Осыдан бір жыл бұрын еліміздегі озық білім ордаларының бірі – SDU университетінің аумағында жаңа оқу корпусының іргетасы қаланған еді. Бүгін дәл осы құрылыс нысаны пайдалануға беріліп, жасанды интеллект зерттеулеріне арналған жаңа блок ретінде ашылды.
Аталған жобаға Freedom Holding Corp. Компаниясы қаржылай қолдау білдіргендіктен, ынтымақтастықты арттыру мақсатында жаңа оқу корпусы SDU & Freedom жасанды интеллект блок ретінде қолданысқа берілді.
Оқу ордасының ішіндегі ерекше ғимараттың ашылуына арнайы түрде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин сияқты университеттің түлектері және Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Құрметті қонақтар алдымен SDU универсиеті ұйымдастырған көрмені тамашалады. Мұнда оқу ордасында білім алатын өнертапқыштардың жетістіктері таныстырылды. Одан кейін меймандар жаңа блоктың ашылуына орай, яғни жасанды интеллекттің қазіргі әлеуеті жайлы ой-пікірлерін ортаға салып, студенттерге ізгі тілектерін білдірді.
«SDU University-де жасанды интеллект бойынша жеке блоктың ашылуы заманауи технологияны зерттеу, дамыту және қолдану саласында жаңа деңгейге көтерілуге мүмкіндік береді, сондай-ақ еліміздің экономикасы үшін үлкен маңызға ие. Бұл жобаға біздің қолдауымыз – жай ғана инфрақұрылымға салынған инвестиция емес, ертең әлемді өзгертетін жас таланттарға жасалған инвестиция. Біз технологияның күшіне және Қазақстанның ғаламдық цифрлық трансформацияда атқара алатын рөліне сенеміз», – деді Тимур Турлов, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры.
Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жасанды интеллект блогының құрылуы еліміздің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылатынын айтты.
«Бұл жоба студенттер мен зерттеушілерге болашақ технологияларын терең зерттеу және қолдану үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мемлекет ғылым мен білімді дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайды, және біз SDU университеті цифрлық технологиялар саласында Қазақстанды алдыңғы қатарға шығаратын мамандарды даярлайтын басты алаңдардың біріне айналады деп сенеміз. Мұнда жаңашыл идеялар мен инновациялық жобалар туындайтынына күмәнім жоқ», – деді министр Саясат Нұрбек.
SDU University ректоры Әлімжан Игенбаевтың сөзіне сүйенсек, SDU University IT, инженерия, педагогика, құқық, әлеуметтік ғылымдар және бизнес салаларында сұранысқа ие мамандарды 30 жылға жуық уақыт дайындап келеді. Сондықтан халықаралық серіктестермен, академиялық институттармен және бизнес қауымдастығымен ынтымақтастық аясында даму перспективаларын айқын байқалады.
«Жаңа блок студенттердің әлеуетін арттырып, олардың стартаптарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. Бұл жаңа нысан – өңіріміздегі білім мен ғылым саласын дамытудағы үлкен қадам деп білеміз», – деді университет ректоры.
Сондай-ақ құрметті қонақтар лента қию рәсімінен кейін оқу корпусының ішін аралап, жасанды интеллект технологияларын дамытуға арналған зертханалар мен қаржылық сауаттылықты артыруға бағытталған шағын орталықтардың мүмкіндіктерімен танысты.
Айта кетейік, SDU қабырғасындағы жаңа оқу блогы Freedom Holding Corp. компаниясының «Freedom Шапағат» қайырымдылық қорының демеушілігімен салынды. Жалпы аумағы – 5,6 мың шаршы метр. Мұнда жасанды интеллект технологияларын дамытуға және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған зертханалар орналасқан. Сондай-ақ интерактивті орталықтар құрылып, студенттер қауымы Freedom Academy сарапшыларынан инвестициялау және трейдингтің негізгі қағидаларын үйрене алады. Жаңа ғимарат түрлі бағыттағы тақырыптық іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда тек сапалы білім алуға ғана емес, сондай-ақ жайлы демалыс аймақтарын құруға да жағдай жасалған.