Тарихы терең, тағылымы мол қазақ елінде ана тіліміздің тұғырын бекітіп, оның қоғамдық ортадағы абыройын асқақтатуды өмірлік мұрат еткен тіл жанашырлары мен ұлт зиялылары аз емес. Солардың ішіндегі шоқтығы биік, бірегейі әрі жарқын өкілі – Қарасай ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Үсенбай Тастанбеков еді.
Еліміз егемендік алып, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұлттық бірегейлікті қайта жаңғырту оңайға түскен жоқ. Осындай сындарлы кезеңде көп жыл бойы аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарған ардақты ақсақалдың қажырлы еңбегі мен мұқалмас жігерінің арқасында өңірде үлкен рухани сілкініс орын алды. Кешегі кеңестік тоталитарлық жүйеден қалған идеологиялық атаулар, орысша көшелер мен мектептер тарих сахнасынан ысырылып, олардың орнына Саяділ Керімбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Құрманғали Ұябаев сияқты ел мақтаныштары мен ұлт перзенттерінің есімдері берілді. Бұл жай ғана атауларды өзгерту емес, халықтың тарихи жады мен санасын оятудың бастауы еді.
Үсенбай Бахтиярұлының тікелей араласуымен орыс тілінде білім беретін бірқатар мектептердің мәртебесі түбегейлі өзгеріп, тек қазақ тілінде оқыту форматына көшті. Баланың тұлға болып қалыптасуы балабақшадан басталатынын терең түсінген қайраткердің арқасында мектепке дейінгі мекемелерде де тәрбие жұмысы толықтай ана тілімізге бұрылды. Сонымен қатар елдік пен бірлікті нығайтқан, ұлттық рухты оятатын айтулы мерейтойлар мен ауқымды мәдени шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтқанда, Үсенбай Тастанбековтің қажыр-қайратының арқасында Қарасай жерінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі айтарлықтай асқақтап, ұлттық намыс туы жоғары көтерілді.
Таяуда біз осы тау тұлғалы жазушының салған сара жолын қуып, игілікті ісін лайықты жалғастырып келе жатқан шәкірті – аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің қазіргі төрағасы, Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі Шара Қанатқұлқызымен арнайы кездесіп, сұқбаттасқан едік. Әңгіме барысында ұлттық құндылықтардың ұйытқысы болып отырған аяулы ұстазбен ана тіліміздің бүгінгі ахуалы, қоғамдағы өзекті мәселелері мен жарқын болашағы төңірегінде тұшымды да терең ойлар өрбіді.
– Құрметті Шара Қанатқұлқызы, бүгінде Сізді Қарасай ауданының жұртшылығы, зиялы қауымы «нағыз тіл жанашыры», ұлт руханиятының жоқтаушысы ретінде жақсы таниды және сыйлайды. Сондықтан негізгі өзекті мәселе бойынша әңгімемізді бастамас бұрын, алдымен өзіңіздің осы қасиетті де жауапты бағытқа, тіл майданына қалай келгеніңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– «Бұл жолға қалай келдіңіз?» деген сұраққа мен әуелі «Мен қазақпын ғой!» деп жауап берер едім. Әрбір азамат үшін өз ұлтының тілінен асқан қасиетті құндылық болмауы тиіс, сондықтан мен де өз ана тілімді әрқашан бәрінен жоғары қоямын. Жасыратыны жоқ, біздің жастық шағымыз орыс тілді ортаның ықпалы басым кезеңге тұспа-тұс келді. Алайда менің бағыма орай, мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазым, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Қорабаева Бәтима өз ісіне жан-тәнімен берілген, ұлттық рухы биік, тамаша жан еді. Сол аяулы ұстазым менің бойыма сөз өнеріне деген махаббатты ұялатып, қазақ тілінің ішкі сұлулығы мен тереңдігін танып-зерттеуге деген құштарлығымды оятты.
Осылайша, мектеп қабырғасынан басталған сол бір қызығушылық уақыт өте келе үлкен мақсатқа ұласты. Есейе келе мен де өз тағдырымды білім саласымен байланыстыруды жөн көрдім. Мұғалімдік мамандықты жүрек қалауыммен таңдап, саналы ғұмырымды өскелең ұрпаққа тағылымды білім, ұлттық тәрбие беру жолына арнадым.
Менің мектептегі ұстаздық еңбегімді, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымды және жалпы қазақ тілінің тағдырына деген жанашырлық көзқарасымды сырттай бақылап, байқап жүрген Үсенбай аға бір күні мені өзіне шақыртты. Ол кісі маған сенім артып, аудандық «Қазақ тілі» қоғамында бірге қызмет етуге шақырды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік еді. Сөйтіп, 2004 жылы мен аталған беделді ұйымның мүшелігіне қабылдандым. Одан кейінгі 15 жылға жуық уақыт ішінде Үсенбай ағаның тікелей жетекшілігімен, тәлім-тәрбиесін көре отырып, ауданымыздағы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің беделін көтеру жолында бір сәт те тыным таппай, талмай еңбек еттім.
