Жалпы бүгінде қоғамымызда көп талқыланып, шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – мемлекеттік тіл қолданысының жай-күйі. Еліміз тәуелсіздігін алып, жеке дара республика болып құрылғаннан бері мемлекеттік тілдің ел басқару, заң шығару, ісқағаз жүргізу, білім мен ғылым саласындағы және бұқаралық ақпарат құралдарындағы аз қолданысы күн тәртібінен әлі де түспей келеді. Себебі егемендік алғанымызға 33 жылдан асса да қазақ тілінін мәртебсі әлі күнге дейін лайықты деңгейде көтерілмей келеді. Әрине, осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан қазақ тілінің өз мәртебесіне сәйкес қолданысын қалыптастыру бағытында атқарылған істер, жүзеге асқан жобалар, тындырылған шаруалар аз емес. Қазақ тілінде жүздеген мектеп ашылып, халықтың ана тілінде көптеп білім алуларына мүмкіндік туды. Жоғары оқу орындарында да қазақ тіліндегі топтар көбейді, қазақ тілін оқыту сапасы жақсара түсті. Ана тілінде білім алушылар саны артты. Білім беру мен ғылым, мәдениет, бұқаралық ақпарат және тағы да басқа салаларда ілгерілеушілік пайда болды. Қазақ тілін үйрету әдістемесін жетілдіру мен ұлттық терминологияны қалыптастыру бағытында да көптеген жұмыстар жүргізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қазақ тілінің өрісі кеңейді деуге әбден болады, бірақ қолданысы сол дәрежеде қалды. Бір сөзбен айтқанда, мұндай жұмыстардың нәтиежесі бүгінде жеткіліксіз болып отыр деп айтуға болады. Өз ойын қазақ тілінде толық жеткізе алмай, қазақша және орысша сөздерді араластырып, шала сөйлеп жүрген бүгінгі қоғамымыздағы «қазақтар» – соның айғағы.
Теледидардан, жазба және желілік басылымдардан тіліміздің мәртебесі жылдан-жылға көтеріліп келе деп айтылып жатқанымен, мәселеге тереңірек үніліп қарасақ, қазақ тілінің қолданысы әлі де ақсаңдап тұрғанын байқауға болады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеймей отыруының негізгі себебі ретінде қазақ халқының өз ұлтына деген сүйіспеншілігінің төмендеуі десе де болады. Себебі ұлтын сүйетін әрбір азамат, мейлі ол мемлекеттік тіл болмағанның өзінде өз ана тілін көкке көтеріп, ерекше қадірлеп, сол тілде сөйлеуді парыз деп санайды. Ал бүгінде адамдар, әсіресе жастар жаңашылдықтарға тым үлкен көңіл бөліп, өзінің ата-бабасынан қалған құндылықтар мен салт дәстүрді ұмытып, оның қажеттілігін жоққа шығаруда.
Тағы бір себеп – қазақ тіліне деген қажеттіліктің, сұраныстың жоқтығы. Жалпы кез келген нәрсенің қолдану аясының кеңеюі, мәртбесінің жоғарылауы оған деген қажеттіліктің туындауына ғана байланысты. Бұл тілге қатысты. Қажеттілік бар жерде ғана оған деген сұраныс болады. Осы уақытқа дейін елімізде қазақ тіліне деген аса қажеттіліктің болмауынан, көптеген салада негізгі қоғамдық қатынастардағы функцияларды орыс тілі атқарып отырды. Салдарынан мемлекеттік тіл екінші орынға ығыстырылып, жаппай қолданыстан шеттетіліп қалды.
Жалпы бүгінде тіліміз деңгейін көтеру үшін жұмысты ең бірінші кезекте балалармен жүргізу керек. Әрине, балалармен жұмыс отбасынан бастау алады. Сондықтан біз өзімізді қазақ тілінде сөйлеуге тәрбиелей білуіміз керек. Әр өзгеріс өзімізден басталатынын ұмытпайық!
