Көрнекті ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғалиолла Мейірманның агрорлық салада атқарып жатқан еңбегі елеулі. Талай шәкірттің жолын ашып, әрдайым жетістік тұғырында көрінуіне өлшеусіз үлес қосты. Жақында ғалым Ғалиолла Төлендіұлы 80 жасқа толып, құрмет биігінен көрінді. Осынау мерейтойдың аясында жақында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылым мен өндірісті ұштастыра білген тұлғаның мерейтойына арналған ауқымды басқосу аграрлық ғылым өкілдерін, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілерін, өндіріс мамандарын, әріптестері мен шәкірттерін бір алаңға жинады.
Конференцияның ашылуында ұйымдастырушылар Ғалиолла Мейірманның отандық аграрлық ғылымды дамытудағы, мал азығын өндіру саласын жетілдірудегі, ғылыми мектеп қалыптастырудағы және жас мамандар тәрбиелеудегі ерекше еңбегіне тоқталды.
Іс-шараны «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Бауржан Асанов ашып, Ғалиоллла Төлендіұлының ғылым мен өндірістегі қажырлы еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ғалымның аграрлық ғылымның дамуына қосқан үлесі бірнеше буын ғалымдары үшін үлкен мектепке айналғанына тоқталды.
Конференция барысында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық ғылым және білім департаментінің директоры Айхан Сұлтан және «Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясы» РҚБ президенті Тілектес Есполов мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдіріп, оның ғылыми мұрасы аграрлық саланың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өтті.
Пленарлық бөлім аясында мал азығын өндіру саласының өзекті мәселелері, ғылым мен өндірістегі заманауи тәсілдер және аграрлық секторды тұрақты дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Алғашқы баяндаманы «ҚазЕжӨШҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Азамат Хидиров жасап, академик Мейірман Төлендіұлының мал азығын өндіру саласындағы ғылыми қызметіне жан-жақты тоқтала келе, ғалымның отандық малазықтық дақылдарды дамытудағы жаңашыл еңбектерін ерекше атады.
Келесі кезекте мерейтой иесі Ғалиолла Төлендіұлы өзі сөз алып, «Мал азығын өндірудің өзекті мәселелері: проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында баяндама жасап, саланың қазіргі ахуалына терең талдау ұсынды. Ғалымның деректерінде мал азығының қауіпсіздігі, өнімділікті арттыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне айтылып, аграрлық ғылымның алдағы бағыттары айқындалды.
Ал микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Амангелді Саданов ауыл шаруашылығы микробиологиясының заманауи жетістіктері мен оларды мал азығын өндіруге енгізу мәселелерін баяндады. Оның баяндамасында биологиялық технологиялардың ауыл шаруашылығындағы тиімділігі кеңінен сөз болды.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ауыл шаруашылығы дақылдарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Басқарма төрағасы Талғат Ажғалиев жоғары өнімді малазықтық дақылдарды енгізудегі сорт сынаудың рөліне тоқталып, жаңа сорттарды өндіріске енгізудің маңызын атап өтті.
Конференцияның екінші бөлімінде «ҚазМШжМКҒЗИ» ЖШС Басқарма төрағасы Айбын Төреханов мал азығын өндіру мен жайылымдарды тиімді пайдалану арқылы аграрлық секторды тұрақты дамыту мәселелерін көтерді.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Бақытжан Мұхамбетов Атырау өңіріндегі мал азығын өндірудің проблемалары мен даму перспективаларын академик Ғалиолла Төлендіұлының ғылыми көзқарастары негізінде талдап берді.
«ОҚМШжӨШҒЗИ» ЖШС бас ғылыми қызметкері, профессор Дәурен Алдамжарұлы Сыдық Оңтүстік Қазақстандағы мал азығын өндірудің қазіргі жағдайына тоқталып, өңірлік ерекшеліктер мен даму мүмкіндіктерін баяндады.
Ал «Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» ЖШС бас ғылыми қызметкері Уәлихан Малғаждарұлы Сағалбеков өз баяндамасында академик Ғалиолла Мейірманның ғылыми еңбектерінде көтерілген мал азығын өндірудің өзекті мәселелерін саралады.
Шығыс Қазақстандағы тұқым шаруашылығын дамыту тақырыбында «ШҚАШТС» ЖШС Басқарма төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары Сауле Сейлгазина баяндама жасап, біржылдық және көпжылдық шөптердің тұқым шаруашылығын дамыту тәжірибесімен бөлісті.
Пленарлық бөлімді Н.И. Вавилов атындағы Өсімдік генетикалық ресурстары Приарал тәжірибе станциясының директоры Алдаберген Еспанов қорытындылап, малазықтық дақылдар коллекциясын жинау, сақтау және зерттеу бағытындағы ғылыми жұмыстар жөнінде баяндады.
Конференция барысында қатысушылар академик Мейірман Ғалиолла Төлендіұлының ғылыми мұрасы мен еңбектері отандық аграрлық ғылым тарихында ерекше орын алатынын атап өтті. Оның ғылымға адалдығы, ұйымдастырушылық қабілеті мен ұстаздық жолы жас буын ғалымдары үшін үлкен өнеге екені айтылды.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға, спикерлерге және қонақтарға алғыс білдіріп, аграрлық ғылымның одан әрі дамуына тілектестік білдірді.
Өз тілшіміз.

