Бүгінгі таңда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) әлемнің көптеген ел қолданады. Әсіресе, дамыған мемлекеттер осы жүйеге баяғыдан көшіп алған. Біздің еліміз де ақырындап осы жүйеге өтіп жатыр. Бүгінде МӘМС халыққа ыңғайлы болу үшін оған жаңа өзгерістер енгізіліп, қолжетімді ету мақсатында әртүрлі жұмыстар атқарылып жатқанымен, сақтандырудан бас тартып жатқандар жетерлік. Мәселен, біздің ауданымыздың өзінде қазіргі уақытта 64 896 сақтандырылмаған тұрғын бар. Бұл халықтың осы бөлігінің МӘМС пакетінің медициналық қызметтеріне қолжетімділігінде белгілі бір проблемаларды тудырады. Бұл жайында Шамалған ауылдық округінің Мәдениет үйінде болған жиында айтылды.
Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның жұмасы күні Шамалғанда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамның Алматы облысы бойынша филиалы мамандарының МӘМС шеңберінде көрсетілген медициналық қызмет сапасы, қолжетімділігі, қаржыландыру жайлы ауқымды жиын өткен еді. Оның барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыу қорының» Алматы облысы бойынша филиалының директоры Сабит Пазилов медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігі және тұтынушыларға ұсынылатын медициналық қызметтер туралы әңгімеледі. Сондай-ақ МӘМС қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді жойып, саладағы жұмысты жүйелеуге жол ашып, медициналық қызмет сапасы артуы бағытталғанын жеткізді.
Бұдан бөлек ол соңғы өзгерістерге сай азаматтар енді алдағы жылға жарна жасай алатындығы жайлы кеңінен түсіндіріп өтті. Ашып айтқанда, осы уақытқа дейін сақтандыру пакетін алмаған жеке тұлға оны алу үшін бірыңғай жиынтық төлемінің соңғы үш айын үзіліссіз төлеуі керек. Тек содан кейін ғана ол сақтандыру пакетінде көрсетілген қызмет түрлерін тегін ала алады. Бұған қоса биылғы өзгерістерге сай, азамат келесі жылға жарна жасай алады. Мәселен ол ағымды айдан бастап, 2024 жылдың тамыз айына дейін төлем жасаса, келесі бір жыл бойы сақтандыру пакетін қолданатын болады.
Бұл жерде бір ескере кететіндігі, 12 ай бойы төлемдер әртүрлі күндерде жасалса, сақтандыру мәртебесі бірден тағайындалмайды, тек барлық төлемдер өнделгеннен кейін жүзеге асады.
Мұнан бөлек жиында Сабит Бейсейтұлы азаматта сақтандыру пакеті болмаса да оған медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтер көрсетілетіндігі жайлы да айтып өтті. Жедел жәрдем де сақтандыру жағдайына қарамастан шақыртуға тегін келеді.
Жиында филиалының директорынан бөлек ауданымыздағы Райымбек амбулаториясының психолог маманы Марал Дюзкенова баяндамасын оқып, 2023 жылдың наурыз айы мен тамыз айы аралығындаға МӘМС бойынша аудан көлемінде атқарылған жұмыстар нәтижесі жайлы толыққанды ақпарат берді.
Шараның негізгі бөлігі аяқталғаннан кейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыу қорының» Алматы облысы бойынша филиалының директоры Сабит Пазилов жиынға келген жеке және мемлекеттік ауруханалардың мамандарын толғандырған көкейтесті мәселелері бойынша сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ тұрғындармен жұмыс жасап жүрген медицина қызметкерлері тарапынан айтылған МӘМС жүйесі бойынша бірқатар ұсыныстарын тыңдады.
Ақтоты МЫРЗАЬЕКҚЫЗЫ.
МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары және өзгерістер түсіндірілді
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Здоровье » МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары және өзгерістер түсіндірілді