Еліміз үшін қастерлі Конституцияның қабылдауына орай аталып өтетін мереке күні ауданымыздағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығы балаларға қуаныш сыйлау мақсатында қызықты іс-шара өткізді.
Нақтырақ айтқанда, 30 қыркүйек күні аталмыш орталық «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорының демеушілігімен көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау мақсатында оларды «Медеу» спорт кешеніне апарды.
«Медеу» маңайындағы әдемілікті көрсетіп, тамаша әсерге бөлеу үшін ұйымдастырушылар балаларды алдымен арқанжол арқылы тау бөктерін таныстырды. Мұнан кейін балалар 842 сатыдан тұратын баспалдақпен жоғары бөгетке шығып, айналадағы табиғатты тамашалады.
Шара соңында балалар өз ризашылықтарын білдіру мақсатында еліміздің Гимнін орындады.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының жетекшісі Мадина Саутбекованың айтуынша, бұл шара балаларға жақсы көңіл-күй сыйлап, оларды патриоттық сезімін оятуға бағытталған.
– Біздің бұл жолы ұйымдастырып отырған шарамыз ең бірінші кезекте өсіп келе атқан жастардың арасында патриоттық сезімдерін ояту болып табылады. Әдемі жерлерді көрсету арқылы оларға еліміздің қаншалықта бай әрі көркем екенін көрсеткіміз келді. Бұған қоса оларға мейрам күні қуаныш сыйлағымыз да келді. Алдағы уақытта біз осындай тағы басқа да көптеген шараны ұйымдастыратын боламыз, – дейді М.Сауытбекова.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.