– Түсінікті, рақмет! Енді сұқбатымыздың негізгі өзегіне ойыссақ. Қазіргі таңда қазақ тілінің қоғамдағы деңгейіне қандай баға берер едіңіз? Нақты ілгерілеу бар ма, әлде әлі де шешімі табылмайтын баяғы түйткілдердің шеңберінде жүрміз бе?
– Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілінің мәртебесі айтарлықтай көтерілді. Ата Заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бекітіліп, оның қоғамдағы орны заң жүзінде айқындалды. Еліміздегі барлық салада, атап айтқанда, мемлекеттік органдарда, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарында ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейе түсті. Тілдің рөлін нығайту бағытындағы бағдарламалар мен жобалар, түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Дегенмен, біз әлі күнге дейін «шала қазақша» сөйлеуден «тек қазақша ойлайтын» қоғам деңгейіне көтеріле алмай жатырмыз. Бұған көбіне психологиялық құлдық сана мен тілге деген шынайы қажеттіліктің жоқтығы себеп болуда. Яғни, кеңестік кезеңде және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келіп, есейген буын әлі де орыс тілінің ықпалынан шыға алмай жүр. Олар өздерін қазақша сөйлеуге міндетті санамайды.
Осыдан барып екінші өзекті мәселе ретінде қажеттіліктің жоқтығы туындайды. Орыстілді орта үшін қазақ тілін үйренудің тиімділігі шамалы, себебі кез келген қызмет түрі орыс тілінде кедергісіз көрсетіледі. Егер күнделікті тұрмыста, тіпті нан мен су сатып алу үшін де қазақ тілін білу міндетті болмаса, адамдардың оны меңгеруге деген ынтасы да оянбайды. Салдарынан, арада 30 жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің мәртебесі әлі де толық шешімін таппаған күрделі мәселе күйінде қалып отыр.
– Шара апай, өзіңіз айтып өткендей, ана тіліміздің қолданыс аясы әлі де ақсап тұр. Бұл мәселені қалай жүйелі түрде шешуге болады? Осы бағытта көптеген жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан маман ретінде бұл тығырықтан шығар жолды қалай көресіз?
– Бұл мәселені шешудің басты кілті – өскелең ұрпақтың бойында «қазақи намысты» ояту. Кішкентай бала айналасындағы ақпараттың бәрін дәл бір сіңіріп алғыш зат секілді өзіне тез тартып алады. Сондықтан ата-ана ең алдымен баланың санасына ана тіліне деген сүйіспеншілік пен шынайы құрметті ұялата білуі керек.
Отбасындағы тәрбиені бекіту үшін келесі маңызды қадам мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде жасалуы қажет. Иә, егемендіктің арқасында көптеген мектеп аралас форматқа ауысты, кейбірі тек қазақ тілінде білім беруде. Десе де, біз қазір «аралас мектеп» ұғымынан біржола бас тартып, толықтай қазақша оқыту форматына көшетін кезеңге келдік. Ал өзге тілдер тек жеке пән ретінде ғана жүруі тиіс. Бұл жерде бір нәрсені дұрыс түсіну керек: мен өзге тілдерді оқудың қажеті жоқ демеймін. Өзім де ұзақ жылдар бойы орыс тілінен сабақ берген мұғаліммін. Басқа тілдерді білу де өте маңызды, бірақ ең алдымен өз балаларымызды ана тілінде анық сөйлетуге міндеттіміз.
Одан бөлек, қазіргі уақытта «көне» немесе «ескірген» деп шеттетіліп жатқан сөздерді тілдік айналымға қайтаруымыз керек деп есептеймін. Біздің ана тіліміз өзге тілдердің көбінен әлдеқайда әдемі әрі бай. Ал біз кейбір сөздерді «түсініксіз» деп қолданыстан шығару арқылы тілімізді барынша кедейлетуге тырысып жатқан сияқтымыз. Бұл – үлкен қателік. Керісінше, сол көне сөздерді жаңғыртып, балаларға мағынасын түсінікті қылып жеткізуіміз қажет. Егер бала жастайынан сондай шұрайлы сөздерді естіп өссе, есейгенде оған ол сөздер жат немесе «сәннен қалған» болып көрінбейді. Қалай болғанда да, біз ана тіліміздің байлығын жоғалтпай, көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.
Тағы бір пәрменді амал – жоғарыда айтқанымдай, тілге деген шынайы қажеттілікті туындату. Бала күнімізде әке-шешеміз: «Орыс тілін үйрен, оны білмесең, нан да сатып ала алмайсың, жұмысқа да тұра алмайсың» деп жиі айтатын. Енді осы қағиданы қазақ тіліне қатысты қолданатын уақыт жетті. Яғни, Қазақстанда тұрып, осы елде өмір сүргің келсе, қазақ тілін білуге міндеттісің. Бұл тек шетел азаматтарына ғана емес, баршаға ортақ талап болуы керек.
