Қарасай ауданында екі қолына бір күрек таппай жүргендерді еңбек күшін іздегендермен жүздестіретін кезекті бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бірінші Май ауылдық округіне қарасты Бекболат Әшекеев ауылындағы шараға аудандық Мансап орталығы мұрындық болды. Оның мақсаты – жұмыссыз мамандық иелерін қолдау, сондай-ақ аудан жастарына бағыт-бағдар беріп, жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасау.
Жәрмеңкеге бұл жолы жергілікті елді мекендердегі 30-ға жуық ірі және орта кәсіпорын өкілдері, аудандық құқық саласының мамандары қатысып, 250-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.
Жұмыс беруші мекемелердің қатарында ауданымызда орналасқан «Отбасы банк», «Маолин», «Алматинский продукт», «Тоқаш кз», «Алматы Тазалық», «LakeFarm» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, Алматы облысының Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Алматы облысының қылмыстық істері жөніндегі ауданаралық соты, «Облыстық қан орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының Қаскелең филиалы және тағы да басқа мекемелер бар.
Жұмыс іздеушілер өз тарапынан қызмет ұсынушы мекемелердің өкілдеріне түрлі сұрақтарын қойып, олар ұсынылған вакансиялар жайлы толықтай ақпарат алып қана қоймай, сондай-ақ оның өкілдерімен бетпе-бет сөйлесіп, жұмыс барысымен таныса алды. Бұған қоса шараға қатысқан жастар орталықтан келген мамандардан шағын несие беру бойынша, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту туралы мағлұматтар алды.
Ал жұмыс беруші мекеме орталықтарының өкілдері азаматтардың мамандықтары немесе бұрынғы жұмыс тәжірибелері жайлы біле келе, лайықты жұмыс орындарын айтып, мекенжай, телефон нөмірлерін берді.
Жалпы жәрмеңке барысында 250-ден астам бос жұмыс орын ұсынылып, 300-ге жуық жұмыссыз азамат қатысты.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

