2025 жылдың 14 наурызында SDU University-де Алматы қаласының мектеп және колледж директорларына арналған «Тиімді басқару нұсқаулығы: Тәжірибе. Стратегия. Әрекет» атты ауқымды форум өтті. Іс-шараға 370-тен астам білім беру мекемесінің басшылары, сарапшылар мен тәжірибелі мамандар қатысты.
Форум аясында қатысушылар білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған инновациялық тәсілдер мен басқару стратегияларын талқылады. Спикерлер басқару модельдері, оқу орны мәдениетін қалыптастыру, жасанды интеллекттің білім беру саласындағы рөлі туралы өзекті мәселелерді қозғады.
Форумның негізгі спикері ретінде “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” ХҚҚ Бірінші вице-президенті Ержан Аубакиров «Оқу орнындағы менеджмент: басқарудағы заманауи бизнес-модельдер» тақырыбында сөз сөйледі. Білікті басшы қазіргі білім беру ұйымдарында қолдануға болатын басқарудың озық бизнес-модельдері туралы айтты. Ол білім беру мекемелерінде тиімді менеджментті енгізу арқылы оқыту сапасын жақсарту, мұғалімдердің мотивациясын арттыру және оқушылардың жетістіктерін еселеу жолдарын көрсетті.
SDU University ректоры Әлімжан Игенбаев оқу орнындағы көшбасшылықтың маңыздылығына тоқталып, тиімді қарым-қатынас орнату арқылы білім беру сапасын арттыруға болатынын атап өтті. Сондай-ақ, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастырудың тиімді әдістерімен бөлісті.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” ХҚҚ Зерттеу және дамыту бөлімінің меңгерушісі Нурлан Имангалиев білім беру саласындағы жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін ашып көрсетті. Ол автоматтандырылған оқу процестері, деректерді талдау және жеке оқыту траекторияларын қалыптастыруда жасанды интеллекттің рөлі туралы тәжірибелік мысалдар келтірді.
Форум тек теориялық ақпаратпен шектелмей, тәжірибемен бөлісуге және білім беру мекемелеріндегі басқару тәсілдерін жетілдіруге мүмкіндік берді. Қатысушылар жаңа идеялар мен практикалық шешімдерді талқылап, болашақтағы өзгерістерге бағыт-бағдар алды.
Бұл форум білім беру саласындағы көшбасшылар үшін құнды тәжірибе алаңы болды. Қатысушылар бірлесіп әрекет ету арқылы білім берудің болашағын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.