Алғаш қарағанда сырт көзге қарапайым әрі оңай болып көрінуі мүмкін мамандықтың бірі – сот хатшысының жұмысы. Көбі бүгінге дейін сот мәжілісінің хатшыларына тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, хаттама жазып, іс құжаттарын реттеп отыратын жәй ғана маман деп қарайды. Алайда хатшы сотта қаралатын кез келген істің өндіріске дайындау сатыларына жауап беретін адам. Ол сот процесін белгілеу, ұйымдастыру, тараптарға хабарландыру жіберу секілді көзге көрінбейтін маңызды жұмыстарды атқарады. Сондай-ақ оның жасаған хаттамасы арқылы сот барысында айтылған нәрселердің бәрі қағаз бетіне жазылып, мұрағатқа жіберіледі.
Аса мұқияттылықты, тиянақтылықты талап ететін осындай жұмысты таңдап, оны аса жауаптылықпен атқарып келе жатқандардың бірі – Қарасай әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы Ельмира Шойбекова. Ауданаралық сотта 2020 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан Ельмира іскерлік қабілеттілігімен, тиянақтылығымен, жоғары моральдық қасиеттерімен бүгінде ұжымда абыройлы әрі сыйлы қызметкер болып отыр.
Күрделі, көп салалы, сөйте тұра қызықты мамандық иесі атанған Ельмира 1972 жылы 18 мамырда табиғаты әсем жер жанаты Жетісу (бұрынғы Талдықорған) облысындағы Жетісу ауылында қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген. Сегіз баланың ішіндегі кенжесі болған ол кішкентайыннан анасының көмекшісі, жауапкершілігі жоғары, әр нәрсеге тиянақтылықпен қарайтын, өзгелермен тез тіл табыса білетін белсенді қыз болып өскен. Соның арқасында білім ордасының қабырғасында оқып жүріп, сабақпен қатар түрлі іс-шараларға қатысып, мектеп белсендісі болған. Өзгелермен бірге мектептегі мерекелік кештерді ұйымдастыруға, мектеп газетін шығаруға атсалысқан. Кіші сыныптан бастап осындай нәрселермен айналысқандықтан болар Ельмира журналист болуды армандаған.
– Бала кезімде шығармашылыққа жақын болған-мын. Мектеп қабырғасына газет жасап жүріп, өскенде журналист боламын дейтінмін. Алайда ол жылдары еліміз біраз қиыншылықтарды бастап өткізіп жатқан кез еді. Сондықтан да болар болашағым үшін алаңдаған әке-шешем сол кездері құқық саласында істеп жүрген туыстарымызға қарап, аталған мамандықтың жағымды жақтарын көріп: «Болашағынды заңмен байланыстырғаның жөн» – деп кеңес берді. Бәлкім, ата-анамның айтқан сөздері әрдайым жадымда жүргендіктен болар мектептен кейін басқа іспен айналыссамда айналып келіп, болашағымды құқық саласымен байланыстырдым, – дейді кейіпкеріміз.
Ата-анасының ақылына құлақ асқанымен біраз ойлана келе, мектепті тәмамдағаннан кейін бірден жоғарғы оқу орнына түспей, сол кездері танымал болған жазуға арналған машинканы қолдануды үйрететін курсты оқып шыққан. Оны бітірген соң уақытша Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысының облыстық сотына машинист болып жұмысқа кірген. Қашанда өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқара білген Ельмираның жұмыс бабындағы қарым-қабілеті ескерусіз қалмай басшылығы мен ұжымдағы үлкен әріптестері «құқықтану» мамандығының дипломын алып, сотқа хатшы ретінде жұмысқа орналасуға кеңес берген. Сөйтіп, ол 1991 жылы Талдықорған қаласында орналасқан заң техникумына оқуға түсіп, «құқықтану» мамандығын алып шығады. Қолына дипломын ала салып 1993 жылы осыған дейін істеген облыстық сотқа сот отырысының хатшысы болып жұмысқа орналасады. Осы жерде еңбек етіп жүріп, болашақ жұбайы Бақытжан Сабденбаевты кездестірген. Уақыт өте келе екеуі өмірлік жолға бірге қадам басып, шаңырақ көтерген.
