Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қарасай ауданы бойынша 6 481 азамат жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде 4 035-і – жастар санатындағы азаматтар. Осы ретте жыл сайын жұмыссыздар санын азайтуға және жастарды еңбекке баулуға бағытталған мемлекеттік жобалардың арқасында ауданда олардың қатары біртіндеп азайып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы мансап орталығы арқылы 93 қарасайлық сұранысқа ие мамандықтар бойынша үш айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқуды сәтті аяқтады. Бүгінде бұл азаматтардың басым бөлігі жаңа мамандық иегері атанып, тұрақты жұмысқа орналасып үлгерді.
Қазіргі таңда жаһандық еңбек нарығындағы сұраныс сәт санап қарқынды түрде өзгеруде. Әсіресе, экономиканы цифрландыру, жаңа озық технологияларды енгізу мен өндірістік үдерістердің автоматтандырылуы заманауи мамандарға қойылатын талаптарды мүлде жаңа жоғары сатыға көтерді. Бүгінгі жұмыс берушіге тек дипломы бар маман емес, заман ағымына бейімделген, нақты практикалық дағдылары бар білікті кәсіп иелері қажет. Осындай өтпелі де жауапты кезеңде мемлекет тарапынан жұмыссыз жүрген немесе өз кәсібін өзгертіп, заман талабына сай жаңа бағытта бағын сынағысы келетін азаматтарға арналған кешенді жобалар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Солардың ішіндегі ең тиімдісі әрі халық арасында зор сұранысқа ие болып отырғаны – мерзімі үш айдан аспайтын қысқа мерзімді тегін кәсіптік оқыту курстары. Бұл бастама екі қолға бір күрек таппай жүрген немесе өз әлеуетін аша алмай жүрген көптеген азаматтар үшін нақты өмірлік оң өзгерістерге жол ашатын, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін таптырмас мемлекеттік қолдау құралына айналды.
Қазіргі уақытта Еңбек мобильділігі орталығы мен аймақтық мансап орталықтары тарапынан ұйымдастырылатын мұндай курстар азаматтарды еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарға тез арада бейімдеуді көздейді. Бағдарламаның басты мақсаты тек жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша статистикалық көрсеткіш қуу емес, сонымен қатар бәсекеге қабілетті, өз ісінің қыр-сырын терең меңгерген білікті мамандарды даярлау, сол арқылы отбасылардың әлеуметтік жағдайын арттыру болып табылады.
Қарасай ауданы бойынша мансап орталығының маманы Шұғыла Алдабергеннің мәліметіне сүйенсек, аталған нәтижелі бағдарламаның арқасында екі жылда 205 адам арнайы оқуға жіберілген. Оның барысында тұрғындар еңбек нарығында тапшы болып отырған заманауи әрі сұранысқа ие кәсіптерді меңгерді. Олардың қатарында шаштараз, тігінші, аспаз, кондитер, SMM-менеджер және мобилограф, автоэлектрик, электргазбен дәнекерлеуші, сондай-ақ есепші-кассир мамандықтары бар. Олардың қай-қайсысы да бүгінгі нарықта өз орнын тауып, жеке кәсіп бастауға да, дайын кәсіпорындарда еңбек етуге де толық мүмкіндік береді.
Жобаның басты ерекшелігі мен артықшылығы – қатысушылардың тек тегін кәсіби білім алып қана қоймай, оқу кезеңінде жан-жақты әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етілуінде. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес оқуға қабылданған азаматтарға ай сайынғы стипендия мен материалдық көмек қарастырылған. Мұнымен қоса, білім алушыларға жол жүру шығындарын өтеу, міндетті медициналық анықтамаларды алу құнын жабу сияқты өзге де қаржылай қолдау түрлері көрсетіледі. Бұл, әсіресе, әлеуметтік осал топтағы тұрғындар үшін оқу процесіне алаңсыз қатысуға үлкен септігін тигізеді.
Жалпы мемлекет ұсынып отырған бұл мүмкіндікті пайдалану үшін қойылатын талаптар да өте қарапайым әрі қолжетімді. ҚР-ның Әлеуметтік кодексінің 109-бабына сәйкес, жұмыссыздар қатарындағы ҚР азаматтары мен елімізге оралған қандастарымыздың мұндай кәсіптік оқытудан өтуге толық құқығы бар. Курсқа қатысу үшін азаматтар белгіленген тәртіппен жергілікті мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Одан кейін орталық мамандары оларды қолайлы бағыттар бойынша кәсіптік оқуға жолдайды.
Оқыту процесінің сапасы мен оның өндіріспен байланысына да ерекше мән берілген. Кәсіптік оқу жұмыс берушілердің нақты өтінімдері мен сұранысы негізінде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы тізіліміне енгізілген білікті білім беру ұйымдары мен оқу орталықтарында жүргізіледі. Сонымен қатар заманауи цифрлық шешімдерді қолдану мақсатында Электрондық еңбек биржасының порталы (skills.enbek.kz) арқылы сұранысқа ие кәсіптерді қашықтық форматта, онлайн режимінде оқып үйрену мүмкіндігі де қарастырылған. Кәсіптік оқыту еңбек нарығындағы нақты қажеттілікке негізделгендіктен, оқуды аяқтаған азаматтарды алған мамандығы бойынша тұрақты жұмыс орындарына орналастыруға тікелей жәрдем көрсетіледі.
Бүгінде Қарасай ауданы бойынша мансап орталығы жұмыссыз азаматтарды меңгерген мамандықтары бойынша, сондай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында өңірдегі жетекші білім беру ұйымдарымен, оқу орталықтарымен және ірі кәсіпорындармен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Атап айтқанда, бұл ауқымды бастама «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі», «Измаханова» ЖК, «Айкул», «Atlant Media», «MS-BS» сияқты белсенді компаниялармен серіктестік тұрғысында табысты жүзеге асырылып келеді. Мұндай ынтымақтастық оқуды бітірген жас мамандардың бірден өндіріске араласып, тұрақты табыс табуына кепілдік береді.
Осы орайда жаңа мамандық меңгеріп, өз өмірін оң бағытқа бұрғысы келетін әрбір азамат толық әрі толыққанды ақпарат алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан мансап орталығына жүгіне алады. Бұл жерде орталықтың білікті мамандары қажетті кеңестер беріп, құжаттарды рәсімдеуге және тиісті курстарға бағыттауға әрқашан дайын.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

