Аптаның басында білім және ғылым қызметкерлерінің Қарасай аудандық жергілікті кәсіптік одағы мен аудандық білім бөлімі бірлесе ұйымдастырған білім қызметкерлері арасында дәстүрлі аудандық спартакиада өтті. Шараның басты мақсаты – қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау, мектеп ұжымдары арасындағы бірлікті нығайту және ұстаздар мен техникалық қызметкерлерді дене шынықтырумен шұғылдануға кеңінен тарту.
Биылғы бәсекенің ауқымы кең болды. Ауданның 47 мектебінен 300-ге жуық мұғалім мен техникалық қызметкер бас қосып, өзара мықты топты анықтады. Қатысушылар ерлер және әйелдер волейболы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және асық ату мен бес асық сияқты 6 спорт түрінен жарысты.
Іс-шара О.Жандосов атындағы мектепте салтанатты түрде ашылып, жеребе арқылы қарсыластар таңдалды және төрешілер құрамы да таныстырылды. Аталған мектепте алғашқы сайыстар мергендік пен ептілікті қажет ететін асық ату мен бес асықтан басталды. Қатысушылардың саны көп болғандықтан және ойындар сапалы өтуі үшін жарыс алаңдары бірнеше білім ошақтарына бөлінді. Мәселен, өзге спорт түрлері бойынша тартысты ойындар Қарасай батыр атындағы орта мектеп, Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясы, Шамалған орта мектебі, сондай-ақ Еңбекші және Шалқар орта мектептерінің спорт залдарында жалғасты. Кәсіподақ төрайымы Сара Байбосынованың айтуынша, бұл бәсекенің маңызы зор. Өйткені ауданда топ жарған жеңімпаздар алдағы уақытта өтетін облыстық мұғалімдер спартакиадасына жолдама алады. Сайысқа қатысушы мұғалімдер бұл шараның спорттық бәсеке ғана емес, әріптестермен тәжірибе алмасу, бой сергітер алаң екенін жеткізді. Тартысты әрі қызықты ойындардың қорытындысы бойынша жалпы есепте Жібек жолы ауылдық округінің ұстаздары І орынды алса, Райымбек ауылдық округінің мұғалімдері ІІ орынды, ал Елтай ауылдық округінің құрамасы ІІІ орынды иеленді. Жиын соңында жеңімпаз атанған және жүлделі орын алған командаларға кубоктар, құрмет грамоталары, медальдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша спартакиада Қарасай ұстаздарының тек білімде ғана емес, спортта да алда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Әділет Жалғасбекұлы

