Бүгінде асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етіп, әлеуметтік-экономикалық даму барысын барынша айқындай отырып, тұрғындардың тұрмыс деңгейін сараптап, алдағы ауқымды істі жоспарлауға ықпал ететін мамандықтың сан түрі бар. Соның бірі – сандарды сөйлеткен статистика саласы. Ал биыл түрлі санды бір ортаға жинақтаған салаға 105 жыл толып отыр.
Ғасырды толтырған атаулы жыл мен сегізінші қараша күні аталып өтетін статистика күні қарсаңында аудандық Статистика басқармасы жайлы сөз етуді жөн көрдік. Сондықтан басқарма басшысы Жұмахан Қожаевамен кездесіп, аталған саланың қалыптасу тарихы мен бүгінгі жетістіктері жөнінде әңгіме өрбіттік.
– Жұмахан Берденқызы, жұмыс барысы жайлы айтпас бұрын, алдымен статистика саласының өзіне тоқталып өтсек. Жалпы елдің дамуына есеп жүргізу қаншалықты маңызды? Оның пайдасы неде?
– Жалпы бұл саланың пайда болу тарихы тым әріде жатыр. Әсіресе, біздің еліміздегі статистика қызметінің пайда болу тарихына тереңірек үңілетін болсақ, ол сонау Қазақ хандығы дәуіріне дейін барады. Яғни 1459 жылы Шу мен Талас өзендерінің бойында құрылған Қазақ хандығында адам саны шамамен 200 мың болса, XV ғасырдың соңына қарай бұл көрсеткіш бір миллионға дейін жеткен. Бұл – тарихи дерек. Сондықтан осы кезеңді алғашқы демографиялық есептің нышандары пайда болған сәт деуге болады.
Ал орталықтандырылған статистикалық қызметтің негізі XVIII ғасырдың екінші жартысында, яғни Қазақстан Ресей империясының құрамына енген кезде қаланды. Кейін 1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АССР Үкіметінің қаулысымен статистикалық басқарма құрылды. Осы дата Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жарлығымен ресми түрде бекітіліп, содан бастап 8 қараша статистика күні болып жарияланды.
Оның пайдасына келер болсақ, есеп жүргізу қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестердің нәтижесі туралы ақпарат алуға және соған сәйкес қандай да бір шешім қабылдауға көмектеседі. Әсіресе, мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі, инвестиция, баға, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде статистикалық ақпараттың елдің дамуында өзіндік орны бар. Бұл мәліметтер бойынша өзге саланың жұмысы бақыланып, сол арқылы бөлінісі де реттеледі.
Жалпы айтқанда, статистика ел дамуының бағытын айқындайтын стратегиялық маңызы бар сала болып табылады.
– Енді өзіңіз басқарып отырған мекеме туралы сөз етсек. Қарасай ауданының статистика басқармасының негізгі функционалдық міндеті қандай? Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін нақтылауға қанша маман жұмылдырылып отыр?
– Қарасай ауданының Статистика басқармасының да тарихы тереңде. Ауданда аталмыш органның негізі 1930 жылы Каскелең аудандық атқару комитетінің жанынан статистика бөлімі болып құрылуынан басталған. Алғашқы жылдары бөлімде бір ғана адам барлық қызметті атқарды. Кейін жыл өткен сайын бөлім кеңейіп, оның басшысы, бөлімдер қызметкерлері қалыптасты. Атауы мен қызметкерлер саны өзгергенімен, негізгі функциясы, яғни, сандық көрсеткіштерді шығарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдіру бағыты өзгермеген.
Қазірдің өзінде біздің қызметіміз бен міндеттерімізге статистикалық байқау, топтастыру, орта шамалар, өзгеру индекстері, корреляциялар және тағы да басқа әдістерді қолдану арқылы мәліметтерді жинақтап, статистикалық қорға енгізіп отыру кіреді. Соның арқасында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының салыстырмалы көрсеткіштерін екшелеп, халық шаруашылығын өркендетуші кәсіпорындардың нақты мәліметтерін бақылауға алып, тиімді, қайтарымды бағдарламаларды болжамдауға ықпал етеді.
Бүгінде ұжымымызда экономика, ауылшаруашылығы, құрылыс, сауда және демография бағыттары бойынша өз ісін білетін, тәжірибелі сегіз маман еңбек етеді. Олар – Ғалия Балтабаева, Сәуле Дүйсенғалиева, Айжан Нуралиева, Әлия Мергенбаева, Әлия Сарбопина, Мади Қасымов, Альбина Рахманова және Айман Рысбаева. Аудан халқының еңбекпен қамтылуы және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, білім, денсаулық сақтау, баға, инвестиция және құрылыс ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп өндірісі, мәдениет, қызмет көрсету, демография, сауда тағы басқа сала жөнінде жедел ақпарат қалыптастыру осы кәсіби мамандардың еңбегінің арқасы.
