Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында Көксай ауылындағы «Aqyldy Bala» мектеп-лицейінде «Recycle Art» шығармашылық жобасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және қайта өңдеу арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
«Recycle Art» – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын экология тақырыбын өнермен ұштастырған ерекше жоба. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтар мен жарамсыз заттарды қайта өңдеу арқылы тың идеялар ұсынып, табиғатты қорғаудың жаңа қырын көрсете білді.
Шараға арнайы қонақ ретінде Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары Ескендір Егеубек және Алматы қаласының Даму орталығы жанындағы «Жасыл Алматы» бөлімінің бас менеджері, эколог Пәкизат Сайлаубекова қатысты. Қонақтар оқушылардың шығармашылық ізденістеріне жоғары баға беріп, экологиялық тәрбиенің қоғам үшін маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жоба барысында 80-ге жуық ғылыми-шығармашылық жұмыс қорғалды. Қатысушылар өз жобаларын таныстырып қана қоймай, қайта өңдеудің қоршаған орта үшін пайдасын ғылыми тұрғыда дәлелдеуге тырысты. Әр жұмыстан ізденіс, еңбек, шығармашылық талғам мен табиғатқа деген жанашырлық айқын байқалды.
Әсіресе, әділқазылар алқасына шешім қабылдау оңай болған жоқ. Себебі қатысушылардың әрқайсысы ерекше дайындықпен келіп, өз жобаларын жоғары деңгейде қорғады. Бірінен-бірі өткен талантты оқушылардың бойынан табиғатты қорғауға деген шынайы қызығушылық пен азаматтық жауапкершілік анық сезілді.
Осы шарада тек шығармашылық қана емес, оқушылардың экологиялық сауаттылығы, ғылыми ойлау қабілеті мен қоғам алдындағы жауапкершілігі де көрініс тапты. Бұл — жас ұрпақтың болашаққа бейжай қарамайтындығының айқын дәлелі.
Қазақ халқы ежелден табиғатты қадірлеп, қоршаған ортамен үндестікте өмір сүрген. Бүгінгі «Recycle Art» жобасы сол ұлттық құндылықтарды заманауи форматта жалғастырған тағылымы мол бастама болды. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін нығайтып, экологиялық мәдениеті жоғары тұлға болып қалыптасуына зор ықпал етеді.
Осы жоба аясында барлығы 66 қатысушы тіркеліп, жалпы оқушылар саны 110-нан асты. Іс-шараға 7 мектеп пен 30-ға жуық жетекші қатысты. Округ әкімінің орынбасары Ескендір Егізбекұлы және Алматы қаласының Даму орталығы жанындағы «Жасыл Алматы» бөлімінің бас менеджері, эколог Пәкизат Сайлаубекова бас қазылар алқасының төрағалары ретінде төрелік етті.
«Aqyldy Bala» мектеп-лицейінің стратегиялық даму директоры Дархан Еділханұлы жобаның өту барысына толықтай жауапты болды. Шара барысында даму директоры мен ұйымдастырушылар тобына ерекше алғыс білдірілді. Жетекшілер өз тарапынан кері байланыс беріп, ризашылықтарын жеткізді және алдағы уақытта осындай жобаларға қайта қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.
Қазылар алқасы оқушылардың идея ерекшелігі мен эстетикалық безендірілуіне – 35 балл, екінші рет өңделген пластиктің табиғатқа тигізер экологиялық пайдасына – 30 балл, орындалу сапасы мен техникалық деңгейіне – 20 балл және жобаны таныстыру шеберлігіне 15 балл негізінде баға берді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жеңімпаздар екі жас ерекшелігі тобы бойынша анықталды. Атап айтар болсақ, 5-6 сыныптар арасында І орын – «Экофильтр» жобасы («Nomad» мектебі), ІІ орын – «Тіршілік тынысы» жобасы («Nomad» мектебі), («Aqyldy Bala» мектебі), ІІІ орын – Бақытжан Аниса (Мәметова мектебі), «Plastic Queens» (Толстой мектебі), Исағали Әлихан («Nomad» мектебі).
Ал 7-9 сыныптар арасындағы жеңімпаздардың нәтижесі мынадай: І орын – «Шамшырақ» жобасы («Aqyldy Bala” мектебі); ІІ орын – Сәулебек Сәбина («Nomad» мектебі), Динара мен Асылай (Кемертоған негізгі мектебі);
ІІІ орын – «Пластик патшалығы» және «Экобатырлар» жобалары (Толстой мектебі), «Өнерге арналған пластик» (Мәметова мектебі), Жадыра Рамазан («Nomad», Мәметова орта мектебі және Кемертоған мектебі).
Шара соңында үздік ұйымдастырушылар тобына 120 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Сонымен қатар «Instagram» желісіндегі белсенді қатысушыларға арнайы стикерпактар үлестірілді. Барлық қатысушы оқушыларға алдағы оқу жылында «Aqyldy Bala» мектеп-лицейінде білім алуға 20% жеңілдік сертификаттары берілді.
Жобаға қатысқан мектеп жетекшілері ұйымдастырушыларға ерекше ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хаттармен марапатталды. Ұстаздар қауымы осындай экологиялық жобалардың маңызы зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта да қайта қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Табиғатты аялауды ту еткен мектеп оқушыларының бұл бастамасы алдағы уақытта үлкен экологиялық қозғалысқа айналары сөзсіз. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз!
Өз тілшіміз

