Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада Америка Құрама Штаттарына арнайы сапармен барып, екі елдің арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту, экономикалық-инвестициялық саланы арттыру мақсатында бірнеше келіссөздер жүргізіп, кездесулер өткізді.
Ел Президентін Вашингтонның әуежайынан АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау қарсы алып, күтіп алды. Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы осы елде оқитын қазақ студенттерімен кездесті. Отандастарымызбен азды-кем әңгімелесіп, білім қуған жастарға сәттілік, табыс тіледі.
Алғашқы кездесу Дональд Трамп Әкімшілігінің өкілдерімен өтті
Екі елдің достығын арттыру мақсатындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтондағы сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды.
Бұл басқосу барысында қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, мемлекетіміз АҚШ-пен түрлі деңгейде белсенді саяси байланыс орнатқан әрі сан қырлы ынтымақтастықты тереңдету бойынша конструктивті диалог жүргізуге дайын.
Қазақстандық ІТ стартаптар
таныстырылды
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары кезінде халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Нақты айтқанда, бұл басқосуға жалпы құны 1,4 миллиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысты. Бұл ұлттық ІТ экожүйесінің инновациялық әлеуетін танытады.
Бұл басқосу барысында Мемлекет басшысына еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныстырылды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлына «Silkroad Innovations» технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.
Ел Президенті өз сөзінде жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.
– Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Америкалық конгрессмендерді қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездесті.
Әңгімелесу барысында Президентіміз АҚШ Конгресі Қазақстанмен достық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды.
АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы.
Одан бөлек Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі.
Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір орайлы сәтті пайдаланып, Америка парламентінің өкілдерін екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстанға сапарлап келуге шақырды.
«Chevron» корпорациясы ауқымдыжобаларды жүзеге асыруда
Мемлекет басшысы Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы мұнай мен газды игеру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға «Chevron» корпорациясының қосқан үлесі жоғары екенін айтып, баға берді. Сондай-ақ Қазақстан тарапының шикізатты өндіру, өңдеу және тасымалдау салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
Америкалық сенаторды «Достық» орденімен марапаттады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық сенатор Стив Дэйнсті қабылдап, ізгі ілтипатын білдірді.
Республикалық партиядан сайланған сенатормен кездесуде қазақ-америка қатынастарын нығайтуға парламенттік дипломатияның қосқан үлесі талқыланды.
Мемлекет басшысы АҚШ сенаторының Қазақстанға шынайы тілектес екенін атап өтіп, Республика күніне орай Конгрестің ресми мәлімдеме жасағаны үшін ризашылық білдірді. Бұл – елдеріміз арасындағы бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктестіктің дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стив Дэйнс екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, қос халықтың игілігі үшін Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.
Кездесу соңында Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
«John Deere» компаниясымен ынтымақтастық оң нәтиже беріп отыр
Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «John Deere» компаниясының ТМД және Орталық Азия елдері бойынша президенті Чабо Лейкомен кездесті
Әңгімелесу кезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «John Deere» компаниясымен серіктестікті заманауи және тиімді ауыл шаруашылығы кешенін дамытуға ортақ ұмтылысты көрсететін өндірістік кооперацияның табысты үлгісі деп атады.
Сондай-ақ Президент «John Deere» компаниясының Қазақстанның «Агромаш» зауытымен серіктестік орната отырып, агроөнеркәсіп кешеніне арналған техника өндірісінің локализациясы туралы қабылдаған шешімін қолдады. Бұл ынтымақтастық қазірдің өзінде оң нәтиже беріп отыр.
Өндіріс іске қосылған биылғы мамыр айынан бері 290 бірліктен астам техника құрастырылған. Жыл соңына дейін тағы 100 техника шығарылады деп жоспарлануда.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында жалпы құны 2,5 миллиард долларға бағаланған Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылғанын құптады.
Құжат бойынша «АгромашХолдинг KZ» АҚ 5 жыл ішінде кем дегенде 3 мың «John Deere» ауыл шаруашылығы техникаларын өндіруді, кемінде 3 сервис орталығын ашуды, сондай-ақ мамандарды оқыту жүйесін дамытуды қарастырады.
Америкалық басылымдарға сұхбат берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары барысында «The Washington Post» және «The New York Times» секілді танымал америкалық басылымдарға сұхбат берді.
Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастыққа, Америкаға сапарының мәні мен маңызына, Дональд Трамп жүргізіп отырған саясатқа, әлемдегі геосаяси жағдайға, Украина төңірегіндегі ахуалға және басқа да мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.
Ақ үйдегі Президенттердің кездесуі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Ақ үйдегі кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Дональд Трамптың президенттік лауазымының тарихи сипатына тоқталып, оның басшылығымен АҚШ әлемнің жетекші экономикалық, саяси және технологиялық державасы ретіндегі позициясын күшейтіп келе жатқанын атап өтті.
Президентіміздің айтуынша, Америка көшбасшысы жер жүзінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.
Ал Дональд Трамп өз сөзінде АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.
Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.
Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды.
Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Екі елдің басшылары Израиль Премьер-министрі сөйлесті
Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Бұл әңгімелесуде Қазақстан Республикасының Ибраһим келісімдеріне қосылуы сөз болды.
Мемлекет басшысы Президент Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды.
Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.
Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.
АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Дональд Трамп.
Ынтымақтастыққа жол ашқан саммит
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне де қатысты.
Президентіміз өз сөзінде Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит, шын мәнінде, Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.
– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Қазақстанның көшбасшысы.
Президент, сонымен қатар Қазақстан мемлекетінің Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.
Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады.
Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Тіпті, оларға өзі қолдау көрсетінін жеткізді.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