Білім мекемелерінен бөлек, кішігірім дүкендерден бастап дәмхана, мейрамхана, супермаркет, вокзал мен әуежайларда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, қысқасы, барлық қоғамдық орындарда ақпарат пен көрсеткіштер ең алдымен және міндетті түрде қазақ тілінде берілуі шарт. Ең бастысы, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қазақ тілін тек «сәлеметсіз бе, сау болыңыз» деңгейінде ғана біліп, сонысын міндетсінуін тоқтату керек. Мемлекеттік қызметкер болғың келсе, қазақ тілін жетік меңгер. Білмейсің бе, басқа саланы ізде. Бірақ бұл талап орындалуы үшін ең алдымен, үкімет басында отырған азаматтарымыз жиындарды қазақша бастап алып, артынан орыс тіліне көшіп кетуді қоюы тиіс. Себебі басшылары өз тілінде сөйлемей жүргенде, қол астындағы қызметкерлерден не талап етуге болады?
Өзге елдерге қарасақ, мәселен Түркияда түрік тілі, Жапонияда жапон тілі қоғамдық өмірдің барлық саласында үстемдік етеді. Дүкен атауларынан бастап ресми маңдайшаларға дейін сол елдің мемлекеттік тілінде жазылады. Бірақ бұны ешкім өзгелердің құқығын шектеу деп қарастырып жатқан жоқ қой! Керісінше, мемлекеттің өзін құрметтеуі мен ұлттық болмысын сақтауының айқын көрінісі екенін аңғартады. Біздің еліміз де дәл осындай қағидатты ұстануы тиіс.
– Тағы бір сөзіңізде ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін еліміздің барлық аймағында құрылған «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын жандандыру қажет деп айтқан едіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып берсеңіз?
– Иә, «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне қайта серпін беру – уақыт талабы. Бұрын біздің ұйым мүшелері мектептерді аралап, арнайы тесттер арқылы ұстаздар мен оқушылардың қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын. Мұндай тексерулер мен мониторинг жұмыстары түрлі мекемелерде де тұрақты жүргізілетін. Сонымен қатар мектептер мен көшелерге атау беру ісін де қатаң қадағалайтынбыз. Ондағы мақсат – атаулардың біреудің туыс-туғандарының атымен бей-берекет қойылуына жол бермей, тек елге еңбегі сіңген шынайы тұлғалардың есімімен ұлықталуын қамтамасыз ету еді.
Бұдан бөлек, оқушылармен және ата-аналармен жиі жүздесіп, тек тіл мәселесін ғана емес, отбасылық құндылықтар, сыйластық пен ұлттық тәрбие төңірегінде де келелі әңгіме қозғап, ақыл-кеңес беретінбіз. Жастардың ынтасын арттыру үшін түрлі қызықты байқаулар мен жобалар ұйымдастырылатын. Осы игі істердің барлығын нәтижелі жүзеге асыру үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істедік. Өкінішке қарай, қазір осы жұмыстардың көбі бәсеңдеп қалды және бұл тілдің ахуалына кері әсерін тигізіп отыр.
Мемлекет әлеуметтік және рухани дамудың барлық жүгін жалғыз көтере алмайды. Сондықтан рухани-мәдени құндылықтарды насихаттау ісіне біз секілді қоғамдық ұйымдарды белсенді түрде тарту қажет деп есептеймін. Сонымен қатар, әрбір отбасында ата-аналар мен балалары қолы бос кезінде бірге отырып, мақал-мәтел, жұмбақ, халық ертегілері мен дастандарды, жазушылар мен ақындардың шағармаларын үнемі оқып, талқалып отыруы керек деп санаймын.
– Шара апай, мазмұнды да мағыналы, тағылымы мол ғибратты әңгімеңізге көп рақмет! Осынау жүрекжарды сұқбатымыздың соңында еліміздің азаматтарына, соның ішінде болашағымыздың тірегі – жалынды жастарымызға арнап айтар ақыл-кеңесіңіз бен ақ батаңызды берсеңіз, артық етпес еді.
– Тіл – тек өткен тарихымыздың шежіресі ғана емес, ол – ұлтымыздың жарқын болашағының, мәңгілік еліміздің айбынды кепілі. Ана тілінің қадірін біліп, оны қастерлей түсу – әрбір саналы азаматтың қасиетті перзенттік парызы, қанына сіңген міндеті болуы тиіс.
Бүгінгі таңда өсіп келе жатқан жас буынға айтарым: өз ана тіліңді жетік білу, оны қадірлеу – сенің өзгелерге ұқсамайтын бірегей болмысың, ешқандай материалдық құндылықпен өлшенбейтін асқан байлығың. Заман ағымына сай, бәсекеге қабілетті болу үшін басқа да шет тілдерін меңгеріңіздер, дүниежүзілік ғылым мен білімді игеріңіздер, бірақ қай ортада жүрсеңіздер де өз ана тіліңізді әрқашан ең жоғары орынға, төрге шығарыңыздар. Тілді шын жүрекпен құрметтеу – өз ұлтыңды, тарихыңды, тегіңді және сені өсірген ата-анаңды шексіз құрметтеумен тең.
Тіліміз тұғырлы, еліміз еңселі болсын!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

