Қарасай ауданы бойынша ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында атқарылған жұмысқа байланысты тұрғындар алдындағы есеп беру жиындардың соңғысы Іргелі ауылдық округінде өтті. Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек жүргізген басқосуға тиісті бөлім басшылары, аурухана, прокуратура, полиция секілді мекеме өкілдері және округ тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында алдымен Бексұлтан Ақылбекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде, сондай-ақ Іргелі ауылдық округі бойынша биылғы жылы атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен айтып өтті. Әкім орынбасарының мәліметіне сүйенсек, бүгінде аудан тұрғындарының жалпы саны 366 мыңға жетсе, оның 41 529-ы Іргеліде тұрақтанған. Округ құрамына Іргелі, Кемертоған, Көксай ауылдары кіреді.
Атқарылған жұмыстарға келер болсақ, биыл «Асыл Арман» тұрғын үй кешені маңында 2000 орындық «Nomad International School» мектебі ашылды. Кемертоған ауылындағы «Жайлы мектепке» және «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі жаңа мектепке баратын жолдар толық жарықтандырылды. Көксай ауылындағы Наурызбай батыр көшесіне жарық шамдары орнатылды. Іргелі ауылында бұқаралық спортты дамыту мақсатында Street Workout алаңы пайдалануға берілді.
Үш ауылдың 27 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ақжол көшесінің арық желісі жаңартылған. Аумағы 1700 шаршы метр зираттың маңы қоршалды.
Бүгінгі күні Қарасай ауданындағы 31 елді мекеннің 139 көшесіне (117,7 шақырым) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда, бұл тізімге Іргелі ауылдық округінің көшелері де кіреді. Сонымен қатар Кемертоған ауылында ауыз су жүйесін жаңғыртудың бірінші кезеңіне жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Аудан бойынша 14 елді мекеннің электр желілерін жаңарту жобалары дайындалып, бюджеттік өтінім берілді, оның ішінде Кемертоған ауылы да бар. Осы және өзге де Іргелі ауылдық округі бойынша атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары Б.Ақылбек оқыған баяндамасында кеңінен айтып берді. Мұнан соң сөз кезегі тұрғындарға беріліп, олар өздерін мазалаған мәселелер бойынша сауалдарын қойды.
Мәселен, округке қарасты Көксай ауылының тұрғыны мектеп пен демалыс орны мәселесін көтерді. Оның айтуынша қазіргі уақытта ауылда орналасқан 900 орындық мектепте 2700-ден астам оқушы білім алуда. Бала санына байланысты мектеп басшылығы кейбір дәліздер мен киім ауыстыратын жерлерді сыныптарға айналдыруға мәжбүр болған. Осы ретте жергілікті тұрғын Көксайда жаңа мектеп салу үшін бос жерлердің өте аз болғандығынан, аталған білім ордасының артында орналасқан спорт алаңын қолданып, соның орнына қосымша 600 орындық жапсаржай салуды ұсынды. Бұдан бөлек ол ауылдағы Арай Қожабекова атындағы көшеде кейбір жерлерді адамдар заңсыз алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандығын тілге тиек етіп, аудан әкімінің орынбасарынан аталған мәселеге назар аударуын өтінді. Заңсыз алынған жерлерді мемлекетке қайтарып, орнына саябақ немесе шағын сквер салуын сұрады. Алғашқы өтініш бойынша Бексұлтан Ақылбек өзі әлеуметтік салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары болғандықтан, ол жағдайды білетінін және де осы уақытқа дейін бірқатар шешу жолдарын қарастырып та көргенін айтты. Алайда зерделеу жұмыстары барысында Көксай мектебінің жанында бұған дейін жапсаржай салынғандықтан, тағы қосымша ғимарат тұрғызу болмайтындығы белгілі болған. Себебі бұл құрылыс нормалары мен ережелеріне және санитарлық талаптар мен ережелерге сәйкес келмейді. Сондықтан қазіргі уақытта ауылдың аумағынан бос жер телімі іздестірілуде екенін жеткізді. Ал екінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасыры назарға алып, қарастыратынын айтты.
Тағы осы ауылдың бір тұрғыны ауылдағы Мәдениет үйіне «Қыз Жібек», «Менің атым – Қожа», «Қан мен тер» секілді киноларда ойнаған Халық әртісі, танымал актер Кененбай Қожабековтың атын беру мәселесін көтерді. Бексұлтан Ақылбек бұл бойынша дәл қазір жауап бере алмаса да, алдағы уақытта міндетті түрде қарастыратынын жеткізді.
