Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушыларынан құрылған «ABAI TEAM» командасы таяуда Қонаев қаласында өткен байқауда өздерін жақсы көрсетіп, жеңімпаз атанды. Осы жеңістің арқасында олар жақында Астана қаласында өтетін робототехникадан Орталық Азия ойындарына жолдама ұтып алды. Қазіргі уақытта дарындылар тобы өздерінің алғашқы үлкен жарысына дайындықтарын пысықтауда.
Робототехника – бұл тек инженерлік бағыт қана емес, сонымен қатар балалардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілеттерін, зияткерлік және танымдық дағдыларын дамытуға ықпал ететін тиімді құрал. Тіпті, Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Тоқаев та цифрлық технологиялар мен ЖИ-ді мемлекеттік қызметтерден бастап экономика, денсаулық сақтау және білім беру салаларына дейін кеңінен енгізу мақсатында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялады.
Сондықтан бүгінгі заманауи білім беру жүйесіне оқушылардың зерттеушілік, сыни ойлау және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға қосымша көмек болатын робототехника секілді жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Біздің ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласында орналасқан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында да роботехника бағытын дамыту белсенді түрде қолға алынуда. Мәселен, оқу жылының басында білім ордасында төртінші сынып оқушыларынан жинақталған «ABAI TEAM» командасы құрылған еді. Небәрі бірнеше айдың ішінде аталған команда жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
– Мен информатика пәнінің мұғалімі болған соң робототехникаға қызығып, осы бағытта бірнеше жыл жұмыс істедім. Кейіннен өзім еңбек етіп отырған мектепте сабақтардан бөлек қосымша робототехника курстарын жүргізуді жөн көрдім. Бұл ойымды мектеп директоры Айгүл Сатанқызы қолдап, сол бастаманың нәтижесінде «ABAI TEAM» командасы пайда болды. Оның құрамына 4 «В» сынып оқушылары – Бексұлтан Ерболұлы, Райана Ерікжан, Айсана Аманжол мен Мұхаммад-Али Берікбол кірді. Құрылғанымызға көп уақыт өтпесе де біз біраз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік және де осы бетімізден қайтпай, əталай биік шыңдарды бағындырамыз деп ойлаймын, – деді информатика пәнінің мұғалімі Ұлжан Жақсылық.
Иә, команда жетекшісі айтып өткендей, «ABAI TEAM» командасы бірнеше айдың ішінде жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын ауданда «IT Robot-Х Бәйге» робототехника сайысы ұйымдастырылған еді. Нәтижесінде көптеген мектептен келген командалар арасында аталған команда оқушылары жеңіске жетіп, 1 орынды иеленді.
Сондай-ақ қараша айында облыс орталығы Қонаев қаласында ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «USTEM Foundation» қоғамдық қорының бірлесуімен робототехникадан FIRST халықаралық байқауының QONAEV REGIONAL облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Бұл жерде де «ABAI TEAM» командасы өзін жақсы көрсетіп, Гран-при иегері атанып, «Champion’s Award Winner» марапатын алды. Бұған қоса осы жеңістің нәтижесінде «ABAI TEAM» таяуда Астана қаласында өтетін робототехникадан Орталық Азия кезеңіне жолдама ұтып алды. Осы аралықта аталған команда қаңтар айының 5-6 күндері SDU University базасында ұйымдастырылған «Роботтар фестиваліне де» қатысып, CHAMPION’S AWARD FINALIST атанып үлгерді. Ал қазір олар елорда да өтетін алдағы алғашқы үлкен жарыстарына дайындық жұмыстарын жүргізуде.
– Астана қаласында өтетін халықаралық байқаудың тақырыбы «Археологиялық қазбаларды зерттеу» болып табылатындықтан, біздің балалар осы сала мамандарының жұмысын жеңілдететін роботтарды жасауды жөн көрді. Соның аясында біздің топ жерді абайлап қазып, жасырылған артефактілерді табуға арналған «АрхиБот», табылған артефактіні қауіпсіз көтеріп, зерттеу аймағына жеткізетін кран мен экспедициялақ көлік, қазба жұмыстары жүргізілетін жерде орналастырылып, ол жерді жарықпен қамтамасыз етіп, қолданылатын роботтарды қуаттандыруға мүмкіндік беретін жел диірменін, археологтардың демалуына және жұмыс істеуіне жағдай жасайтын қозғалмалы үй мен экспедициялық алаң секілді роботқұрылғыларын жасады.
Қазір осы жасаған құрылғыларымызды сынақтан өткізіп, жан-жақты жетілдіру барасындамыз, – деді Ұлжан Жақсылық.
Осыған қарап-ақ «ABAI TEAM» командасының қазіргі дайындығы жақсы екенін байқауға болады. Бұл байқаудан да бөлек робототехникаға қызыққан балалар өздерін әрі қарай жетілдіретін өзге де бағытта жұмыс істеулерін тоқтатпай, қызықты роботтарды құрастырумен айналысуда. Ал топ жетекшісі және мектеп басшылығы өз тараптарынан оларға барынша қолдауларын көрсетуде.
Бізде өз тарапымыздан жас өнертапқыштарымызды жетістіктерімен құттықтаймыз. Сондай-ақ алдағы халықаралық байқаудың республикалық кезеңінде де оларың озық нәтиже көрсететініне сенім білдіріп, сәттілік тілегіміз келеді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