– Соңғы жылдары еліміздегі салаларда өзгерістер орын алуда. Бұл ретте туындаған сұрақ статистика жүргізу жұмысында жаңашылдықтар бар ма?
– Иә, әрине, заман ағымына сай статистика жүйесі де өзгеріп, бекітілген стандарттарға сәйкес дамып келеді. Әсіресе, бүгінде заманауи цифрлы технологиялар әр азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді, олар күн өткен сайын өміріміздің түрлі саласын көбірек қамтып келеді. Әлбетте, бұл бізге де қатысты.
Соңғы жылдары статистика жүйесі толық цифрландыру жүйесіне көшіп келеді. Барлық есептер мен байқаулар электронды форматта қабылданып, өңделеді. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, деректердің нақтылығын арттырады. Сондай-ақ бізге онлайн сауалнамалар мен мобильді қосымшалар арқылы мәлімет жинау кеңінен енгізілді.
– Таяуда ауданымызда ауыл шаруашылығы бойынша санақ өткен еді. Соның нәтижесіне тоқталсаңыз. Бұл санақтың қандай қажеттілігі бар?
Жалпы санақтың екі түрі бар. Ол – халық және ауыл шаруашылығы санақтары. Халық санағы демографиялық көрсеткішті біліп отыру үшін керек болса, ауыл шаруашылығы бойынша есеп жүргізудің негізгі мақсаты экономиканың аграрлық секторының дамуын болжау мақсатында ауыл шаруашылығының нақты жағдайы туралы толық ақпарат алу болып табылады.
Жиналған деректер ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеуге, іріктемелік бақылаулар мен бір реттік есепке алуды жүргізу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілердің жалпы санын жаңартуға көмектеседі.
Ағымдағы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы санағы маусым айында басталды. Нақты айтқанда, маусым айының 1-30 аралығында алдын ала аралау (листинг) жүргізілді. Мұнан кейін 1 тамыз бен 31 қазан аралығында санақтың бірінші кезеңі онлайн түрде, екінші (негізгі) кезеңі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында оффлайн түрде жүргізілді. Бұл жұмыстарға 18 нұсқаушы, 70 интервьюер тартылды. 2169 шаруа-фермер, ауыл шаруашылығымен айналысатын мекемелер, 34430 үй шаруашылығы санақтан өтті.
– Жыл сайын сіздер ауданға қатысы бар сандарды сөйлетіп, атқарылған жұмыстың қорытындысын көрсетіп отырасыздар. Биылғы жылдың тоғыз айының көрсеткіштері қандай?
– Биылғы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ауданымыздың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі – 515 млрд. теңгеге жетіп, 3,7%-ға өсті, 141 млрд.теңге инвестиция тартылып, 3%-ға артты, құрылыс жұмыстарының көлемі – 46 млрд. теңгеге жетіп, 9,6%-ға өсті, бөлшек тауар айналымы 182 млрд.теңгеге орындалып, 9,0%-ға, көтерме тауар айналымы 171 млрд. теңгеге жетіп, 71,3%-ға өсті.
Бүгінгі күнге бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 109 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,9%-ға ұлғайды.
Ауданға келуші жаңа инвесторлар қызушылығы да артып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға тартылған инвестицияның 85%-ы, жеке меншік инвестициялар есебінен жүзеге асырылды. Бұл – ауданның инвестициялық тартымдылығы жоғары, бизнес жүргізу үшін қолайлы өңір екенін көрсетеді. Аталған кезеңде 10-ға жуық ірі жобалар іске асырылып, шамамен 2300 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қарасай ауданында ірі бизнеспен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікте қарқынды даму үстінде. Қазіргі таңда ауданда 41 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, онда 67 мың адам жұмыспен қамтылды.
Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары басты назарда, «2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 18,3 млрд теңгені құрайтын жобалар бойынша 69 кәсіпкерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
Халық саны да тұрақты өсіп келеді. Соңғы көрсеткіштер бойынша, аудан тұрғындарының жалпы саны 366 мың адамға жеткен. Бұл – Қарасай ауданының әлеуметтік әлеуетінің артып келе жатқанының дәлелі.
– Жұмахан Берденқызы, әңгімеміздің соныңда дәл қазір атқарып жатқан жұмыстар жайлы да айтып өтсеңіз?
– Қазіргі таңда басқармада ағымдағы есептерді жинақтау, әлеуметтік-экономикалық мониторинг жүргізу және 2025 жылғы негізгі көрсеткіштерге талдау жасау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар келесі жылғы статистикалық жоспарды әзірлеу және кәсіпорындармен онлайн байланыс орнату бағытында жұмыстар атқарылуда.
– Жұмахан Берденқызы, берген сұқбатыңызға рақмет. Сіздердің күнделікті тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз біздің аймақтың тұрақты дамуының кепілі. Сондықтан Сізді және ұжымыңызды алда келе жатқан Статистика күнімен құттықтаймыз! Ұжымдарыңызда береке-бірлік, отбасыларыңызда тек қуаныш болсын деп тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