Ал 2014 жылы округтегі Мәдениет үйінде «Лидер» атты ұзақ өмір сүру орталығын ашқан 73 жасар азаматша оған ағымдағы жылдың қазан айында жалға алып отырған бөлмені босатсын деген хабарлама келгенін сөз етті. Оның айтуынша, аталған орталық округтің зейнеткерлеріне арналған жалғыз мекеме. Егер де ол жабылатын болса, орталыққа келіп, дене шынықтырумен айналысып, өзімен қатарластармен әңгімелесіп, көңіл көтетін ардагерлерге қиын болады. Сондықтан ауыл тұрғыны Бексұлтан Ақылбекұлынан мұны қарастырып, мәселені өз пайдасына шешеп беруін өтінді. Аудан әкімінің орынбасары тұрғыннан аудан әкімінің атына арыз жазып қалдыруын сұрады, соған сәйкес ол аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе мәселені шешу жолдарын іздестіретінін айтты.
Кездесу барысында маңызды мәселерді көтергендердің қатарында Раушан есімді округ белсендісі де болды. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Кемертоған ауылын сумен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жоба қолға алынған. Ол үшін бюджеттен қаражат бөлініп, жобалық-сметалық құжаттама жасалып, ол сараптамадан өткізіліп, қорытындысы алынған. Алайда барлық бастапқы жұмыстар аяқталғанымен, жоба әлі де іске асырылмаған.
Бүгінде Кемертоған ауылының бірқатар тұрғындары электр энергиясын жекеменшік трансформаторлық қосалқы станциядан алып отыр. Ал ол ескіргендіктен, жарықтың өшуі жиелеп кеткен. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан аталған қосалқы стансаны «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ балансына аудару туралы өтініштер айтылған. Бірақ әлі шешім жоқ.
Бірінші сауал бойынша жиынға арнайы келген Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрлан Өмірханұлы жауап берді. Маманның мәлімдеуінше, 2024 жылдың желтоқсан айында су бойынша жоба жасалып (оның жарамдығы 3 жыл), қаңтар айында облыс тарапынан республикалық бюджетке өтінім жіберілген. Алайда жобаны іске асыру үшін тиісті қаражаттың соммасы үлкен болғандықтан, ағымдағы жылы бөлінбеген. Егер келер жылы да республика ақша бөлмесе, онда өзге қаражат көздері қарастырылады. Бұл ретте Нұрлан Өмірханұлы аталған мәселені өз қолына алып, келер жылдың басынан бастап шешу жолдарын іздестіретінін жеткізді. Ал жарық мәселесіне қатысты Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің және «Алатау Жарық Компаниясының» өкілдері жауап беріп, трансформаторлық қосалқы стансаны балансқа алу жұмыстары аяқталуға жақын екенін мәлімдеді. Яғни, қазіргі уақытта ол бойынша мемлекеттік акт дайын, тек оның иесі қажетті құжаттарды толық өткізіп, осы уақытқа дейін жиналған қарызын өтесе болғаны. Осы жұмыстар толығымен біткенде, қосалқы станса АЖК-ның балансына беріледі. Әрі қарай ескірген станса жөндеуден өткізіледі немесе жаңасы орнатылады.
Өтініш-тілектерін білдіргендер қатарында «EcoJurekAlmaty» қозғалысының өкілдері де болды. Олар таяуда Көк-Лай-Сай тауының аумағында сенбілік жұмыстарын жүргізіп, 400 қап қоқыс шығарған. Бұл ретте экоеріктіліер аудан әкімінің орынбасырнан алдағы уақытта да осындай бастамалар бойынша қолдау көрсетуін сұрады. Бексұлтан Ақылбекұлы мұндай жұмыстардың көптеп жүргізілуіне Қарасай ауданының әкімдігі әрқашан көмек көрсететінін айтып, жиналған округ тұрғындарын алдағы ауқымды сенбіліктерге атсалысуларын сұрады.
Жалпы есептік кездесуде қатысушылар жоғарыда аталғандардан бөлек өзге де бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сұрақ қоюшылар саны көп болғандықтан, жиын соңы Бексұлтан Ақылбекұлының жеке қабылдауына ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
