«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы – еліміз бойынша байланыс саласының көшбасшы операторы ретінде баршаға танымал. 25 жылдық тарихы бар байланыс қызметтерін ұсынатын компанияның мол мүмкіндігінсіз қазіргі қоғамның сипатын елестету оңай емес екені анық. Заманауи талапта жаһандық жолымен жанданып келе жатқан жетекші оператордың бүгінгі таңда Қазақстан бойынша әр өңірде жеке филиалдары тұрақты жұмыс істеуде. Олар жергілікті тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді қызметтерін ұсынып келеді. Телекоммуникацияның осындай тиімді тұстарын қарасайлықтарға да жеткізіп жүргендердің қатарында біз айтып отырған компанияның аудандық желілік-техникалық цехы да бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Үкіметке бірқатар мерекелерге қатысты Қаулыға өзгеріс енгізу туралы тапсырма берген болатын. Оның ішінде жақында ғана атап өтілген 17 мамыр – байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің күні де бар. Айтулы мерекенің маңыздылығын тілге тиек етіп, Қарасай аудандық «Қазақтелеком» АҚ филиалы желілік-техникалық цехының бүгінгі жұмысы мен жеткен жетістіктері жайлы айтсақ дейміз.
Телекоммуникация саласын серік еткен аудандық филиалда қазіргі уақытта 115 қызметкер тынбай еңбек етуде. Шаймұрат Аульбеков (суретте) басқаратын ұжымның жұмысы заман талабына сай өсіп-өркендеп, халықтың сұранысына қарай жұмыс атқарып келеді. Осы айдың алғашқы күніне сәйкес статистикаға сүйенсек, аудан бойынша 31889 абонент осы мекеменің тұтынушылары болып есептеледі. Ал, түрлі және корпоративтік сегментті абоненттер үшін 83 мыңнан астам телекоммуникциялық қызмет көрсетіледі. Атап айтқанда, олар: жергілікті, қалааралық және халықаралық телефония қызметі, iD Net, Megaline сияқты белгілі брендпен қалыптасқан кеңжолақты қолжетімді интернет, iD TV атты интербелсенді телевизия, iD Phone – SIP телефония қызметі, «FMS» MT-C GSM/Kcell GSM және «Әмбебап нөмірлер» сияқты мобильді байланысқа негізделген қызметтер, сонымен қатар, LTE және басқа да технологиялар арқылы шекті кеңжолақты интернетке қолжетімді қызметтер.
Қазірдің өзінде аудандық желілік-техникалық цехтың ұсынатын интернетін 24500 тұтынушы қолданып келеді, ал, 12300 абонент ақылы телевизия қызметін пайдалануда. Сондай-ақ, «Kcell» АҚ-мен бірлескен жоба ретінде танымал – «Ultra» жаңа пакеті де соңғы уақытта жақсы сұранысқа ие. Яғни, мұнда интернет, IP-телевизия және мобильді байланыс барлығы да бірге топтастырылған.
Аудандық көшбасшы оператордың тағы бір атап айтар жұмыстарының бірі ретінде аудан бойынша «Сандық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруын айтуға болады. Соның арқасында Исаев, Жармұхамбет, Кемертоған, Долан, Батан, Еңбекші, Үштерек, Көлащы, Тұрар сияқты бірнеше ауылдарда талшықты-оптикалы байланыс орнатылып, 14 мемлекеттік мекеменің телекоммуникация қызметін пайдалануға ықпал жасады.
Міне, жоғарыда қысқаша айтып кеткендей, бірқатар байланыс қызметтерін ұсынатын аудандық желілік-техникалық цехының жұмысы осындай. Бұқараға білінбейтін тәжірибелі мамандардың арқасында атқарылып жатқан істерді айтпасқа тағы болмас. Олардың ықпалы арқылы ақпарат алмасуға жол бастайтын желінің жүйесі орнығып, сапалы қызметке деген сұраныс артуда. Жақында осындай өз ісіне жауапты қызметкерлердің еңбектері бағаланып, оларға 17 мамыр — Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің күніне орай «Алматытелеком» ӨТД бас директоры Шерхан Раздықов арнайы төсбелгі сыйлады. Бұл марапатты аудандық желілік-техникалық цехының басшысы Шаймұрат Аульбеков өзі табыстап, әрбірін жеке-жеке құттықтады. Мұндай құрметке бүгінгі таңда аудандық желілік-техникалық цехта табандылық танытып жүрген әрі телекоммуникация саласында 25 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан 14 маман ие болды. Олар: Ш.Аульбеков, А.Корумбаева, Е.Тайжанов, А.Медеуова, Т.Лазгиева, Б.Сайдауллаева, Н.Козлова, В.Шахворостов, В.Тарима, С.Нарыжный, Г.Чолпанова, А.Долженко, Н.Оспанов, А.Токашев.
Бір ортада бірлесіп қызмет етіп жүрген ұжымның қайырымды істерін де атап айтуға болады. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты аудандық желілік-техникалық цехы бірқатар тұрмысы төмен көп балалаы отбасыларды азық-түлікпен қамтып, республика көлемінде жүзеге асып жатқан «Biz birgemiz» акциясына қолдау білдірді. Мұндай игі бастаманың ретін олар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында тағы да қолға алып, ардагерлерді ардақтады. Мәселен, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген А.Зинченконың үйіне арнайы барып, сый-сияпаттарын табыс етті. Сонымен қатар, сан жылдар бойы телекоммуникация саласында еңбек еткен Евгения Юнак пен Вера Ухань сияқты ардагерлерді де Жеңіс күнімен құттықтап, азық-түлік жиынтықтарын апарып, естелікке толы өткен күндерін еске алып, емен-жарқын әңгімелесіп қайтты.
Сіз бен бізге мәлім болғандай, жетекші оператор ретінде қалыптасқан аудандық желілік-техникалық цехының тынымсыз-тіршілігі осылай жалғасуда. Олар – қашықтықты байланыс арқылы жақындатуға атсалысып жүрген жандар. Ел алдындағы еңбектері елене беруіне, жұмыстары жаңа қарқынмен жандана беруіне тілекшіміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.