2020 жылдың 22 қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің ІV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Оқуға деген қызығушылық, кітап арқылы қоршаған әлемді тану балаларда мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек. Кітапхана осы қызығушылықтың орталығы, кітаптардың қызықты әлеміне жетелейтін орын болуы қажет» деген болатын. Кітапхана – мектеп оқушылары мен ұстаздар үшін үлкен тәрбие мектебі, сансыз сұрақтардың жауабын табуға болатын сиқырлы да киелі орда. Кітапхана ақпарат және білім орталығы ретінде ақпаратты беру мен табу, іздестіру жолдарын білуде кітапханашы мамандар бірінші кезекте, жоғары ақпаратты біліммен қаруланған, өз ісінің шебері, әмбебап маман болу керек.
Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты, білімді, парасатты кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек. Осы тұста оқушылардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру мақсатында тынбай қызмет атқарып жүрген Бұлақты ауылындағы бастауыш мектебінің кітапхана меңгерушісі Бағила Көкшегированың еңбегін ерекше атап айтқымыз келеді. Ол – өзінің жұмысын сүйіспеншілікпен орындайтын жақсы маман иесі.
«Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын», – деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, Бағила Дәулеткелдіқызы кітапханаға кірген әрбір оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын да шашып, мейірімді жүзімен өзіне бірден баурап алады. Өз ісін сүйіп, құлшыныспен орындайтын Б.Көкшегирова мектебімізде оқушыларды түгел кітаппен қамтып кітап жетіспеушілігіне жол бермеуде. Әр уақытта оқушылар мен ұстаздар үшін кітапхана есігі айқара ашық тұрады. Жас ұрпақтың бетін кітапқа бұрып, ықыласын кітапханаға аударатын іс-шаралардың жастарға берері мол .Оқушыларды кітапханаға келген жаңа кітаптармен таныстырып, балаларды кітап оқуға қызықтыра түседі.
Бағила апай мектепте әр атаулы күндерге арналып іс-шаралар, көрме, акциялар өткізеді. Соларға тоқтала кетсек, «Тіл – халықтың жаны», «Ақиық ақын – Мұқағали Мақатаев», «Тәуелсіздік –тұғырым», «Балалық шаққа саяхат», «Ертегілер әлемі» тақырыбында кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Қазақтың ақын жазушыларының шығармаларымен таныстыру және поэзия әлеміне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында оқушылар арасында «Абай оқулары», «Мағжан оқулары» , «Мұқағали өлеңдері» тақырыбында мәнерлеп оқу байқауларын өткізді. «Балалар кітапханасы» жобасы аясында 3 сынып оқушыларымен «Жақсы кітап – жан азығы» атты оқушылар арасында кітап оқудан, тапқырлықтан сайыс өткізді. Оқушылар оқыған шығармаларының мазмұнын әңгімелеп айту арқылы тіл байлықтары артып, ой-өрістері дамып, кітап оқуға деген қызығушылықтары арта түсті. Оқыған шығармаларының желісі бойынша сахналық қойылымдар көрсетті. Кітапханада атқарылып жатқан көптеген жұмыстардың нәтижесінде мектебіміздің оқушылары республикалық «Мағжан оқулары», «Абай оқулары» байқауларына қатысып үнемі жетістікке жетуде.
Бағила Дәулеткелдіқызы жоғарыда атап өткен шаралардан бөлек, қызметтік міндеті ретінде оқушылардың оқулықтарын үнемі қадағалап, оқушыларға оқулықтарды таза, ұқыпты ұстауды үйретеді. Сондай-ақ күзгі, қысқы, көктемгі демалыс күндерінде «Бос уақытыңда кітап оқы» тақырыбында іс-шаралар ұйымдастырып, оқушылардың демалыс күндерінде кітап оқуына ықпал етеді. Жыл бойы мұғалімдермен бірлесе отырып іс-шаралардың өтілуіне көмектесіп қажетті ақпараттық мәліметтер мен көрнекі құралдарының жасалуына жәрдемдесіп, еш көмегін аяған емес.
Бағила Көкшегирова ұстаздардың да әдістемелік жұмысына барынша қолдау білдіреді. Ол әдістемелік кітаптармен, электрондық қажетті кітаптармен қамтып, мұғалімдердің алғысын алуда.
Дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан мектеп кітапханашысы Бағила Көкшегированың еңбегі ұшан-теңіз. Өзіне жүктелген міндетті сүйіп атқаратын кітапханашы білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына едәуір үлес қосып келеді.
Білім бұлағының қайнар көзі – кітапханалар сарқылмай, өрлеп, өркендей берсін. Мектеп кітапханашысы Бағила Дәулеткелдіқызының еңбегіне табыс тілейміз.
Н. БИЛИБАЕВА,
Бұлақты ауылындағы
бастауыш мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
