«Алтын орда» базары маңындағы көпірдің соңғы асфальтты қабаты сын көтермей, 2022 жылдың шілдесінен бастап қайтадан жөнделген еді. Күре жолдың күтіміне жауапты «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы сендіріп айтқандай, бұл жұмыстар көп уақыт алмай, яғни, эстакаданың бір бағытта қатынайтын жолақтарының жөнделуі 15 шілдеде бітуі тиіс болған. Одан кейін екінші жағының беткі қабаты жаңаруы керек. Алайда тасжолдың бойындағы жұмыс әлі бітер емес.
Мұның себебін тағы да аталмыш компанияның Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаровтан білуді жөн санадық. Оның айтуынша, жоспар бойынша алдымен көпірдің белгілі бөлігіндегі беткі қабатын тазалап, жаңа асфальт төселу керек болған. Одан кейін ортақ шешім шығарып, толығымен жаңартуды дұрыс деп тауыпты.
Қазіргі уақытта эстакаданың Қаскелеңге қарай бағытындағы Райымбек ауылының бұрылысына дейін тасжолдың беткі қабаты сүріліп, жаңадан асфальтты бетон төселген. Енді қарама-қарсы жағындағы екі жолағы жөнделеді. Оның да беткі қабаты алынып, қайтадан реттелетін болады. «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ-ның Алматы облыстық филиалы өкілінің айтуынша, тасжолдың бойындағы мұндай жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады. Яғни, алдағы уақытта көліктер жаңа асфальтты бетонда жүреді деген сөз.
Д.МУХАМАДИЕВ.