Өткен аптада Қарасай ауданына ресми іссапармен ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан келіп, аудандағы ұстаздар қауымымен кездесті. Сонымен қатар ол білім саласындағы мәселелерге қатысты Алматы облысы бойынша азаматтарды жеке қабылдап, ұсыныстарына, өтініштеріне құлақ асты.
Аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева төрағалық етті. Сондай-ақ аталған басқосуға білім саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева және мектеп басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Алғашқы сөз кезегін алған Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы алдымен халық арасында байланысты күшейту мақсатында Қарасай жеріне арнайы ат басын бұрғанын айтып, аталмыш министрліктің атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша тоқталды. Ол өз сөзінде ведомствоның негізгі идеясы балаларға сапалы білім беріп, олардың қауіпсіз ортада дамуына жағдай жасау екенін жеткізді. Сондай-ақ ел Президентінің бастамасымен «Ұлттық қор», «Жайлы мектеп» сияқты ауқымды жобалардың жүзеге асып жатқанын тілге тиеп етіп, ұстаздар қауымының сұрақтары мен пікірлеріне құлақ асты.
Өзекті сұрақтардың бірін В.Белинский атындағы орта мектептің директоры Тұрсын Сайбырова қойды. Анығын айтқанда, ұсыныс ретінде кадр тапшылық мәселесін алға тартып, «ЖОО-да оқитын 4-курс студенттерін шартты түрде жұмысқа қабылдауға болады ма?», – деген сауалын жолдады. Вице-министр Еділ Оспан бұл мәселе республика бойынша өзекті болып тұрғанын түсіндіріп, заң шеңберінде рұқсат етілмейтінін жеткізді. Өйткені кез келген адамды мұғалім ретінде жұмысқа қабылдау үшін тиісті құжаттары, яғни оқу орнын аяқтағаны, біліктілігі барын растайтын дипломдары болуы тиіс. Алайда Еділ Сабырұлы бұл ұсынысты жүйелі түрде қарастыруға болатынын айтты.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Рустам Ералиұлы өз пәні бойынша алдағы уақытта сағат санын арттыру мәселесін көтерді. Бұл өте орынды сауал екенін айтқан вице-министр жалпы балаларды еңбекке баулу тек мектепте қана емес, сыныптан тыс та жүргізілу керек деп ойын білдірді. Ал ұстаздың қойылған сұрағы күрделі болғанмен, қазіргі уақытта министрліктің күн тәртібіндегі мәселе емес екенін түсіндірді.
– Әрине, сұрағыңыз өте орынды. Дегенмен бұл мәселе мектеп қабырғасында басшылықпен шешілуі тиіс. Егер көркем еңбек сабағының көптігі балалардың дамуына қажет болып табылса, оқу бағдарламасына енгізілгені жөн. Бұл ұсынысты мен өзіме түртіп жазып алдым. Есімде болады. Сіз айтқан идеяны мен де қолдаймын, – деп Е.Оспан жауап ретінде пікір білдірді.
Сондай-ақ бұл жиында ұстаздар қауымы үшін ұтымды ұсыныс та айтылды. Білім саласында талай жыл еңбек еткен, қоғам белсендісі Ұлтусын Бархинова балалардың білім алуы жолында атқарылатын жұмыс қашанда өзекті екеніне түсіндіре келе, мұғалімдердің мәртебесін одан әрі арттыратын тағы іске тоқталды. Айтуынша, шет мемлекеттерде, тіпті бұрын да біздің елде Мұғалімдер үйі болған. Алайда бұл ғимарат қазір жоқ. Осыны қайта қолға алып, ағартушылық жолында жүрген жандардың өз мекемесі болса деген ұсыныс-тілегін ортаға салды.
– Өте жақсы идея. Оның жүзеге асуын талқылап қарауымыз керек. Жалпы мұғалімдерді қолдауға қатысты кешенді жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келеді. Мұндай бастамаларды одан әрі жетілдіру үшін Сіз айтып отырған Мұғалімдер үйі керек те шығар. Алайда бүгін-ертең көтерілетін бастама емес болғандықтан, оны тереңінен қарау керек. Өйткені оның мақсаты, концепциясы болуы тиіс. Одан бөлек қаржылық жағын да шешуіміз қажет. Ойыңыз өте орынды. Өзіме жазып алдым. Министрліктің қабырғасында әріптестеріммен ақылдасып көремін, – деді вице-министр Еділ Сабырұлы.
Дәл осындай сұрақтардың легін басқа да мектеп басшылары, бірқатар ұстаздар жеке-жеке қойып, тиісті жауап алып, білім саласына қатысты ойларын білдірді. Еділ Сабырұлы әрбір сауалға көңіл бөліп, ұсыныстардың барлығын назарға алды.
Жиыннан соң вице-министр Е.Оспан әкімдіктің кіші мәжіліс залында Алматы облысының азаматтарын жеке қабылдап, мәселелеріне көңіл бөлді. Қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындар әр ауданнан келіп, Еділ Сабырұлына білім саласына қатысты ұсыныстарын, бала тәрбиесіне қатысты жобаларын таныстырды. Алғашқылардың бірі болып министрліктің өкілімен Қарасай ауданы Іргелі ауылының тұрғыны Мақсат Тажмұрат кездесті. Аудан тұрғыны көрнекті мемлекет қайраткері, 1929-1930 жылдары ҚазКСР Халық ағарту комиссары Нұғман Сәрсенұлы Манаевтың 130 жылдық мерейтойын атап өтуді ұсынып, министрліктен қолдау сұрады. Айтуынша, Н.Манаев білім министрлігінің негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Еділ Сабырұлы бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Нақты айтқанда, Н.Манаевтың 130 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға қатысты министрлікке жазбаша өтініш жазу керектігін және бұл мәселе қолға алынатынын түсіндірді. Сондай-ақ ол оқу-ағарту министрлігінің құзырындағы тиісті көмекті көрсетуге уәде берді.
Вице-министр Е.Оспан жалпы қабылдауға келген азаматтардың бәрін қабылдады. Оның барысында тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, балалардың оқу құрал-жабдықтарына қатысты мәселелер айтылды. Еділ Сабырұлы әрбірін мұқият тыңдап, өз тарапынан да барынша қолдау білдіретінін түсіндірді.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның іссапары аудан аумағында орналасқан «ARMAN DALA» балалардың сауықтыру лагерін танысумен аяқталды. Аталмыш орталықтың жазғы демалысқа деген дайындығын көріп, балалардың болашағы үшін атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Орталықтың ұжымына ізгі тілегін білдіріп, балалардың дамуы, қауіпсіздігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар үнемі назарда екенін жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.