға 24-і тіркеліп, 12 азамат оқуды аяқтап сертификат алды. «Қоғамдық жұмыс» бойынша 31, «Күміс жас» жобасы бойынша сегіз, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша екі, тұрақты жұмысқа 55 адам жіберілді, квота бойынша 17 азамат жұмысқа орналастырылды. Жоспардың орындалуы – 100 пайыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандақтар жылы» деп жариялады. Осы орайда Қарасай ауданы бойынша аталмыш орталық тарапынан адамдарды жұмысқа тарту мақсатында төрт рет «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға 92 жұмыс беруші жұмылдырылып, 850 жұмыс іздеуші қатыстырылған. Жәрмеңке нәтижесінде 95 азамат тұрақты жұмысқа, біреуі белсенді шараларға жіберілді.
Бұдан бөлек аудан көлемінде орналасқан жеті ірі кәсіпорында («Нур-Дим», «Lake Farm», «ALTAMIR» өндірістік компаниясы, «Алтын таға», «Kz Recycling» ЖШС, Шамалған ауылындағы орталық базар, жастарға қызмет көрсету орталығы) «Ашық есік күні» өткізілді. Бұл шараға 321 азамат қатысып, қажетті көмек алған.
Жалпы жоғарыда айтылып өткен бағдарламаларға қарап-ақ мемлекет тарапынан қажетті шаралар атқарылып жатқандығын көруге болады. Мәселені шешу үшін ұлттық бағдарламалар жүзеге асып, кәсіпкерлікті де дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Осындай шаралардың арқасында Қарасай ауданында тұрғындарды жұмыспен қамту бағыты жақсы нәтижелер беруде.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
