Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізіліп, оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов басқарды. Атап өтер жайт, бұл басқосуға аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының мүшелері де қатысты. Кейінгі кездері осы жақсы бір үрдіске айналып келе жатқандай. Өйткені бірлескен істе береке көп болады ғой.
Отырыста алдымен «Қарасай аудандық төтенше жағдай бөлімінің атқарып жатқан жұмысы» қаралып, ол жөнінде жауапты қызметкер Марлен Наурызбаев баяндап берді.
– Қазіргі кезде төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы аз емес, – деп бастады өз сөзін Марлен Арыстанбекұлы. – Оның әртүрлі себебі бар, әрине. Сондықтан қандай да оқыс оқиғаларға, төтенше, ерекше жайларға үнемі тас түйін дайын тұруымыз керек. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аудан аумағында табиғи және техногенді сипаттағы әртүрлі төтенше жағдайға 110 рет бару тіркелді. Жалпы 39 өрт болды, оларда екі адам қаза тапты. Газбен улану жағдайы тіркелген жоқ. Ауданда 386 өрт сөндіру гидрант бар. Аудандық ТЖ қызметі жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жалпы, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша көп жұмыс атқаруға күш саламыз. Қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін үнемі айыппұл салуға хаттамалар толтырылады. Ауданда 25 электрсирена бар. Ендігі айтарымыз, елді мекендерде арық-дренаж жүйесі болмауынан жыл сайын тұрғын үйлерді қар-жаңбыр суы басады. Сондай-ақ елді мекендерде өрт сөндіру бөлімшелерінің болмауы да үлкен проблема.
Мұнан кейін Сағат Мәсімақынов, Тұрғанбек Оразалиев, Қаныбек Айтжанов, төраға Жанат Исағұлов, Ұлтусын Бархинова, Сағындық Жылқыбаев, Ғалия Аманова, Несіпбала Әбділдаева, мәслихат депутаттары Бекжан Сүнбеков пен Жанар Кулиева өз ой-пікірлерін ортаға салса, аудандық мәслихаттың депутаты, Алматы облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы Абылай Зуайда тілсіз жау – өрт туралы әңгемелей келіп, аудандық мансап орталығы мен төтенше жағдай бөлімі бірлесіп, жұмыссыздар есебінен өрт сөндіруге дайындығы бар адамдарды әзірлесе дұрыс болар еді, деген ұсынысын айтты.
Келесі кезекте отырыста «аудандық мансап орталығының көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді және басқа міндеттерді орындауы туралы» оның директоры Абзал Нұсқабайдың есебі тыңдалды.
– Ауданда биыл жалпы 11628 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған, – деді Абзал Санжарұлы. – Оның 9498-і тұрақты, 2130-ы уақытша жұмыс. Бүгінде 1835 адам жұмыспен қамтылса, оның 498-і тұрақты, 1337-і уақытша жұмысқа жіберілді. Жыл басынан бері бізге мүгедектігі бар 70 жұмыссыз азамат жүгінді. Оның ішінде бір адам қысқа мерзімді кәсіби оқыту курсына, 18 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға, 36 адам қоғамдық жұмысқа, үш адам «Күміс жас» жобасына, бір азамат «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, бір азамат «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 14 адам тұрақты жұмысқа, оның ішінде бес адам квота бойынша жіберілді. Биыл үш рет «Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі» болды. Басқа өңірлерге көшіп барушыларға жан-жақты қолдау жасалады.
Осы жерде аудандық мансап орталығы басшысының өз ісін жақсы білетіндігін, сондықтан барлығын да жан-жақты әрі кеңінен айтып бергенін атап өтуіміз керек.
Бұл мәселе жөнінде пікір білдірген Несіпбала Әбділдаева: «Солтүстікке көшкендердің кейбірі қайтып келеді, неге? Себебі оларға жақсы жағдай жасау керек қой» десе, Ұлтусын Бархинова: «Олар сол жаққа барды дейік, арғы жағдайын бақылайсыздар ма?» деген сұрағын қойды. Осы орайда мәслихат депутаты Абылай Зуайда: «Солтүстікке көшті түзеуде насихат, үгіт жұмысын күшейту, нақты түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізу керек», – деді. – Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі кезінде округ әкімдері де осы бағытта нақты жұмыс істеуі тиіс.
Сол сияқты Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Тұрғынбек Оразалиев, Серік Расмұханбетов те ойларын ортаға салып, істі өрге бастыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Төтенше жағдайдың алдын алу, жұмыспен қамту – маңызды міндет
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Общество » Төтенше жағдайдың алдын алу, жұмыспен қамту – маңызды міндет