Сол жылдары мемлекеттік қызметте нақтырақ айтқанда, -облыстық салық басқармасында қызмет етіп жүрген күйеуі жұмыс барысымен Лепсі ауданына ауыстырылыпты. Өзі бір қалада, жұбайы бір қалада болғанын қаламаған Ельмира мұндағы жұмысын тастап, Лепсіге көшіп барады. Жай үй шаруасында отырған әйел болғысы келмегендіктен, оған қоса күйеуінің бір жағына шығысып көмектескісі келгендіктен 1997 жылы Кербұлақ ауданының сотына маман-хатшы болып орналасқан. Жұмыс істеп жүріп біліктілігін арттыру мақсатында 2007 жылы Талдықорғандағы Жолдасбеков атындағы институтқа түсіп, оны да «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады. Аудандық сотта 23 жылға жуық жұмыс жасап, осы жерден зейнеттік демалысқа шығамын деп ойлап жүргенде жалғыз қыздары Алматыға жоғарғы оқу орнына түскісі келетіндігін айтқан.
Қыздарының өтінішіне «жоқ» дей алмаған ата-анасы 2020 жылы Қарасай ауданына қарасты Райымбек округіндегі Абай ауылына көшіп келеді. Алайда жаңа жерге көшіп келгенімен бос отыруды ұнатпайтын Ельмира жұмыс істеуге бел буып, бірден Қарасай әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына хатшы ретінде орналасады. Бүгінде ол осында бас маман-сот мәжілісінің хатшысы болып еңбек етуде.
Сот хатшысының жұмысы жауапты да маңызды жұмыс. Осы мамандық иесінен сот отырысының хаттамасын жазуда жылдамдық, есте сақтай білу, ұғыну, тез қорытынды жасау сынды қасиеттің болуын қажет етеді. Бүтін бір адамның өмірімен байланысты саладағы қызмет қателікті кешірмейді. Дегенмен Ельмира 30 жылға жуық еңбек тәжірибесінде атына сын келтірмей, өз міндетін лайықты атқара білген жан.
– Сот хатшысының жұмысы бір қарағанда оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл салады істейтіндер оның қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Жалпы сот саласындағы қауырт жұмыс сот хатшыларының көзге көрінбейтін, тынымсыз тірлігінен басталады. Әсіресе, сот отырыстарынан толыққанды хабар беретін, судьяның біліктілігін, еңбегін нақты көрсететін хаттама жазуда үлкен шеберлік керек. Өйткені, қағазға басылған хаттама мұрағаттық жұмыс қана емес, сот жұмысының көрсеткіші, айнасы десек болады. Хаттамалардың дер кезінде толтырылып, сауатты жазылуы сот хатшысынан сауаттылықты, тыңғылықты еңбекті талап етеді.
Әрине технология арқасында бұрындары қолмен жазылатын хаттамалар қазір аудио-бейне жазбасы арқылы көшіріліп дайындалады. Дегенмен хаттаманың ішіндегі барлық ақпаратқа хатшы жауап береді. Қате кетсең заң тұрғысынан жазаланасың. Сондықтан хатшының жұмысында аса мұқияттылық қажет, – дейді бас-маман.
Еңбекте абыройлы, өз ортасына сыйлы Ельмира Жетпісбайқызы 30 жылдық сот ісіне сіңірген еңбегі елеусіз қалған емес. Қай кезде де біліктілік танытып жүретін ол бүгінде басшылығы мен ұжымы тарапынан құрметке бөленіп, жұмысы әркез жоғары бағаланатын мамандардың бірі болып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.