Одан кейін білім жүйесі. Мәселен, бүгінде балабақшаларда қазақ тілін жетік білмеген балаларға қосымша ағылшын тілінде үйретіп жатады. Бұл – үлкен қателік. Себебі бір тілде, қазақ тілінде енді ғана сөйлеуді үйрене бастаған кішкентайдың басына қосымша екінші тілді тығыңдай бастасаң, аяғында ол екеуін де шала үйренетіні айдан анық. Мектепте де дәл солай. Оқушы алдымен өз тілінде оқып-жазуды, ойын дұрыс жеткізе алуды үйрену керек. Тек содан кейін ғана оған орысша және ағылшын тілдерін үйретуге болады. Жалпы мектептерле өзге тілдерді төртінші сыныптардан бастап үйрете бастаған дұрыс. Бұған қоса білім ордаларындағы оқытылып жатқан кітаптарға дұрыс деңгейде көңіл бөлу керек. Соңғы жылдары көптеген ата-ана балаларына берілетін тапсырмалардың дұрыс құрастырылмағандығына, ақпараттың көптеген қателермен жазылып жатқандығына наразылықтар білдіруде. Осының бәрі қолға алып, жөнге келтіру қажет. Еліміздегі оқулықтарды жасайтындар қателіктермен жұмыс жасай алмаса, өсіп келе жатқан жастардан не сұрауға болады?
Тағы бір шешім жоғары да айтып өткеніміздей, тілге деген қажеттілікті арттыру қажет. Қазір де, әсіресе қалалық қазақ ұлты өкілдері арасында орыс тілінде сөйлесетіндерінің саны басым болып отыр. Мемлекеттік басқару орындарында қарым-қатынас негізінен орыс тілінде жасалады. Мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды басшылардың дені қазақша сөйлемейді. Қазақша оқыған немесе қазақ мектептерінде оқып жүрген ұл-қыздарымыздың өзі орысша сөйлеуге бейім. Парламент қабылдаған заңдар мен мемлекеттік ресми құжаттар көп жағдайда өзге мемлекеттің тілі – орыс тілінде дайындалып, содан кейін қазақ тіліне аударылатыны жасырын емес. Әлі күнге дейін біздің елімізде ғана мемлекеттік тілді білмеу айып емес секілді болып көрінеді. Өзге елдердің көбі мемлекеттік тілін білмесе, қара жұмыстың өзіне үлкен қиындықпен орналасады. Ал біздің елде қазақ тілін білмейтіндер ең жоғары лауазымдарға тағайындалып, басшылық орындарда еш кедергісіз қызмет істеуде. Әрине, бұл өзге ұлттың адамдарын жұмысқа алмау керек деген сөз емес. Оларға қызметке қабылдау кезінде өз тілінен бөлек қазақ тілін де жетік білуі қажет деген – талап.
Сонымен қатар еліміздегі заңдарды қатаңдату керек. Талаптың қатаң болмағандығынан, тіпті мемлекеттік шенеуніктер де сұраққа жауаптарын, пікірлерін қазақ тілінде жеткізбейді, тырыспайды да. Мемлекеттік тіл болып табылатын ата-бабасының тілін мансұқтап отырғанына арланбайды. Көбінесе бұл ештеңкеге әсер етпейді. Дегенмен жоғары лауазымдағы адамдар, жиындар мен мерекелік шараларды жүргізушілер орыс тілінде сөйлеген кезде көпке еліктегіш жастардың ойында қазақ тілде сөйлеу керек деген ой туындамайды. Сондықтан егер ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейткіміз келсе, онда заңды қатаңдатып, жауапкершілікті арттыру қажет.
Бұдан бөлек бүгінде адамдардың қолданатын қосымшалардың, сайттардың барлығы дерлік орысша жасалғандығы да себеп болып отыр. Онда қазақ тілін таңдасаң, тағы да жоғарыда айтып өткеніміздей, жазылған ақпараттың 50%-ы түсініксіз. Осыны да қолға алып, халық түсінетін қарапайым тілде жасалған қосымшаларды көбейту керек. Бұған қоса ғаламторларда оқушыларға, студенттерге қажет ақпараттар қазақ тілінде өте аз. Амалдың жоғынан студенттерге керек нәрселерін орысша тауып, оны қазақша аударып жазуларына тура келеді. Шынын айту керек, бүгінде теледидардан, әлеуметтік желілерден берілетін ақпараттың өзі көбінде қазақ тілінде түсінікті тілде жазылмайды. Сондықтан болар адамдар оданда орысша пабликтерге кіріп, қысқа да нұсқа түсінікті ақпарат алуды жөн көреді.
Осыдан шығатын қорытынды, бірінші – тәрбие, екінші – қатаң заң, үшінші – жарыққа шығарылатын барлық ақпараттардың тілдік, стильдік сапасын аса мән беру керек. Әрине, мұның барлығын бір мезетте орындау мүмкін емес. Алайда кезең-кезеңмен осы өзгерістерді енгізсек уақыт өте келе өз жемісін беретін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.