SDU университеті – Алматы облысында әзірге көш бастап тұрған әрі жетекші жалғыз оқу орындарының бірі. Мұнда бүгінгі таңда 9000-ға жуық студент білім алады. Озық ойлы, өнертапқыштар да аталмыш университеттің қабырғасынан түлеп ұшып, ел мерейін асқақтатып жүр. Жыл сайын абитуриенттер саны артып, оқу бағдарламасы жаңаша, заман талабына сай артып келеді. Енді алдағы уақытта жасанды интеллекттің қыр-сыры үйретілу қолға алынуда. Оған айқын дәлел ретінде жақында салтанатты түрде жаңа оқу блогының ашылғанын айтуға болады. Оның іргетасы осыдан бір жыл бұрын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен қаланған болатын. Ал өткен аптада бұл ғимарат толығымен қолданысқа берілді.
Аталған жобаға «Freedom Holding Corp.» компаниясы қаржылай қолдау білдіргендіктен, ынтымақтастықты арттыру мақсатында жаңа оқу корпусы SDU & Freedom жасанды интеллект блогы ретінде қолданысқа берілді.
Оқу ордасының ішіндегі ерекше ғимараттың ашылуына арнайы түрде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Freedom Holding Corp.» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин, «Сергек» камерасын ойлап тапқандардың бірі Әсет Ахметов сияқты университеттің танымал түлектері және Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов қатысты.
Құрметті қонақтар алдымен SDU университеті ұйымдастырған көрмені тамашалады. Мұнда оқу ордасында білім алатын өнертапқыштардың жетістіктері таныстырылды. Одан кейін меймандар жаңа блоктың ашылуына орай, яғни жасанды интеллекттің қазіргі әлеуеті жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Алғыс білдіру ретінде алғы сөзді оқу ордасының ректоры Әлімжан Игенбаев алып, университеттің инфрақұрылым жағынан дамуына жан-жақты қолдау білдіріп келе жатқан облыс әкімдігіне, сондай-ақ жаңа оқу корпусының ашылуына мұрындық болған «Freedom Holding Corp.» компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловқа ризашылығын білдірді.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде «Білімге салынған инвестиция үлкен табыс әкеледі» деген американдық философ Б.Франклиннің сөзін тілге тиек етіп, жасанды интеллект жобасына қаржылай қолдау білдірген Тимур Русланұлына алғысын жеткізді. Сондай-ақ бұл бастаманың болашағы зор екенін атап өтті.
«Жасанды интеллект блогының құрылуы – еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі және бұл SDU University үшін үлкен жетістік. Осы жоба студенттер мен зерттеушілерге болашақ технологияларын терең зерттеу және қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мемлекет ғылым мен білімді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды, және біз SDU университеті цифрлық технологиялар саласында Қазақстанды алдыңғы қатарға шығаратын мамандарды даярлайтын басты алаңдардың біріне айналады деп сенеміз. Мұнда жаңашыл идеялар мен инновациялық жобалар туындайтынына күмәнім жоқ. Бүгінгі таңда жасанды интеллект үлкен корпорациялар мен ұлттық стратегиялардың деңгейінде қолданылып келеді. Бірақ бизнес саласы оның қуатын әлі сезген жоқ. Сондықтан бұл жақсы бастама деп білемін. Жалпы SDU университеті педагогика, ақпараттық технология, киберқауіпсіздік бағытында алда келе жатқан оқу ордаларының бірі болғандықтан, «Freedom Holding Corp.» компаниясының инвестициясы өз жемісін береді деген ойдамын. Өйткені алдағы уақытта аталмыш корпорация өз әлеуетін, цифрлық технология жағынан дамуына мүмкіндік алып отыр. Сол себепті бұл екі жақты біріктіретін өте жақсы синергия», – деді министр Саясат Нұрбек.
Ал жобаға қаржылай қолдау білдірген Тимур Турлов көпшілікті алдымен Наурыз мейрамымен құттықтап, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері зор екенін түсіндірді. Ол өз сөзінде: «Бұл жобаға біздің қолдауымыз – жай ғана инфрақұрылымға салынған инвестиция емес, ертең әлемді өзгертетін жас таланттарға жасалған инвестиция», – деп атап өтті.
Жасанды интеллекттің дамуына көп көңіл бөлетін SDU университетінің бұл бастамасына Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы да ризашылық білдіріп, оқу ордасының облыс аумағында орналасқанына қуанышты екенін айтты. Сондай-ақ ол жаңа оқу блогының ашылуы заманауи тренд емес, болашақты көрегендіктен жоспарлау, алға биік межелер қою деп түсінетінін жеткізіп, университет ұжымына тың белестерді бағындыруына тілектес екенін білдірді.
SDU-дың қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер бүгінгі таңда оның мақтанышына айналған. Солардың бірі – «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин. Ол да айтулы салтанатты кеште құрметті қонақтардың қатарынан табылып, кезінде өзі білім алған оқу ордасындағы тәлімгерлеріне, жалпы университет ұжымына алғысын айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект блогының ашылуы үлкен жетістік екеніне тоқталып, оның мүмкіндіктерін түсіндірді.
Мақтаныш түлектер демекші, бүгінгі таңда университет қабырғасында былтыр ҰБТ-дан максималды 140 балл жинаған Жаннұр Еңсебек пен Айнұр Ержанова сияқты студенттер білім алатынын айта кету керек. SDU-дің болашақтағы бетке ұстары ретінде олар да бұл шарада бой көрсетіп, оқу ордасында жан-жақты дамуға мүмкіндіктер көп екенін айтып, осында оқып жатқандарын мақтан тұтты. Қос білімгер де жасанды интеллект блогының ашылуы өздерінің де, замандастарының да білім көкжиегін кеңейтуге жол ашатынын сөз етті.
SDU University ректоры Әлімжан Игенбаевтың сөзіне сүйенсек, SDU University IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 30 жылға жуық уақыт дайындап келеді. Сондықтан халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен және бизнес қауымдастығымен ынтымақтастық аясында даму перспективалары айқын байқалады.
«Жаңа блок студенттердің әлеуетін арттырып, олардың стартаптарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. Бұл жаңа нысан – өңіріміздегі білім мен ғылым саласын дамытудағы үлкен қадам деп білеміз», – деді университет ректоры.
Жүрекжарды тілектері мен орамды ойларын айтқан құрметті қонақтар жаңа блоктың лента қию рәсімінен кейін оқу корпусының ішін аралап, жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған зертханалар мен қаржылық сауаттылықты артыруға бағытталған шағын орталықтардың мүмкіндіктерімен танысты.
Айта кетейік, SDU қабырғасындағы жаңа оқу блогы Freedom Holding Corp. компаниясының «Freedom Шапағат» қайырымдылық қорының демеушілігімен салынды. Жалпы аумағы – 5,6 мың шаршы метр. Мұнда жасанды интеллект технологияларын дамытуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған зертханалар орналасқан. Сондай-ақ интерактивті орталықтар құрылып, студенттер қауымы Freedom Academy сарапшыларынан инвестициялау және трейдингтің негізгі қағидаларын үйрене алады. Жаңа ғимарат түрлі бағыттағы тақырыптық іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда тек сапалы білім алуға ғана емес, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтарын құруға да жағдай жасалған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.