Еліміздің азаттығын айқындайтын оның тәуелсіздігі болса, онымен бірге тұғырлы ететін ана тілдің де мәртебесін ұмытпауымыз қажет. Өйткені тамыры тереңде жатқан тарихымыз да, мәдениетіміз де, ұлттың ұлылығы да мемлекеттік тілмен біте қайнасқан. Алайда Қазақстан егемендігін алғалы 35 жылдай уақыт өтсе де ана тіліміз әлі де ақсап жатқанын жасыра алмаймыз. Түрлі жобалар мен бастамалар қолға алынып, жүзеге асқанымен, оның нәтижесі көңіл қуантарлықтай емес.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесін тек мемлекеттің міндетіне жүктеп қою дұрыс емес. Бұл тұтастай тіл жанашырларының, елдің ертеңін ойлайтын әрбір азаматық ұстанымына айналуы тиіс.
Тілдің қолданыс аясын кеңейту және беделін арттыру үшін оны алдымен бүгінгі жас ұрпақпен байланыстыру қажет. Яғни оларға берілетін білім мен тәлім-тәрбиеге, қызығушылығын оятатын дүниелерге мән берген жөн.
Балалардың көбі алғашында балабақшаға барып, көпшілік ортаға бейімделетіні белгілі. Ал мұнда өсіп-жетілу, қарым-қатыныс жасау, білім алуы айналасындағы жандармен тілдесуімен байланысты. Осы ретте оларға арналған ойындарды, коммуникативті ортаны қалыптастыруды қазақ тіліне негіздесе жақсы болар еді. Егер мұндай қадамдар жиі қайталанатын болса, ол үйреншікті дағдыға айналады.
Сондай-ақ балалар әлеміне арналған мультфильмдерді қазақша сөйлетсек, ол да ұтымды дүниенің бірі болуы мүмкін. Әсіресе, шетелдік әрі сұранысқа ие үлкен экран арқылы жол тартатын әлемдік туындыларға мән беруіміз керек. Оларды ана тілімізде ғана дубляждап көрсетсек, оның да нәтижелі болары сөзсіз. Алысқа бармай-ақ оған қарапайым мысал келтіруге болады. Атап айтқанда, 2024 жылдың соңында отандық киноөндіріс саласында «Disney» ұсынған анимациялық материалдар қазақ тілінде сөйлеп, кішкентай көрермендердің сұранысын арттырды. Бұл голливудтық студия өз өнімдерін әлемнің 30 тілінде аударып, соңғы екі жылда «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен әлемдік премьераларды мемлекеттік тілімізде ұсына бастады.
Ресми дерекке сүйенсек, осы уақытқа дейін «Ойжұмбақ 2», «Веном 2» қазақ тілінде көрермендерін қуантқан. Одан кейін 2024 жылдың қараша айында «Моана 2», желтоқсан айында «Муфаса. Арыстан патша» үлкен экранға жол тартты, ал 2025 жылдың басында қазақ тілінде сөйлеген «Ақшақар» бүлдіршендер үшін ерекше тарту болды. Осының ішінде «Ойжұмбақ 2» фильмі 4 күнде 40 000 000 теңге¬ден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орынға тұрақтады.
Қарап тұрсақ, мемлекеттік тілдің деңгейін осылай да арттыруға болады. Сондықтан елдің ертеңіне айналатын жас ұрпаққа қандай жол нұсқасақ, сол бағытта өнеге алатынын түсінуіміз керек.
Еліміздің елдігі тілмен тамырлас екенін екенін ұмытпағанымыз жөн. Сол үшін кейде «ел боламын десең, бесігіңді емес, экраныңды түзе» деген әзіл-шыны аралас пікірге де еріксіз мән бересің.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

