Ағымдағы жылдың 8 қаңтарында, өздеріңіз білетіндей, Қаскелең қаласындағы көп пәтерлі үйлердің бірі оқыс оқиғаға тап болып, қайғылы жағдай орын алған болатын. Жұртшылықты алаңдатқан ауыр жағдайға байланысты 14 қаңтарда Алматы облысы әкімінің өкімімен «Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы көп пәтерлі тұрын үйлердің газбен жабдықтау жүйелерін тексеру бойынша комиссиясы» құрылып және оның төрағасы Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров болып бекітілгенін айта кеткен жөн.
Бір апта бұрын осы аталған топтың мүшелері аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында жиналып, тұрғын үйлерге тексеру жүргізу бойынша ойларын ортаға салды. Жиынды жоғарыда аталған комиссия төрағасының сенімді өкілі, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бағлан Тәнікенов жүргізіп, басты мәселеге қатысты ойын білдірді. Сондай-ақ, бұл басқосуға комиссия мүшесі ретінде аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әшімбай мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Ермек Нәбиев те қатысты. Комиссиялық топтың құрамында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының, «ЖетісуОблГаз» ЖШС-нің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨБ-ның, одан бөлек, Алматы облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық реттеу және метрология комитеттері бойынша, сонымен қатар, төтенше жағдайлардың департамент өкілдері бар.
Өз кезегінде аты аталған комиссия мүшелері барлығын алаңдатқан жағдайды негізге ала отырып, кейбір мәселелердің басын ашып алуды алға тартты. Жалпы, комиссия құрамындағы азаматтардың ойлары бір жерден шықты. Яғни, көп пәтерлі тұрғын үйлердегі газбен жабдықталған жылу жүйелерін жою туралы ұсынымды қолдай келе, блокті-модульдік қазандықтарды орнату керектігі сөз етілді. Осылайша барлығы Қаскелең қаласындағы Төле би көшесінің бойында орналасқан көп пәтерлі үйлердің біріне барып, жағдайына көңіл бөліп, сол жердегі тұрғындармен жақын тілдескен еді. Жиналған көпшіліктің көбісі блокті-модульдік қазандықтың қажетсіз екенін айтып, жаппай наразылықтарын білдірді. Өз кезегінде комиссияның жұмысына жауапты Бағлан Сағындықұлы бұл жылу жүйесі қауіпсіз екенін түсіндіргенімен, тұрғындар сонда да ешқандай көмекке мұқтаж еместігін кесіп айтты. Сондағы пәтер иелерін алаңдатқан жағдай – тұрғын үй маңайының құрылысы өзгеріп, балаларға арналған ойын алаңының жойылып кетуі. Мұны ескерген жауапты саланың өкілдері ондай өзгерістер орын алмайтынын айтып жатса да, айғайға басқан көршілер қазандықтан үзілді-кесілді бас тартуларын тоқтатпады. Бір шешімге келе алмаған комиссия мүшелері тексеріс жұмысын оқыс оқиға орын алған Қарасай батыр көшесіндегі №4 үйді аралаумен жалғастырып, қазіргі жай-күйімен танысуды жөн көрді. Сондай-ақ, осы аумақта орналасқан тұрғын үй пәтер иелерімен де кездесіп, оларға блокті-модульдік қазандықты орнату жөнінде жұмыстарын түсіндірді. Ол жақтағы көршілер мұндай жылу жүйесі шынымен де, қажет екенін айтып, қарсылық танытпайтындарын жеткізді.
Тексеру жұмыс барысының соңында комиссия мүшелері алдағы уақытта әлі де бірқатар мәселелерді талқылау қажеттігін айтып, толық құраммен жақын арада тағы да кездесуге уағдаласты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.