Жыл сайын аудан спортының өрісі кеңейіп, белесі биіктеп келеді. Спортпен шұғылданатын жастардың қатары да арта түсті. Аудан спортшылар байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап, аудан атын әлемдік ареналарда жер-жаһанға танытуда. Олардың қатарында мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз да жетерлік. Тіпті соңғы жылдары тағдырдың сан сынағына төтеп беріп, қиындыққа мойымай келе жатқан қарасайлық мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз жарыстардан жеңіссіз оралмай келмейді.
Осындай жетістіктерге жетіп, оларға әртүрлі сайыстарға жол ашып жүрген ұйым – аудандағы «Жігер-М» мүмкіндігі шектеулі спортшылар федерациясы. 10 жылдан бері ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан федерацияның жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында оның төрағасы Тәжіғали Ходжамұратовқа жолығып, сұқбаттасуды жөн көрдік.
– Тәжіғали Әбдіжәмілұлы, көптеген талантты спортшының шығуына үлес қосып келе жатқан федерацияның жұмысы бүгінде қалай жүріп жатыр?
– Спорт федерациясы ашылған он жылдың ішінде мүгедек жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретіндегі мәртебесін көтеру мен белсенділігін қалыптастыруға көңіл бөлініп келді. Олардың спортпен тұрақты түрде айналысуын, әртүрлі чемпионаттар мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету бағытында қыруар жұмыстар атқарып үлгердік. Біраз кәсіпкермен келісіп, жұмысқа орналастыруға басқа да көмек түрлерін көрсетіп жатырмыз. Тек бұл жайлы екінің бірі біле бермейді, ал спортшыларымыздың көптеген жетістіктері еленбей жатады. Мәселен, біз жақында ғана Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатына біздің ауданнан 28 спортшы қатысқан еді. Нәтижесінде 4 алтын, 9 күміс, 7 қола әкелдік. Бірақ бұл жетістігіміз аудан әкмідігінің тарапынан еш еленбеді. Әрине, біз споршыларымызға барынша қолдау көрсетіміз. Дегенмен әкімдік олардың жетістіктеріне дұрыс деңгейде көңіл бөлсе, спортшылардың да қуанышында шек болмас еді.
– Ауданымызда ерекше қабілеттілігі бар адамдарға арналған спорт бірлестігінің жемісті жетістіктерін бәрі көріп келеді. Жалпы бүгінде ерекше жандардың ішінде спортқа қызығушылық танытатындар көп пе?
– Спортқа қызығушылық танытқан ерекше жандар жыл сайын артып келеді. Соның дені – жастар. Бізде жалпы 250 спортшы қол күресі, суда жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, таэквондо, еркін және грек-рим күресі, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындардың 19 түрі бойынша жаттығып, машығын жетілдіру мүмкіндігіне ие болып отыр. Оларды даярлап, шеберлігін шыңдауға төрт жаттықтырушы күш салуда. Әрине, жаттықтырушы саны аз, дегенмен әрқайсысы өз істерінің мамандары болғандықтан, бәріне үлгеріп келеді.
– Спортқа ден қойып, көптеген бәсекелерде жеңіске жетіп жүргендер жетерлік дедіңіз. Енді Паралимпиада ойындарында солардың жеңісін көруіміз мүмкін бе?
– Төккен тер, еткен еңбек өз жемісін беріп те жатыр. Нәтиже жаман емес. Жалпы айтқанда, спорт саласы бойынша Алматы облысында жоғары сатыдан көрініп жүрміз. Спортшыларымыз чемпионаттарда, турнирлерде, біріншілік пен көпшілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жоғарғы дәрежедегі жетістікпен оралуда.
Ал паралимпиадалық ойындарға келсек, бұл жерде де жоғарыда айтып өткенімдей қолдау қажет. Нақтырақ айтқанда, бұл ойындарға қатысу үшін лицензия болу керек. Ал оны алу үшін спортшы көптеген жарыстарға қатысуы тиіс. Бірақ біз қазіргі қолдаумен тек кейбір жарыстарға ғана қатысып жүрміз. Сондықтан паралимпиадалық ойындарға қатыстыратын спортшыларымыз жетерлік болғанымен олар лицензия аламай жүр. Егер бізге көбірек көңіл бөлініп, демеушілік жасалса, үздік нәтиже көрсетуге барымызды саламыз.
– Сіз мүмкіндігі шектеулі спортшыларға қолдау қажет екенін көп рет айтып өттіңіз. Жалпы бүгінде сіздердің федерацияларыңыз қандай қолдауды қажет етіп отыр?
– Жоғарыда айтып өткенімдей спортқа бейімі бар азаматтар аудандарда көп. Десе де өңірімізде олардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасалмаған. Мәселен биыл паралимпиадалық жарыстарға оқ ату ойыны да қосылды. Ал бізде ол бойынша жаттығатын жер жоқ. Осыған байланысты әкімдікке бірнеше рет барған едім алайда еш нәтижесі болмады. Спортышыларымыз әр округтерде тұратындықтан, оларға жаттығуға келу қиындап жүр. Осы ретте оларды тасымалдайтындай автобустың қажеттілігі қатты білінеді.
Әрине, бізге қолдау көрсетіп жатқан жеке азаматтар да бар. Солардың бірі – Қаскелең қаласындағы «Дельфин» спорт кешенінің басшысы Алмас Жұмабеков. Ол кісіге біз ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Себебі Алмас Жұмабеков біздің спортшыларға өзінің кешенінде жаттығуға тегін мүмкіндік беріп қана қоймай, жарыстарға барған кезде демеушілік көрсетіп отырады. Мәселен жақындағы әлем чемпионатынан келген спортшыларымызға мерекелік дастархан жайып, бәрінен бірінші болып құрмет көрсетті.
Біз жеке азаматтардың мұндай қолдауына ризамыз. Алайда қолдауды ең бірінші кезекте әкімдіктен және әкімнің тарапынан көргіміз келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысуына көп көңіл бөлінсе деген тілегіміз бар.
– Мәнді әңгімеңізге рахмет. Алдағы жеңістеріңіз көп болсын!
Сұхбатты жүргізген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.