Жібек жолы ауылының аумағындағы теміржол өткелі 19 наурыздан бастап толық жабылды. Арнайы орнатылған қоршаулар мен жол бойына қойылған бөгеттерден енді адамдар да, көліктер те өте алмайды. Бұл жайында Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов түсіндіріп, осы маңнан өтетін халыққа ақпаратын жеткізді.
Естеріңізде болса, Қарасай ауданының аумағындағы Жібек жолы ауылы арқылы өтетін теміржол өткелінде қаншама жыл ұзын-сонар көлік кептелісі болғаны белгілі. Бұл мәселені шешу үшін 2020 жылы аталған елді мекеннің маңынан айналмалы жолдың құрылысы басталып, өткен жылы қолданысқа берілген болатын. Жобаның жұмысы толық аяқталғандықтан, қазіргі таңда көліктер айналмалы жолдың бойымен қозғалуда. Сондықтан ауыл ішіндегі теміржол өткелі арқылы көліктердің өтуі тоқтатылу тиіс болды.
Ресми түрде айтқанда, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның ақпаратына сәйкес және басқарма төрағасы орынбасарының бұйрығымен айналмалы жолдың қолданысқа берілуіне байланысты Жібек жолы ауылы Р.Байжарасов көшесінің бойында орналасқан теміржол өткелі толық жабылды.
Өз тілшіміз.