Газетіміздің өткен санында мәлімдегеніміздей, Шамалған ауылында орналасқан көп салалы кәсіптік білім беру колледжінде Корея Республикасы мен Қазақстан делегацияларының кездесуі өтті. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай қатысқан басқосу барысында екі елдің арасында келіссөз жүріп, қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяда заңды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.
Гүлнар Такимова бастаған колледж қызметкерлері қонақтарды дәстүрге сай қарсы алып, бауырсақтан, құрттан және қазақтың ұлттық тәттілерінен дәм татқызды. Фойеде құрметті қонақтарды ағаш ұстасының шәкірті Арғынбек Умаров барлық оқу ғимараттары, шеберханаларымен жатақхана көрсетілген колледждің макетімен таныстырды. Одан кейін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, оның барысында корейлік қонақтар бәрін өз көзімен көруге мүмкіндік алды.
Алдымен олар бірқатар оқу және өндірістік шеберханаларға, соның ішінде көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, қаңқа, панель және сылақ жұмыстары, сондай-ақ металл өңдеу, ағаш ұстасы және дәнекерлеу шеберханаларына барды. Айта кететін жайт, шеберхана Сәтбаев университетінің «Технологиялық машиналар және көлік» кафедрасының филиалы болып табылады. Аға шебер Нұрболат Сатқанбай және өндірістік оқыту нұсқаушылары жүргізіліп жатқан жұмысты түсіндірді. Сондай-ақ делегация мүшелеріне негізгі оқу ғимаратындағы әртүрлі дәрісханалар көрсетілді.
Колледж директоры Гүлнар Тұрсынбекқызының айтуынша, Алматы облысында 42 колледж бар, оның 22-сі мемлекеттік меншікте. 60 жыл бұрын ашылған Шамалған колледжі де осындай мәртебеге ие. 2013 жылға дейін ол №2 мемлекеттік кәсіптік мектеп ретінде белгілі болды. Бұл мемлекеттік білім беру мекемесі 2,7 гектар жерді алып жатыр. Ғимараттардың жалпы ауданы 8010 шаршы метрді құрайды. Оған екі оқу ғимараты, жеті оқу-өндірістік шеберхана, спортзал, 200 орындық жатақхана, 150 орындық акт залы және 120 орындық асхана кіреді.
Кездесудің ресми бөлігі колледждің мәжіліс залында өтті. Оның барысында жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяда заңды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.
Қазіргі уақытта 18 жастан 39 жасқа дейінгі азаматтарды Оңтүстік Кореяда заңды жұмысқа дайындау үшін үш колледж таңдалған. Оның біреуі Қонаев қаласында, біреуі Еңбекшіқазақ ауданындағы Қарамекер ауылында және біреуі Қарасай ауданындағы Шамалған ауылында. Жаңа жоба аясында Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін азаматтар 47 сағаттық алдын ала дайындықтан өтуі керек. Оның 40 сағаты корей тілін үйренуге, төрт сағаты елдің иммиграциялық заңдарының негіздерін түсінуге және үш сағаты қауіпсіздік шараларын үйренуге арналады. Визаны өңдеу де қатар жүргізіледі. Оқу курсын аяқтағаннан кейін Қазақстан азаматтары тестілеуден, содан кейін медициналық тексеруден өтуі тиіс. Осы кезеңдердің барлығын сәтті аяқтағаннан кейін олар Кореяда жұмыс іздеуші ретінде тіркеледі.
Кездесу барысында елдегі жұмысшылардың 80 пайызы өндіріс пен қызмет көрсету саласында, ал 20 пайызы басқа салаларда қажет екендігі де талқыланды. Виктория Вильгельмовнаның айтуынша, елімізде Кореяға қажетті мамандардың толық ауқымы бар. Ол сондай-ақ Қазақстанның мұндай халықаралық бағдарламаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар екенін және біздің еліміз Кореяда жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға заңнамалық және әлеуметтік қолдау көрсетуге мүдделі екенін атап өтті.
Ал кореялық делегация мүшелерінің айтуынша, оларға EPS өкілдері үшін Алматыда тегін кеңсе қажет. Бұл шетелдіктерге E-9 визасымен елде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін, олардың құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін және корей тілі емтиханынан (EPS-TOPIK) өтуді талап ететін Корея үкіметінің жүйесі. Сондай-ақ оларға тағылымдамадан өтушілерді тестілеу үшін ғимарат қажет болады.
Мұнан бөлек жиында қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, Кореяда жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар үшін оқудын тегін және оны мемлекет қаржыландыратыны талқыланды. Яғни аталған жоба аясында жұмысқа кететіндерге жоғарыда айтылған көмекпен қоса шәкіртақы төленеді, ал Кореяға ұшу билеттерінің құнын үкіметаралық келісім жасалғаннан кейін шешіледі.
Екі жақты меморандумға қол қойылғаннан кейін Виктория Шегай Оңтүстік Кореядан келген қонақтарға жергілікті үкімет барлық келісімдердің орындаушысы болатынын түсіндірді. Сондықтан әкімдік өкілдері әртүрлі кезеңдегі жобалар мен бағдарламаларды талқылауға қатысады.
Сонымен қатар кездесу барысында әрбір облыста және республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін еңбек мобильділігі орталықтарының жұмысы сөз болды. Олар жергілікті әкімдіктерге және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне есеп береді.
Виктория Вилгельмовнаның сөзінше, жаңа жобаның ерекше қуантатын тұсы – ол біздің қазақстандықтардың ресми түрде жұмыспен қамтылуын және тұрақты табыс табуын қамтамасыз етуі. Себебі ешбір жұмыс беруші оларды алдай алмайды. Сондай-ақ олар депортациядан қорғалады және өз мемлекетінің қорғауында болады.
Қазіргі кезеңде көптеген ұйымдастырушылық мәселелер шешілуде. Бағдарламаны ресми түрде іске асыру үкіметаралық келісім жасалғанға дейін осы жазда басталуы мүмкін.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
