Осыдан 79 жыл бұрын бүкіл елге қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда еліміздің 6,5 млн халқының 1,2 млннан астамы, шамамен 20%-ы майданға аттандырылған еді. Соның тең жарымынан астамы Отанға оралмай, соғыс майданында қайтыс болды. Сол жас сарбаздардың қатарында Қарасай жерінен майданға аттанған жауынгерлеріміз де бар. Олар Отан үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан аға буын өкілдеріне бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз.
Өкінішке орай, жылдар жылжыған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған майдангерлер де қалмай барады. Мәселен, өткен жылы ауданымызда Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагеріміз бар болса, биыл сұрапыл жылдардың куәгері болған бір ғана қариямыз қалды.
Жылда оларға қолдау ретінде мемлекет тарапынан берілетін бір реттік әлеуметтік көмек бар. Биыл арамызда қалған жалғыз қарасайлық ардагер атамызға қаржылай көмек ретінде 2 миллион теңге берілді.
Сонымен қатар бүгінде ауданымызда Ленинград қаласын қоршау кезінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелерінде және ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» төсбелгісімен марапатталғандар қатарына жататын бір ғана қариямыз қалған екен. Оған қаржылай көмек ретінде 74 мың теңге бөлінді.
Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай жұмыс істеген, алайда наградталмаған тыл еңбекерлері болып саналатын 389 қарасайлық 21543 теңгеден ақшалай көмек алды. Бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде алған жарақат, контузия алған немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығып, мүгедек болған 25 әскери қызметшіге 4615 теңгеден берілді.
Бұған бөлек қазіргі таңда ауданымызда сұрапыл соғысқа қатысып, аман оралған ардагерлердің, майданда қаза тапқан жауынгерлердің 15 жесірі бар. Олардың бәріне де жан-жақты қамқорлық көрсетіліп, көмек ретінде биыл ауданнан 831 мың теңге бөлінді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Ұлы Отан соғысының ардагеріне 2 млн теңге берілді
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Общество » Ұлы Отан соғысының ардагеріне 2 млн теңге берілді